Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық цехы халық игілігі үшін

Балық цехы халық игілігі үшін

Тартылған теңіздің табаны тілімденіп, жағалай қоныстанған тұрғындардың үдере көшкен кездері аралдықтардың санасынан ұмытыла қоймаған болар. Келмеске кетті деген күдікпенен ауа қоныс аударған сол бір уақытта бүгінгі Арал теңізінің тіршілігі тіпті айтса аңызға айналғандай еді.
Нәпахасын теңізден тапқан жұртшылық үшін мүұнан асқан қайғы, мұнан асқан қасірет болмады. Тіпті, ертеден «өзен жағалағанның өзегі талмас» деп балықшылықты кәсіп еткен теңіз жағасындағы елдің атакәсібі де құрдымға кеткендей еді.
Қазірде, Аралға жасалып жатқан үлкен қолдаулар мен қалай болса да теңізді сақтап қаламыз, қайта қалпына келтіреміз деп мемлекет тарапынан жүзеге асырылған жүйелі жұмыстар нәтиже беріп келеді. Кеткеніміз келіп, кемтігіміз толған қазіргі күні сол бір тұралап қалған балық шаруашылығы да еңсе тіктеп, тіпті алдыңғы қатарлы кәсіптердің біріне айналды.
Сағасы суға, жағасы нуға толған Сырдария мен Арал теңізінің айданында шағаласымен қатар балықшылардың да қарасы көбейгені көңілге қуаныш, жанымызға медеу.
Қолдау бар жерде өрлеу бар деген осы болар. Бұл орайда да мемлекеттің қолдауы аса зор. Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, еңбек етемін деген жанға бетінен қақпай, барынша жағдай жасауы осы бір балықшылықты ту еткен елдің азаматтарына таптырмас мүмкіндік болып отыр.
Осы уақытқа дейін теңізге етене еніп жатқан Тастүбек пен Қаратарең, басқа да елді мекендерде балық зауыттары мен балық қабылдау және сақтау, қатыру тоңазытқыштары жұмыс жасап тұрған болатын. Енді міне, солардың қатарына Бөген ауылында тағы бір балық қабылдау және тоңызыту цехы қосылмақ. Ауданымызда балық шаруашылығын өркендету жолында елеулі еңбек атқарып жүрген Н. Әйімбетовтің бастамасымен еңсе тіктеген жаңа цехтың жалпы жобалық құны 15 миллион теңгені құрайды. Қыруар қаражат жұмсалып салынған бұл кешеннің атқарар жұмысы да қыруар болмақ. Жалпы аумағы 1 500 гектар жерді қамтыған жаңа нысанның қуаттылығы күніне 15 тоннаға дейін балық қабылдап, қатыру және жөнелту жұмыстарын еркін атқара алады.
Тағы бір қуантарлығы әрбір осындай типті цехтар тұрғындарды да жұмыспен қамтып, жұмыссыздықты жоюға аз да болса септігін тигізіп келе жатқаны жасырын емес. Бөген ауылындағы бұл нысан да әзірге 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал толықтай іске қосылған кезде 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Иә, ел игілігін өз игілігіндей көрген балықшылық кәсіптің жанашырлары ата кәсіпті жандардыру жолында қандай болмасын жұмыстан жасқанбақ емес. Себебі, балықшылық бізге мұраға қалған қазына іспетті десек қателескендік болмас.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
11 шілде 2018 ж. 1 605 0