Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңізбен бірге тыныстау

Теңізбен бірге тыныстау

Бірінші күн

Теңіз беткейден оралдық. Басты тақырып – Арал теңізінің бұрынғысы мен бүгінгісі. Иә, балық шаруашылығын бағамдауды мақсат еткен үш күндік жол сапардың жөні бөлек еді. Естілер айтқан ескі тарихты да ұмытпадық. Тартылған теңіздің бүгінгі тіршілігін де тізбектедік. Тым әсірелеу жоқ. Әлгі «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» дейтін салыстырмалы теңеуден де бойды алыс ұстаймыз. Не көрдік, не білдік? Айна-қатесіз алдыңызға жайып саламыз, ендеше…

Биыл Лениннің Арал балық­шыларына хат жазғанына 100 жыл. Он төрт вагон балықтың хикаясын ел біледі. Еділ бойындағы ел аштан қырылғанда большевиктердің басшысы ала­қанын Аралға қарап жайды. Ақи­қаты осы. Повол­жье мен Ресейдің орталық ау­дандарында құрғақшылық жай­­лап, аштық дейтін нәубет бас­­талғанда бізді­кілердің қарап отыр­мағаны белгілі.

Тарихта қатталып жазылғаны рас. 1921 жылы аштықтан бұратылған халыққа көмек көрсету жөнінде Арал балықшыларына хат жазған Лениннің қолын құр қайтаруға аралдықтар шын қысылса керек. Өйткені, өздері бірде тоқ, бірде аш отырған жұрт өзгенің халін шын түсінеді. Әрі «өле жегенше бөле жеуді» бұрыннан білетін біздің ұлт қайырлы істе бірінші жүретін еді ғой. Солай етті де. Аралдықтар хатқа жауап ретінде 14 вагон балық жіберді. Қазіргі Бөген, Қарашалаң, Қаратерең ауылдары тұсынан тонналап балық ауланды. Оны ат арба немесе түйе шанамен Қамбаш стансасына тасыды. Үй-жайын ұмытып, өз бала-шағасының аузынан жырған балықшылардың несібесі Ресейге вагон-вагон болып кете барған. Бұл жерде жерлестерге большевиктер партиясының көсемі Лениннің риза болғаны соншалық, токарьлық станокты сыйға тартқанын да баса айтуымыз керек. Ал ондай станоктың сол заманда өте қат дүние екені рас.

Мұндай музей Орта Азияда да жоқ
Арал қаласына табан тиі­сі­мен музейге тарттық. Бірден айтайық, осы балық­шы­ларға арналған музей Қазақстанның өзге аймағында жоқ. Орта Азияда да кездеспейді. Үй ХІХ ғасырдағы орыс архитектурасы үлгісінде салынған. Дұрысы, 1897 жылы салынған орыс көпесінің үйі деседі. Қазан төңкерісінен кейін бұл бұрынғы Арал балық өндірістік бірлестігінің қарамағында болыпты. Теңізден оралған балықшылардың кеңсесі ретінде де пайдаға жарапты.

Ал анығында ол үй әлдеқашан қираған. Біз көрген музей ғимараты Аралдан шыққан бұрынғы балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржановтың еңбегімен тұрғызылыпты. 2012 жылдан бастап қызмет көрсететін мәдени нысанда те­ңіз жәдігерлері топтастырыл­ған. Бұл еңбектің басы-қасында да Құдайберген ағамыздың жүргенін ел айтады.

Музей ішіндегі әр дүние бір-бір тарих. Мұнда 1700-ден аса экспонат бар. Келушілер музейдің «Балықшылар» және «Кеме­лер» деп аталатын екі бөлігін араласа, тұтастай бір күнді толық арнауға болатын сияқты.

