Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кеме тізгіндеген келіншек

Кеме тізгіндеген келіншек

Аралға құяр сағадағы елдің балық шаруашылығымен айналысқаны бүгін емес. Өткен ғасырда патша отаршылдары Райым мен Қазалы бекінісін түсіріп, бірте-бірте орыс көпестері осында келіп орныққан. Теңіз бен дарияда су емес, балық ағып жатқан заман. Иен байлықтың иісін сезген өзге ұлт өкілдері бері қарай үдере тартқан кез еді бұл.
Ал кеңестік билік алғаш ор­на­ған жылдары теңіздегі жұрт­тың түп­қиянда жатқан бас­қаларға көмегін қайда қоясыз? Он төрт вагон ба­лықтың хикаясын ел біледі. Оған да 100 жыл. 1921 жылы Еділ бойындағы ел аштан қырылғанда Лениннің хаты тек сеп болған шығар. Шын мәнісінде жұт дейтін нәубет басталғанда біз­ді­­кілердің қарап отырмайтыны белгілі еді. Поволжье мен Ресей­дің орталық аудандарында құрғақ­шылық жай­лап, егін атаулы күйіп кеткен­де, өзі бірде тоқ, бірде аш отырған жұрт өзгенің халін шын түсінген. Әрі «өле жегенше бөле жеуді» бұрыннан білетін біздің ұлт қайырлы істе бірінші жүретін еді ғой. Ақиқаты осы.

Ал Ұлы Отан соғысы бастал­ғанда аралдықтар майдан даласына қанша тонна балық жіберді деп есептеп жатпаймыз. Айтпағымыз басқа. Қару ұстауға жарайтын азаматты соғысқа әкетсе, елдегі бейнет кәрілер мен әйел қауымына түспей ме?! Осы жерде бейнеткеш балықшыны айта отырып, ақ жаулықты арал­дық ана жайлы қалам түртеміз. Өйткені, бұрын теңіздің асау толқынында ерлермен бірге бойжеткен қыздар да балық аулады. Оған дәлел жайнаған жастығы соғысқа тұспа-тұс келген Мереке Кенжалиеваны айтуға болады.

Оның теңіз маңайындағы ауылдағы қыз-келіншектің басын қосып, балық аулағанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл соғыстың алғашқы жылы еді. Теңіз жағалай қоныс тепкен көп ауылдағы ау салып, ескек есуге жарайтын мейлі бала, мейлі әйел болсын, су үстінде жүрді. Жас келіншек Мерекенің де теңіз толқынына алғаш тұмсығы тиген «Лебед» атты кемеге капитан көмекшісі болған уақыты бұл. Кейіннен Александр Ли есімді корей капитан кеменің тізгінін Мерекенің өзіне сеніп тапсырған.

Соғыс жайбарақаттықты кө­тер­­мейді. Мерекенің күйеуі На­ға­­шыбай әу баста кеме меха­нигі еді. Енді жас жұбайлар балық аулау науқанын бір кемеде орын­дауға кіріскен. Шулаған теңіздің аласұрған толқыны «мен деген» апайтөс, қарулы еркегіңді қажытады. Ал мұнда кеме бас­қарушысы тым жас келіншек. Ме­реке сонда да мойымапты. Оның басты мақсаты – теңіздің бір шетінде жатқан «Шошқабас», «Ұялы», «Қасқақұлан», «Айжарымтас» аралдарына жылымшыларды тасу. Жай тасып қоймай, ау­ланған балық толы қайықтарды тір­кеген күйі кейін қайтатын.

– Шешем теңіздегі арпалыс­ты кейде айтып қалатын. Соғыс жылдарында жанын шүберекке түйіп, анаммен бірге балық аулаған қыз-келіншектердің бар­лығы да бақиға аттанды. Кей күндері айы-күні жеткен құрбы келіншектерді теңіз үстінде өз қолымен босандырғанын әңгі­ме­лейтін. Кемені жүргізіп, 9-10 валдық толқындарға төтеп берген анамның жанкештілігіне әлі де таңғаламын, – дейді ұлы Әбужан Нағашыбайұлы.

Әбужан ағаның айтуынша, анасымен бірге жүрген балық­шылар мыңдаған тонна балық ауланса, соның барлығы по­йызбен майданға кеткен. Дүлей дауыл мен ақбас толқындармен айқасқан қазақ әйелі кемемен талай балықшыларды дін аман жағаға жеткізіп отырған. Жеңісті жақындатамыз деп жанын қи­наған балықшы жұрттың бұл ең­бектің өтеуіне бір-екі асымдық торта ғана берілген екен. Қана­ғатшыл халықтың санасында тек «бейбіт күн оралса, бұл ауырт­пашылық артта қалады» деген сенім ғана тұрыпты.


– Шешем 1919 жылғы. Бұрын­ғылардың сүйегі асыл ғой. Қанша бейнет тартса да, жасы ұлғайып қайтты. Дұрысы, 2011 жылы, 91 жас­тан асып, дүниеден озды. Құдайға шүкір, әкем мен анамның артында бір қауым ел бар. Немере-шөбе­релері жетерлік, – дейді Әбужан аға.

«Аққу» деген ат беріп, өзі капитан болған Мереке анамыз соғыстан кейін де кеме жүргізіп, бейбіт елде еңбек борышын атқарған. Балық аулау науқанында үздіктер тізгінін ешкімге бермепті. Соғыс басталып, қиын заманда азаматтарының жоғын білдірмеген осындай арал­дық қыз-келіншектердің теңіз толқынындағы ерлігі әлі күнге де­йін ерлермен бірге аталады.

Ержан ҚОЖАС

syrboyi.kz
07 наурыз 2021 ж. 573 0