Министрдің Құрметіне ие болған аралдық
Арал десе алдымен балығы еске түседі. Иә, тіршілігі теңізбен тамырлас халық үшін бұл түсінік жат емес. Себебі кешегі теңізі шалқып, толқыны тайдау тулаған уақытта да, бүгінгі арнасы қайта толып, кеткені оралған күнде де жергілікті жұрт ата кәсіптен қол үзген емес. Сырдың бойын жағалай қоныстанып, теңіздің іргесінде мекендеген аралдықтар сонысымен де барша халықтың санасында осындай түсінік қалыптастыра білген.
Иә, бір кездері бүтіндей бір халықты аштықтың ауызанан арашалап қалған Арал балықшыларының жылдар бойы желісі үзілген емес. Рас, аңқасы кеуіп, табаны тұзға айналған да кездер болды. Бірақ бүгінгі күні соның барлығы тек тарихтың еншісінде қалып, бүгінде арнасы қайта кемеріне келе бастаған шақта балықшылық қайтадан қанат жая бастады. Бір қуанарлығы бүгінгі таңда тек балық аулап қана қоймай оны өсіру, балық шаруашылығын дамыту бағыттарында өзге де жұмыстар жүргізу жайы жан-жақты қарастырылып келеді. Осындай азаматтардың бірі – Әлішер Саржанов.
Балық шаруашылығының бабын таба білген азамат 2005-2008 жылдары Алматы аграрлық колледжін «экология және табиғат ресурстарын тиімді пайдалану» мамандығы бойынша бітіріп шықса, 2008-2011 жылдар аралығында Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университеті, 2021-2023 жылдары Қорқыт-Ата атындағы университеті «Тарих» мамандықтары бойынша тәмамдап шықты.
Табиғи байлықты бағалай білетін азамат еңбек жолын да 2012 жылы Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінде қорықшысы болып бастады. 2013-2014 жылдары Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында балық маманы болған ол 2014 жылдан бастап 2020 жылға дейін «Шарткен – Ата» қоғамдық бірлестігінің бас маманы қызметін атқарды.
Ал 2020 жылы Арал аудандық тарихи өлкетану музейінің «Балықшылар» музейі бөлімінің ғылыми қызметкері болған Әлішер Дуланұлы 2023 жылдан бастап Арал аудандық тарихи өлкетану музейінің «Балықшылар» музейі бөлімінің меңгерушісі болып келеді.
Міне, осы азамат балықшылардың мерейін асырған VII Балықшылар слетінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғат ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. Бұл Әлішердің осы салаға сіңірген еселі еңбегіне берілген баға деп айтсақ қателеспейміз.
Расында қандай қызметте жүрсе де балық шаруашылығы саласынан қол үзбеген жерлесіміз балықтың ерекше түрі қаяз балығын өсірумен айналысып келеді.
– Балық шаруашылығы маған өте жақсы таныс саланың бірі. Табиғат ресурстарын тиімді пайдалану бағытында білім алған соң, сол білімімді іс жүзінде жүзеге асыруды көздедім. Сол мақсатта 2005 жылдан бастап «Шарткен-Ата» қоғамдық бірлестігінде бағалы балық тұқымын қайта қалпына келтіру бағытында жұмыс бастадық. Осылайша қаяз балығын өсіруді қолға алып, ата кәсіпті одан әрі жандандыруға мүмкіндік туды. Міне, сол кезде тәуекел етіп бастаған ісіміз кейін өз нәтижесін беріп, айтырлықтай жетістіктерге бастады. Өйткені балық түрін қайта көбейту, оны қайта өндірістік аулау дәрежесіне көтеру сынды аса маңызды міндеттерді жүзеге асыру қолымыздан келді, – дейді.
Еткен еңбек еш кетпейді. "Өзінің сүйікті ісін істеген адам бақытты емес, өз ісін сүйіп істеген адам бақытты" дегеннің тағы бір дәлелі осы.
Оңталап ЖОЛДАСОВ