Ғимарат сыртында ат шана, түйе шана, қайықтар, жылым тартуға арналған шығыр, Ленин сыйға тартқан станок, түрлі капитан есімі жазылған кемелер тұр. Ең үлкені «Лев Берг» деп аталатын 25 метрлік кеме. Бұның өзі жағалауда қараусыз қалғанда, музей жанашырлары төрт бөлікке бөліп, осында әкеліпті. Қайта құрастырып, кеме ішін залға айналдыр­ған. Айтпақшы, Лев Берг кім десек, ХХ ғасырда Арал теңізін зерттеген орыстың географ-ғалымы. Соның негізінде бірнеше еңбек жазған.
Бізді қарсы алған музейдің ғылыми қыз­меткері Айбек Әуесхан. Амандық салтынан соң мұндағы әр затқа тәптіштеп түсінік беріп келеді. Аралдың бұрынғы қалпы мен бүгінгі теңіздің көрінісі бейнеленген картаны көрсетіп, украиналық ақын, әу баста Арал топырағына жер аударылған Тарас Шевченконың жүрген жерлеріне шолу жасап үлгерді.

– Мынау балық шаруашы­лығы бойынша Социалистік Еңбек Ері атанғандар – Төлеген Әлімбетов, Ұштап Өтеулиева, Бақыт Рысқалов. Бізде 16 Еңбек Ері барын білесіздер. Ал мына суреттегі кісі, «көк теңіздің» көкжалы атанған Нарғали Демеуов, оның қасындағы Дүйшембі Қалабаев. Балықшы аналарымыз да көп болды ғой. Суреттерден байқасаңыз­дар, озат балықшы атанған батыр анамыз Күлпаш Бейсенованы да көріп отырсыз­дар. Ал мұнда бәріңізге белгілі, осы музейді ұйымдас­тырған, балық шаруашылығының министрі, қазіргі көзі тірі тарихтың бірі – Құдайберген Саржанов, – деді қабырғадағы суреттерді жағалай түсіндірген Айбек Әуесхан.

Балықшыны айта отырып, ақ жаулықты аралдық аналар жайлы да қалам түртеміз. Өйткені, бұрын теңіздің асау толқынында ерлермен бірге бойжеткен қыздар да балық аулады. Оған дәлел жоғарыда келтірген батыр аналармен бірге Марал Кен­жалиеваны айтуға болады.

Аралдық бойжеткеннің Ұлы Отан соғысы басталғанда 100 шақты қыз-келіншектің басын қосып, балық аулағанын біреу білсе, біреу білмес. Арнайы кемеге «Аққу» деген ат беріп, өзі капитан болған Марал анамыз соғыстан кейін де кеме жүргізіп, бейбіт елде еңбек борышын ат­қарған. Балық аулау науқанында үздіктер тізгінін ешкімге бермепті. Соғыс басталып, қиын заманда азаматтарының жоғын біл­дірмеген осындай аралдық қыз-келіншектердің теңіз тол­қы­нындағы ерлігі әлі күнге дейін ер­лермен бірге аталады.

Оларға егер тіл бітсе…

Музейден көргеніміздей, балықшы мен балыққа қатысты біз білмейтін деректерге сүрініп жығыласыз. Бәрі де ұрпаққа керек аманат дүние. Егер ғайыптан әрқайсысына тіл бітсе, біраз сыр мен мұңды төгер ме еді?!

Иә, теңіз толқынында жүзіп, еңбегімен ер атанғандардың суреті көп мұнда. Сондай-ақ балықшылар мінген арба, ау-құралдары, қабадан мен қайық құралдарын байқайсыз. Кеменің техникалық құралдары да жеткілікті. Тіпті, біз бірсыпырасын сұрап та алдық.

Қызыққан экспонаттың бірі мектепте сыңғырлай қағылатын қоңырау сияқты. Тек тұрқы үлкен демесек, айнымаған сол. Мұны кеме қоңырауы деп атасақ та болатын шығар. Жоқ, олай емес екен. Әлгінің «рында» деген өз атауы барын Айбек аға түсіндіріп айтқан. Бұның қызметі не? Тықақтап музейдің ғылыми қыз­меткеріне сұрақты жаудырғанбыз. Есіткенімізді енді осында түсірсек.

Рынданың қызметі сіз бен біз ойлағандай, кеменің сигналы ғана емес. Бұл кәдімгі ұшақтардағы «қара жәшіктің» де қызметін атқарған. Мысалы, Аралдан шыққан кеме Мойнаққа бет алды дейік. Мойнағың қазіргі Өзбекстан тұста. Дұрысы, Қарақалпақстан. Енді қараңыз. Кеме жолға шығарда осы рындаға нөмер салып, арнайы құжат дайындаған. Құжатқа кемеде неше адам, капитаны кім, не мақсатпен шықты, қандай зат бары түгел түсіріледі. Қағаз құжат кеме шыққан аймақтағы кеңседе сақталады.


