Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » САРАТС серпіні

САРАТС серпіні

Иә, Аралға құяр сағадағы елдің балық шаруашылығымен айналысқаны бүгін емес. Өткен ғасырда патша отаршылдары Райым мен Қазалы бекінісін түсіріп, бірте-бірте орыс көпестері осында келіп орныққан. Теңіз бен дарияда су емес, балық ағып жатқан заман. Иен байлықтың иісін сезген өзге ұлт өкілдері бері қарай үдере тартқан кез еді бұл.

Ал Кеңестік билік алғаш орнаған жылдары теңіздегі жұрттың түпқиянда жатқан басқаларға көмегін қайда қоясыз? Он төрт вагон балықтың хикаясын ел біледі. Оған да 100 жыл. 1921 жылы Еділ бойындағы ел аштан қырылғанда Лениннің хаты тек мұрындық болған шығар. Шын мәнісінде жұт дейтін нәубет басталғанда біздікілердің қарап отырмайтыны белгілі еді. Поволжье мен Ресейдің орталық аудандарында құрғақшылық жайлап, егін атаулы күйіп кеткенде, өзі бірде тоқ, бірде аш отырған жұрт өзгенің халін шын түсінген. Әрі «өле жегенше бөле жеуді» бұрыннан білетін біздің ұлт қайырлы істе бірінші жүретін еді ғой. Ақиқаты – осы.
Тарихи деректер 60-жылдары балық шаруашылығы бойынша Сыр өңірі республикада алдыңғы қатарда болғанын айтады. Жылына 55-60 мың тоннаға дейін балық ауланған. Кейін теңіз тартылды. Балық аулау божырай бастады. Тіпті, балық аулап, оны өңдейтін кәсіпорындар мен шаруашылықтар жабылды. Балықшылар басқа өңірлерге көшіп кетті.
Теңіз суының тұздылығы 30 мгр/л дейін өсіп, балықшылық кәсібі мүлдем тоқтайтын деңгейге жеткенін ешкім ұмытқан жоқ. Бір ғана мысал, 2000 жылы Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна балық ауланыпты. Онда да бір ғана түрі – камбала балығы еді.
Айтпақшы, «САРАТС-2» жобасы басталса, бұндағы бөгеттің биіктігі бірнеше метрге қайта көтерілмек. Сол кезде су деңгейі бұдан да жоғарылап, Кіші теңіз Арал қаласының қасына баратын көрінеді. Осыдан соң балықшы жұрттың жағдайы тіпті жақсарады деген сенімнің нығая түсері анық. Ал бірінші жоба бойынша салынған бөгеттің биіктігі шамамен 3 метрден жоғары, ал ұзындығы 13 шақырымнан асады. Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып, ғасыр құрылысы атанған «САРАТС-1» жобасынан кейін мұнда тіршілік жанданғаны рас. Балық қоры молайып, кейбір азайған түрлері қайта көбейген. Теңізде бұрын жоғалған 14 түрлі балық қайта көрінді. Соның арқасында байып кетпесе де, жұрт біршама тұрмысын түзеп қалды.
Биыл жыл басынан бері Арал теңізі мен маңайындағы көлдерден 6455 тонна балық ауланған. Оның 10 мың тоннадан астамы өңделіпті. Қазір Арал ауданында 9 балық зауыты болса, олардың жылдық қуаты 24 мың тоннаға дейін жетеді. Оның ішінде екеуі Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісін алған. Жыл басталғалы ауданда 1517 тонна балық өнімдерін Ресей, Польша, Литва, Нидерланды, Грузияға экспортқа шығарып үлгерді.
Түйін. Бір кездері табанынан су кетсе де, жүрегінен жыр кетпеген аралдықтар өткен қиыншылыққа мойынсұнған жоқ. Халықтың еңбексүйгіштігі, ертеңгі күнге деген сенімі үзілмеген еді. Кіші Арал қайта қалпына келе бастады. Елбасының бастамасымен «Ғасыр құрылысының» алғашқы кезеңі сәтті жүзеге асты. Құрдымға кетуге айналған теңіздің жойылмауының алдын алған Тұңғыш Президенттің Аралға көмектесемін деген арманының орындалғанына куәміз. Балықшылар атакәсіптеріне қайта кірісті. Қара қайықты қайта есті.
Тәуелсіздікпен бірге толқыны қайта соққан теңіз, ажарың кіріп, айдыныңда аққу-қаз ұшқанын бүгінгі ұрпақ – біз көрдік. Тәуба! Экология деп үрке қарайтын кейбіреулерден көш ілгері кеттік. Таза су. Өндірістің өркендеуі. Газ келді. Тәуелсіздік табалдырығын құрғаған теңізбен аттаған аралдықтар бүгінгі оң өзгеріске қуанбай қайтеді?!

Ержан ҚОЖАС
20 қыркүйек 2021 ж. 904 0