Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық брендтің ахуалы қалай?

Аралдық брендтің ахуалы қалай?

Балықтың жаны суда. Расында Сырдың құяр сағасында, Арал теңізінің жағасында қоныстанған теңізді өңірдің халқы үшін балық шаруашылығы ата кәсіпке айналғалы қашан. Нәпақасын теңіздің табанынан сүзіп, су маржанымен мақтанатын Арал балықшыларының бүгінгі тіршілігі көңіл қуантады. Бір кездері табаны құрғап, кенезесі кепкен теңіздің арнасы қайта тола бастағаннан бері өшкеніміз тұтанып, кеткеніміз қайта келгендей болды. Неше атадан бері жалғасып, ашаршылық тұсында да жағалай қонған жұртшылықты аштықтан аман алып қалған балық шаруашылығымен қуана қауышқан жұртшылықтың қазіргі жағдайы қалай? Тарқата кетсек.
Иә, аудан аумағында балық шаруашылығы маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Осы теңіздің 18 учаскесі мен 20 көлдің 18 көлі табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге берілсе, 2 көліміз резервте. Бірақ бұл су айдындарынан теңіздің байлығын жыл бойы сүзіп алуға да болмайды. Балық аулау кезеңі осы жылдың 1 шілдесінен келесі жылдың 1 шілдесіне дейін есепке алынады, сондықтан 2021 жылдан 2022 жылға дейін Кіші Арал теңізінен 6937 тонна, Қамыстыбас көлдер жүйесіне 426 тонна, Ақшатау көлдер жүйесіне 41 тонна және Примор көлдер жүйесіне 26 тонна, жалпы айтқанда, аудан бойынша барлық лимит 7430 тонна болып бекітілген.
Бірақ балықшылық тек аулаумен ғана шектелмейді. Бүгінде балық өсіру, өңдеу бағытында да еңбек етіп келе жатқан сала мамандары бар. Нақтырақ, балық өңдеу саласы бойынша ауданда 31 балықшылар бригадасы болса, оларда 405 адам жұмыс атқарады. 200 өздігінен жүретін флот, 15өздігінен жүрмейтін флот, 6 дана үлкен кеме, 2 дана шағын кеме, 6810 құрма ау, 24 жылым, 38 кермеше ау бар. Осылардың арқасында биыл 1 ақпанға 2335 тонна балық ауланса, соның 572 тоннасы өңделген. Бұл ретте ауданда жылдық қуаттылығы 23900 мың тоннадан астам 9 балық өңдеу зауытының еңбегін ерекше атап өткен жөн. «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық балықшылар өндірістік орталығы», «СДО Қарашалаң», «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-нің балық өңдеу зауыттары балықты терең өңдеумен айналысса, «Ар-М-Кон», «Бөген СДО», «Қуаныш», Жалғасбай шағын балық өңдеу зауыттары балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады. Олардың қатарында Еуропа нарығына өнім шығаруға мүмкіндік беретін Еврокод белгісі тек екі кәсіпорын экспорттаумен жүйелі түрде айналысып, жұмысы жолға қойылған.
Бірінші ақпандағы мәліметі бойынша 228 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылса, оның ішінде Ресейге – 131 тонна, Польша – 32 тонна, Литва 65 тонна балықты аудандағы негізгі экспорттаушы кәсіпорындар "Арал СДО" ЖШС, "Agrofish 2020" ЖШС, "Қарашалаң СДО" ЖШС, ЖК "Караев Жамбыл", ЖК "Кошкарбаев С", ЖК "Мырзагазиев Ж" шығарып отыр.
Ал балық өсіру бағыты бойынша Қосжар ауылдық округінде орналасқан Қамыстыбас балық питомнигі мен оның Тастақ бөлімшесінде балық өсіруге арналған арнайы инкубациялық цехтардың бірі гуманитарлық көмек арқылы Израильден әкелінген құралдармен жабдықталған. Облыс көлемінде табиғи су айдындарының балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюджеттен жыл сайын Кіші Арал теңізіне және Ақшатау көлдер жүйесімен Приморский, Қамыстыбас көлдер жүйесіне осы «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы 14 млн 800 мың дана майда бір жылғы шабақтар және 420 мың екі жылғы шабақтар жіберіліп өсірілуде.
Иә, ғасыр жобасына баланған САРАТС-тың І кезеңінен кейін-ақ бұл кәсіптің көкжиегі айтарлықтай кеңейіп қалды. Жоғарыда айтқан 9 балық зауытының жұмыстары да арнасы толған Аралдың берекесін сезініп, кәсібін кеңейтіп отыр. Барша аралдықтың тілегі осы жобаның жалғасын табуы екені болып отыр.
Ж. Ербосынов,
аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің әдіскері
12 наурыз 2022 ж. 539 0