Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық шаруашылығы – басты назарда

Балық шаруашылығы – басты назарда

18 ақпанда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді. Облыс көлемінде атқарылған жұмыс ауқымды. Тіпті шалғайдағы ауылдардың да мәселесі кезең-кезеңімен оң шешімін тауып келеді. Өткен жылғы атқарылған жұмыстарды саралап, болашақ жоспарымен таныстырған аймақ басшысының есебінен біз әлеуметтік желідегі ақпарат көздері арқылы хабардар болдық.
Мемлекет тарапынан жасалған қолдаулардың игілігін аралдықтар да көріп отыр. Өткен жыл ауыр сынақпен өтсе де, елде ауқымды жұмыстар атқарылды. Жолдарымыз жөнделді. Ауызсуға мұқтаж ауылдарға су барды. Кейбір шалғай ауылдарға мобильді байланыс желісі тартылып, ел қуанышқа кенелді. Арал мәселесі мемлекет назарынан түскен емес. Соның арқасында «САРАТС» жобасы қолға алынып, қазірде Арал халқының ата кәсібі қайта түледі. Көкарал бөгеті салынып, теңіздің кіші бөлігі суға тола бастады. Биылғы жылы Көкарал бөгетін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі деген аймақ басшысы, балық шаруашылығына да ерекше тоқталды.
Аймақ басшысының есепті кездесуінде балық шаруашылығының кең өркен жайып отырғандығы туралы айтылды. Алдағы уақытта да ата кәсіптің жандану тұрғысында жоспарланған жұмыстарға тоқталған облыс басшысының есебін тыңдап, көңіліміз марқайып қалды. Балық шаруашылығын басты кәсіп еткен аралдықтар үшін бұл үлкен қуаныш. Өткен жылдың өзінде индустрияландыру бағдарламасы бойынша жүзеге асқан 3 жобаның екеуі балық шаруашылығын дамытуға бағытталған көрінеді. Сондай-ақ су маржаны шетелдіктердің де сұранысына ие. Бұл халықтың әл-ауқатын көтеріп, тұрмысын түзеуге де септігін тигізеді.
К. АЙБОСЫНОВ,
Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

18 ақпан 2021 ж. 516 0