Кенттегі жұмыс жүйелі

Халық есепті кездесуді асыға күтетіні жасырын емес. Осы кездесу барысында ел ішіндегі түйткілді мәселені басшылар назарына ұсынады. Жыл сайын аудан басшысы М. Оразбаев біз көтерген елдің түйткілді мәселесін оң шешуге ықпал етіп келеді. Әсіресе Жақсықылыш кентінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында көптеген шаруалар оң шешімін тауып келеді. Өткен жылы ел басынан ауыр сынақ кезеңін өткерді. Бұл ауыртпашылық әлі де жалғасуда. Десе де елдің мүддесі үшін жасалып жатқан жұмыстар ауқымды. Ауылдағы басты жаңалықтың бірі көгілдір отынның келуімен 2020 жыл есте қалды. Бұл – кент тұрғындарының көптен бергі тілегі болатын. Мұнан бөлек, кентішілік жолдарымыз жөнделіп, «Спорттық-сауықтыру кешені» құрылысы, №19 орта мектебіне 100 орындық қосымша жапсаржай құрылысының жұмыстары жүргізілуде. Кенттің көркеюі мен гүлденуі жолында ауқымды жобалар жүзеге асырылып отыр. Бұл – біз үшін зор қуаныш.
Міне, бұл жұмыстардың бәрі басшылықтың халықтың жағдайына бей-жай қарамайтындығының көрінісі. Дер кезінде қолға алынып жүргізіліп жатқан осындай игі бастамалар ауылдың деңгейін көтеріп қана қоймай, жастардың ауылда қызмет етуіне де ықпалын тигізеді. Сондықтан өткен жылда жасалған жұмыстарға оң бағамызды бере отырып, ризашылығымызды білдіреміз.
Р. ТАҢАТАРОВ,
Жақсықылыш кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы