Аралдағы балықшылар музейі
Біз көрген ғимарат әу баста орыс көпесінің үйі болған деседі. 1897 жылы салыныпты дейді білетіндер. ХІХ ғасырда Арал теңізінің бар балығын саудалаған мықтының бірі шығар, бәлкім. Бірақ тарихтағы Қазан төңкерісінен кейін бұл үй «Қызыл мүйіс» дейтін орталық болған көрінеді. Теңізден оралған балықшылардың кеңсесі ретінде пайдаға жарапты. Арадағы ғасырға жуық уақыттан соң бұл ғимаратты қала орталығына жылжытқан көрінеді. Мақсаты сол, бұдан музей етіп жасақтап, балықшы қауымның тарихын қайта жандандыру жұмыстары қолға алынған еді.
Иә, Қызылорда облысына қарасты Аралдағы Балықшылар музейінде қызық көп. Жай қызық емес, терең үңілсеңіз, қатпар-қатпар көп жылғы тарихқа жолығасыз. 2012 жылдан бастап ресми қызмет көрсететін мәдени нысанда алғаш 117 экспонат болса, қазір 2 500-ден аса теңіз жәдігері топтастырылған. 13 адам жұмыс істейтін мекемеге 2021 жылы облыстық бюджеттен 86 млн теңге бөлініп, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген еді. Орыс архитектурасымен салынғандықтан уақыт өте ескіріп, ағаш қабырғалары мүжілген тарихи үйдің жаңаша кейіпке енуі көз қуантып тұр.
Музейдегілер теңіздің ежелгі тарихынан бастап бүгінге дейінгі мұраларды жинақтауға тырысқан. Соның нәтижесінде ғимарат заманауи қондырғылармен жасақталып, ашық аспан астындағы музей, «Балықшылар» және «Кемелер» залы жасақталыпты. Мұнда ұрпақ зейінін ашатын фильмдер көрсетіледі, сондай-ақ кемелердің техникалық жабдықтары мен балықшы қауымның тұрмыстық құралдары жинақталған. Балық өнеркәсібін өркендеткен жерлес тұлғалар жайлы да мұра жеткілікті. Сондай-ақ музей қызметкерлері Арал теңізіне қатысты деректерді ағылшын, орыс, латын тіліне аударып, өзге мемлекеттен келген туристер үшін қолайлы жағдай жасаған. Жергілікті тұрғындардың атакәсібі балық шаруашылығының мол мұрасын олар осылай сақтап отыр.
пр
Ал ғимарат сыртында ат, түйе шана, қайықтар, жылым тартуға арналған шығыр, Ленин сыйға тартқан станок, капитандарының есімі жазылған кемелер тұр. Ең үлкені – Лев Берг деп аталатын 25 метрлік кеме. Бұның өзі жағалауда қараусыз қалғанда музей жанашырлары төрт бөлікке бөліп, осында әкеліпті. Қайта құрастырып, кеме ішін залға айналдырған. Айтпақшы, Лев Берг кім десек, ХХ ғасырда Арал теңізін зерттеген орыстың географ-ғалымы. Соның негізінде бірнеше еңбек жазған.
Әгараки, сіз музейге бара қалсаңыз, ондағылар Аралдың бұрынғы қалпы мен бүгінгі теңіздің көрінісі бейнеленген картаны көрсетіп, украиналық ақын, әу баста Арал топырағына жер аударылған Тарас Шевченконың жүрген жерлерін де айтып берер еді. Балық шаруашылығы бойынша Социалистік Еңбек Ері атанған – Төлеген Әлімбетов, Ұштап Өтеулиева, Бақыт Рысқалов. Жалпы, Аралда 16 Еңбек Ері болды. Одан бөлек, «Көк теңіздің көкжалы» атанған Нарғали Демеуов, Қазақстандағы Жоғарғы Кеңеске екі мәрте депутат болған Дүйсенбі Қалабаев. Балықшы аналарымыз да көп. Озат балықшы атанған батыр ана Күлпаш Бейсенованы халық ұмытпады. Ал осы музейді ұйымдастырған, бұрынғы Балық шаруашылығы министрі, осы кәсіптің шежірешісі Құдайберген Саржанов екені белгілі.
Иә, теңіз толқынында жүзіп, еңбегімен ер атанғандардың суреті көп мұнда. Сондай-ақ балықшылар мінген арба, ау-құралдары, қабадан мен қайық құралдарын байқайсыз. Кеменің техникалық құралдары да жеткілікті. Балықшы мен балыққа қатысты біз білмейтін деректерге сүрініп жығыласыз.
Расы сол, музей қызметкерлерінің көп затты ұқыпты ұстап отырғанына риза көңілмен қарайсың. Арнайы ыдысқа салынған балық түрлері, ау тоқуға арналған инелік деп аталатын құрал, жай арқан мен қарамай арқанға (қыста су тигенде қатып қалмау үшін әбден май сіңдірген арқан) дейін осында тұр. Шам түрлері, теңізші киімі, қабадан мен мардан, теңіз құстары, кеме штурвалы мен компасы да бар. Қайық пен ескек, сүймен мен сүзгіш, тіпті сол заманғы балықшылардың айнымас серігі болған түйенің де макеті жасалып қойылған.
– Екі жыл бұрын музейді қайта жаңғыртудан кейінгі тағы бір жаңалығымыз «Кемелер» залына қатысты. Бұл зал теңізді зерттеуге арналған «Лев Берг» кемесінің зертханалық кеңсесінде орналасқан. Онда кірген келуші кеме штурвалын қозғап, бағыт беріп, өзін дәл сол кеме ішінде келе жатқандай сезіне алады. Алдындағы экраннан толқын мен шағаланың дауысы естіліп, Арал қаласына жақын қалған кездегі порттың сұлбасы анық көрінеді. Осы кезде гудок беріліп, кеме қоңырауын да қағып көре аласыз. Теңізді сағынған әрбір Аралдың төл перзенті біздің музейден сағынышын басып, кеме палубасынан алысқа көз тастап, өткен жылдарын еске алып жүр, – дейді Балықшылар музейінің бөлім меңгерушісі Әлішер Саржанов.
Рас, былтырғы реэкспозициялық жұмыстардан соң келушілерге үш тілде қызмет көрсететін музейге 6 сенсорлық экран қойылды. Теңіздің әр дәуірінен сыр шертетін алтын қордағы 28 деректі фильм көрсетіледі. Арал теңізін зерттеу экспедициясына қатысқан украин халқының көрнекті тұлғасы, ақын, жазушы, суретші Т.Шевченконың тұлғалық муляж бейнесі қойылып, деректер мен суреттері, шығармалары базаға енгізілген. Теңізде жүзген сал қайықтан бастап желкенді қайық, пароход пен кеме көшірмелері қойылып, олар туралы мәліметтер, сондай-ақ Социалистік Еңбек Ері, кеме капитаны Төлеген Әлімбетовтің образын үлкен экран бетінен актердың сомдауында көре аласыз.
Қайта жаңғыртудан кейін ел азаматтарынан бөлек, шетел қонақтары да мұнда көптеп келіп жатыр. Біз мән беретін бір нәрсе бар. Аралдағы Балықшылар музейі – әлем туристеріне ұялмай көрсететін керемет орын. Қазақстан түгілі Орта Азияда жоқ мұндай жәдігерлер жиынтығы сақталған үй бізге де, бізден кейінгі буынға да керек.
Ержан ҚОЖАС