Ал алда-жалда кеме дауылға кез болып, апатқа ұшыраса, рынданы бірінші іздесе керек. Сондағы нөмір арқылы кемеде кім бар, кім жоғын түгендеп, аты-жөнін айғақтап отырған.

Расы сол, тіпті кеме суға батып, белгісіз кетсе де, Құдай айдап, 20-30 жылдан соң рында табылуы мүмкін ғой. Нөміріне қарап, «жарықтық, осында пәлен деген аталарымыз болыпты-ау» деп құжатты ақтарған кейінгі ұрпағы бас шайқайтыны анық.

Айтпақшы, кеме келе жатқанда осы рындамен сигнал береді дедік. Оның да түрлі-түрлісі болған деседі. Біз білмейтін нәрсе көп екен мұнда. Қараңызшы енді. Қайғылы сапар болса, кемедегілер басқа әуенге салып, жағадағыларға белгі берген. Ал балық мол болып, олжалы қайтса, кемедегілер қуанышты хабарды білдіретін рында-қоңырау қағыпты.

Қызық жері бар. Балықшылардың жұбайлары рында дауысын ажырата білген. Мысалы, портқа бір кеме таянғанда осы дүниені қағып, дыбыс берсе, қай кеме екенін үйінде отырып таныған көрінеді. «Мына кемеде сенің ағаң жоқ» немесе «Әй, мынау әкең мінген кеме ғой, оралыпты, шәй қоялық» деп балаларын тәртіпке келтірген аналардың қасиетінен айналасың кейде…

Музейде бізді назар аудартқан екінші бір дүние бар. Ол – темір аяқ киім. Тағы да ғылыми қызметкердің бетіне қарадық. Сұраулы жүзімізге Айбек аға жауап беріп үлгеруде.
– Бұны теңіз кемелерін жөндейтін механик-шеберлер киген, – деп бастай берді әңгімесін Айбек аға.

– Мынауыңызды тарсылдатып қалай киген, өзі ап-ауыр екен, – дедім менде аса таңданыспен.

– Иә, бір сыңарының өзі 7 келі. Екеуі 14 келі тартады. Салмақты бұдан да көбейтіп киетін болған. Оның басты себебі мынада еді…

Айбек ағамның айтуынша, темірдің де тозатыны белгілі. Суда жүзіп келе жатқан кеменің бір жартасқа соғып, асты қақырай сөгілуі мүмкін. Тесілген кемені жөндеу үшін арнайы киім киген механиктер су астына түсетін болған. Суға түскенде осы темір аяқ киім қоса киілген. Себебі су астына түскенде салмақты ұстап, адамның су бетіне шығып кетпеуі үшін ауыр темір керек екені белгілі.

Кейде кеменің жылдамдығын арттыратын ең астындағы үш не төрт қалақшалы вентиляторына ау оралып жатады. Мұндайда дереу кеме механиктері киімін киіп, әлгі суреттегі темір байпақты аяғына сұға салуды ұмытпайды. Солай. Су астында жүріп, кемесін жөндей беретін біздің аталардың жүрегі мықты еді.

Расы сол, музей қызметкерлері көп затты ұқыпты ұстап отырғанына риза көңілмен қарайсың. Арнайы ыдысқа салынған балық түрлері, ау тоқуға арналған «инелік» деп аталатын құрал, жай арқан мен қарамай арқанға (қыста су тигенде қатып қалмау үшін әбден май сіңдірген арқан) дейін осында тұр. Шам түрлері, теңізші киімі, қабадан мен мардан, теңіз құстары, кеме штурвалы мен компасы да бар. Қайық пен ескек, сүймен мен сүзгіш, тіпті сол заманғы балықшылардың айнымас серігі болған түйенің де макеті жасалып қойылған.

