Ресми құжаттар апостиль қойылып заңдастырылады
Халықаралық қарым-қатынастардың дамуына байланысты, бір мемлекеттің сот органдарынан шыққан құжатты екінші мемлекеттің аумағында ұсыну қажеттілігі туындап жатады. Осындай кездері, сот актісі ресми құжат мәртебесіне ие болуы үшін, яғни ол шет мемлекеттерге жолданар алдында міндетті түрде заңдастырылады, яғни апостиль қойылуы тиіс.
Апостиль дегеніміз - құжатқа қол қойған адамның қолын және оның өкілеттіктерін, сондай-ақ осы қағаз немесе электрондық нысандағы құжат бекітілген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын растайтын арнайы мөртаңба.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының 2020 жылғы 13 сәуірдегі № 13 бұйрығымен бекітілген "Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою" жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары осы мемлекеттік қызметті көрсету тәртібін айқындайды.
Онда, қызмет көрсету процесінің сипаттамалары, нысаны, мазмұны мен нәтижесі, сондай-ақ өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі қамтылған.
"Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою" жөніндегі мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі және оның облыстардағы, республикалық маңызы бар қалаларда және астананың аумақтық бөлімшелері көрсетеді.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін жеке және заңды тұлғалар көрсетілетін қызметті берушіге "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" арқылы қағаз тасығышта не "электрондық үкіметтің" веб-порталы www.egov.kz арқылы электронды түрде, не Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігінің кеңсесі арқылы аталмыш Қағидаларға берілген қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініштерін төмендегідей құжаттарымен бірге береді.
Қызметті берушіге немесе Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде:
өтініш; жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін); апостиль қою үшін ұсынылатын сот органдарынан шығатын ресми құжат;
көрсетілетін қызметті алушының мүдделерін үшінші тұлға білдірген жағдайда, нотариалды куәландырылған сенімхат (салыстыру үшін);
мемлекеттік баждың бюджетке төленгенін растайтын құжат (ЭҮТШ арқылы төленген жағдайларды қоспағанда).
Ал, портал арқылы жүгінген кезде: ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық өтініш; апостиль қою үшін ұсынылған құжаттың электрондық көшірмесі; мемлекеттік баждың бюджетке төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (ЭҮТШ арқылы төленген жағдайларды қоспағанда);
Азаматтар үшін әкімшілік кедергілерді жеңілдету мақсатында сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою бойынша мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстары оңтайландырылған. Оңтайландыру процесі көрсетілетін қызметті алушылардың мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған және апостиль қойылған құжаттарды барынша қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді.
Құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап қызмет көрсету мерзімдері: портал арқылы жүгіну жағдайында
-1 жұмыс күнін; облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада орналасқан Мемлекеттік корпорация филиалдарының бөлімдеріне - 1 жұмыс күнін; Мемлекеттік корпорация филиалдарының басқа бөлімдеріне - 5 жұмыс күнін құрайды. Құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Мемлекеттік қызмет ақылы түрде көрсетіледі. Әрбір апостиль қойылатын құжат үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік баж алынады.
Апостильденген құжат кез-келген басқа аттестациялауды немесе өзгедей заңдастыруды талап етпейді.
Т.ТЛЕУБАЕВА,
Арал аудандық сотының бас маманы
Фото: tolqyn.kz