Дәрігер-инфекционист аудандағы науқастардың жағдайын баяндады
![](/uploads/posts/2020-04/1587555050_f46cbc23-2250-4026-9f7f-906353a0a9c8.jpg)
Науқастардың қазіргі ахуалын білу үшін "Арал ауданаралық ауруханасының" жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты инфекционист Жолдасбай Жақсылықовқа хабарласқан едік. Дәрігер науқастардың жағдайы туралы айтып берді.
– Аудан бойынша анықталған төрт науқастың да жағдайы қанағаттанарлық. Стандартқа сай ем қабылдап жатыр. Дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қолданғандықтан науқастар ауруға төтеп бере алды. Қазір көңіл күйлері жақсы. Дене қызулары жоқ. Жөтелу байқалмайды, – деген дәрігер емделушілерден жақын күнде екінші және үшінші талдау алынатындығын айтты.
– Жоспар бойынша 14 күн ем қабылдаған соң науқастардан екінші қан талдауы алынады. Мұнда ауру анықталмаса тағы үшінші мәрте алынған талдаудан соң барлығы жақсы болса, онда ауруханадан шығаруға дайындайтын боламыз, – деді.
Сондай-ақ науқастарға тікелей ем жасап жатқан мидицинасаласы қызметкерлерінің де барлық қажеттіліктермен қамтылғандығын айтқан Жолдасбай Жақсылықов ешқандай шағым жоқ екендігін жеткізді.
Назерке Маратқызы