Музейде кеменің маяк шамы да көзге түседі. Сенсеңіз, осы маяктың құрметіне Арал қаласына клуб салынып, атын да солай атаған. Осы маякқа арнайы орын белгілеп, екі жыл бұрын стелла да тұрғызылды. Қазір сол маяк шамы түнде қараңғылықты тіліп, Арал көшесінде әсемдік беріп тұр. Ал енді «Синер» деп аталған кеменің макетін көргенде, өте қызық дерек естідік.

Арал қаласынан бұрын балық етінен консерві дайындаған. Бірақ, оның қайда дайындалып, қандай цехта шығарылғаны жайлы ешкім біле бермейді. Мына «Синер» деп аталатын кеме ішінде осы тамақ өнімін дайындағанға ұқсайды. Иә, кәдімгі кеме ішінде шағын цех болған. Кеме теңізде балық аулап, сонда бұзып, аршып, дайын өнімді қала сыртындағы портқа жеткізіп отырыпты. Ал енді бұны жалғыз бір «Синердің» атқармағаны белгілі ғой. Мұндай кеменің Арал теңізінде тоғызы жүзіпті. Ал тоғызы балық консервісін дайындаса, онда көп елге теңіздің дәмі бұйырып тұрғаны да.

Туристерді түңілдірген бір жайт бар
Кеме демекші, сол уақыттағы азаматтар Арал бұрынғы айдынынан айырыла бастағанда жағдайдың оңалмасын білгендей. Өйткені, басшылық тараптан кеме біткенді теңіздің ең терең тұсы – Тастүбекке жинауға пәрмен болған деген де әңгіме бар. Одан кейінгі жағдай белгілі. Теңіз тынысы тіпті тарылды.

Ал әлгі кемелер жайы қалай болған? Бір жерге жиналған олар қараусыз, қа­йырлап жатқаны белгілі. Күн өтті, ауа райының әсері бар, тот басты, құмда қисайған күйі қаңырап тұрған еді. Сонда да тыныштық бермеппіз. Кәрі теңіздің куәсіндей болған кемелерді талауға салдық. Салғаны сол, сырт елге темір өткізгіш пенделер бөлшектеуге көшті. Аман қоймадық солай. Шетінен бұтарлап, үлкен жүк көлігіне тиегенін талайдың көзі көрді.

– Тастүбектегі кемелер кешегі күнге дейін болды. Шындығы сол, 2016 жылға дейін туристер сонда барып, тіпті басына түнеп жүрді ғой. Амал не, қорғай алмадық. Қазір онда кеме жоқ. Ал мына музей алдында тұрған кемелерді көрген шетелдіктердің көңіл-күйі бірден түсіп кетеді. Неге? Өйткені, олар шынайы емес. Бояп, сыртын сырлап қойғанбыз. Жасанды екені көзге ұрып-ақ тұр. Оларға құмда қайраңдап, қисайған сұлбасы қалған кеме қызығырақ. Ал көрші Өзбекстан теңіз тұсында қалған кемелерін сақтап үлгерді, – дейді Айбек Әуесхан.

Рас-ау. Теңіздің Өзбекстан беттегі Мойнақ тұсында қалған кемелердің бір жерге жиналғанын естігенбіз. Тіпті, мемлекет қарауына өтіп, сыртын да қоршапты. Ал ондағы кемелердің өзі түгілі, бір затына әлдебіреу суық қолын жүгіртсе, жазасы да тым қиын дейді білетіндер. Ақиқаты сол, сонда барушы туристер ағыл-тегіл көрінеді.

Бір қуанышты жаңалық, биыл балықшылар музейіне қомақты қаржы бөлу жоспарда бар екен. Егер ақша берілсе, кемелерді қайта қалпына келтіріп, жоқ жәдігерлердің орны әлі де толыға түседі деген сенім бар.

Біз мән беретін бір нәрсе бар. Аралдағы балықшылар музейі – әлем туристеріне ұялмай көрсететін керемет орын. Қазақстан түгілі, Орта Азияда жоқ мұндай жәдігерлер жиынтығы сақталған үй бізге де, бізден кейінгі буынға да керек.

Ал сапардың екінші күні ендігі газетте жарияланады.

Ержан ҚОЖАС
syrboyi.kz
25 ақпан 2021 ж. 908 0