Борышкердің туысы коллекторларға жауап беруге міндетті ме?
Бүгінде банктен немесе микроқаржы ұйымынан кредит алғанда жеке телефон нөмірін ғана емес, туыстар мен достардың байланыс мәліметтерін де көрсету керек. Заң бойынша ондай адамдар "банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредиторға міндеттемелері арқылы байланысты болатын үшінші тұлға" болып саналады. Ал коллекторлар оларды мазалай алады. Бірақ заңның нақты талаптары бар. Sputnik Қазақстан коллекторлардың жұмысына қатысты негізгі шектеулерді ұсынады.
Бірнеше жолмен байланысқа шығуға болады
"Коллекторлық қызмет туралы" заңның 5-ші бабына сәйкес, коллекторлық агенттік борышкермен, оның өкілімен немесе үшінші тұлғамен бірнеше жолмен байланысқа шыға алады. Олар:
коллекторлық агенттіктің борышкерлермен байланыс жасауға арналған нөмірлерінен телефон арқылы сөйлесу;
жеке кездесу;
борышкерге тұрғылықты жері бойынша жазбаша пошталық хабарламалар жіберу;
ұялы байланыспен мәтіндік, дыбыстық және өзге де хабарлар жіберу;
интернет желісі арқылы өзара іс-қимыл жасасу;
Коллектор агенттіктің атауы және есептік тіркеу нөмірін, орналасқан жері, өзінің аты-жөнін және лауазымын айтуға міндетті. Содан кейін кредитордың атын, берешектің сомасын, сыйақылар мен өсімпұлдың мерзімін және сомасын көрсетеді. Қарызды қайтармаған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғанын да түсіндіре алады.
Коллектор қандай талаптарды сақтауға міндетті?
Заңда коллекторлардың қызметіне қойылатын нақты шектеулер де бар. Олар:
телефонмен жұмыс күндері сағат 8:00-ден 21:00-ге дейінгі уақытта үш реттен асырмай, қоңырау шалу;
борышкермен жұмыс күндері сағат 8:00-ден 21:00-ге дейінгі кезеңде күніне бір реттен, ал аптасына үш реттен асырмай кездесу;
борышкердің талап етуі бойынша берешек мөлшерін растайтын құжатты және коллекторлық агенттіктің берешекке қатысты қызметті жүзеге асыру жөніндегі өкілеттігін растайтын құжаттардың көшірмесін көрсету.
Коллектор өзара іс-қимыл процесін аудио немесе аудиотіркеуі бар бейнетехникаға жаза алады. Бірақ борышкерден, оның өкілінен немесе үшінші тұлғадан алынған құжаттар мен ақпараттың, соның ішінде банк құпиясы және заңмен қорғалатын өзге де дербес деректерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
Үшінші тұлғалар коллектормен сөйлесуден бас тарта ала ма?
Заң бойынша борышкер коллекторға жауап беруден бас тарта алмайды. Ал үшінші тұлғаларда ондай құқық бар. Олар коллекторлармен сөйлескісі келмесе, тұтқаны көтермеуіне болады.
"Коллекторлар борышкердің туған-туыстарына оның қай жерде жүргенін білу үшін хабарласа алады. Бірақ осы мәселе банк қарызы туралы келісімшартта көрсетілуі қажет", - дейді заңгерлер.
Коллекторды жауапқа тартуға бола ма?
Бүгінде Қылмыстық кодексте коллекторлық қызметпен тіркеусіз айналысқаны үшін, сол сияқты егер бұл әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе не ірі мөлшерде табыс табумен ұштасса ғана жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ коллекторлық қызметтің құпиясын жария еткені үшін ғана қылмыстық жаза бар.
Былтыр әділет министрлігі коллекторлық агенттік қызметкерлерін өз өкілеттіктерін теріс және асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынған. Осы шара заңдық сауатсыздыққа байланысты коллекторлық агенттік қызметкерлерінің қысымына және айла-шарғысына ұшырауы мүмкін азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Себебі халық тарапынан коллекторлардың заңсыз әрекетіне қатысты шағым көбейіп кетті.
Фото: gov.kz