Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алқымнан қысқан несие немесе қызылордалықтар банктерге қанша қарыз?

Алқымнан қысқан несие немесе қызылордалықтар банктерге қанша қарыз?

Қазақстан қоғамындағы күйіп тұрған мәселенің бірі – несие машақаты. Дәл қазір несие мәселесі ушығып тұр. Қарапайым халықтың алған несиесінің көбейгені сонша, тіпті тапқан табысы отбасын асырауға жетпейтін хәлге түскен. Айлығы шайлығына жетпейтін жұрттың соңғы кездегі уайымы да осы мәселемен тікелей байланысты. Өйткені көпшілік айлықтан айлыққа әрең жеткенде, табысының басым бөлігін банкке беруге мәжбүр. Несін жасырамыз, Қазақстан халқының банктер алдындағы берешегі жыл санап, тіпті күн санап артып отыр десек те болады. Сіз бен біз секілді бір айлыққа күні қарап отырған жандардың барлық қарызын қосқанда триллиондаған сома шығады. Көпшілік баспана алса да, баласын үйлендірсе де, тіпті үйіне бір мүлік алса да банктің көмегіне жүгінетін болды.

Қызылордалықтар банктерге 553 млрд 700 млн теңге қарыз

Республика жұртының жалпы қарызы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жүр. Сол себепті біз бірден қызылордалықтардың банктер алдындағы берешегі жайлы сөз қозғамақпыз. Мақаламыздағы деректер шынайы болуы үшін, оның үстіне көтерген тақырыбымыздың анық-қанығын білу мақсатында Ұлттық банктің Қызылордадағы филиалына хабарластық. Ұлттық банктің Қызылорда филиалындағы баспасөз қызметі біздің сұрауымыз бойынша мәлімет әзірлепті.

Мамандар әзірлеген ақпарат негізінде Сыр өңіріндегі халықтың банктер алдындағы берешегіне тоқталайық. Қызылорда облысы бойынша 2024 жылдың 1 ақпан деңгейіне банк секторының жалпы экономиканы несиелеу көлемі 553 млрд 700 млн теңгені құраған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,3 пайызға өскен. Жеке тұлғалардың да банктерге берешегі еселеп артқан. Қолда бар мәліметке сүйенсек, қарапайым тұрғындардың несиелері 512 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,4 пайызға артық. Мамандар заңды тұлғалардың несиелері 41,7 млрд теңгеге өскенін, яғни 26 пайызға артқанын мәлімдеді.

– Қысқа мерзімді несиелердің көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,5 пайызға азайып, 32,1 млрд теңгеге тең болды. Ұзақ мерзімді несиелердің көлемі 31,7 пайызға артып, 521,6 млрд теңгеге дейін өсті.

2024 жылдың қаңтар айында банк секторының берілген несиелер көлемі 43,7 млрд теңгені құрады. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52,3 пайызға өскен, – деп жазылған Ұлттық банктің Қызылорда филиалындағы баспасөз қызметі дайындаған ақпаратта.

«Қарызсыз қоғам» қарыздан құтқара ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында халықтың қаржылық сауаттылығына, бюджет пен макроэкономикалық саясатқа ерекше назар аударды. «Қарызсыз қоғам» жобасы арқылы халықтың әлеуетін арттыру мәселесін көтерді.

Түптеп келгенде Президенттің бұл бастамасының астарында халықты қарыздан құтқару керек деген ақ ниетті ой жатқаны анық. Президент макроэкономикалық саясатты қайта қарап, жаңартуымыз керектігін қаперге салды. Республика басшысы Жолдау барысында экономика салаларындағы реформалардың негізгі бағыттарын айқындап бергенін және оның бәрін табысты жүзеге асырудың басты шарты – макроэкономикалық тұрақтылық екенін атап өтті. Сондай-ақ қаржы, салық-бюджет және ақша-несие саясатын үйлестіру керектігін баса айтты.

Қарапайым жұрттың қарыз мәселесіне келгенде мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыс жоқ емес. Президенттің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімі мен жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттегені белгілі. Бірақ ахуалды біржолата түзеу мүмкін болмай тұр. Ол үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен халықтың қаржылық сауатын арттыру да маңызды.

– Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет, – деді Қазақстан Президенті халыққа Жолдауында.

«Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша Сыр өңірінде де бірқатар тірлік қолға алынды. Нақты қандай жұмыс атқарылып жатқанын білу үшін «Amanat» партиясының Қызылорда қалалық филиалына хабарласқан едік.

– «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Қызылорда қаласында жыл аясында 1620 азаматты қаржылық сауаттылығын арттыру курсынан өткізу жоспарланған. Бүгінде бір топта елу азаматтан бір апталық оку курстарын өткізу жұмыстары жүргізілуде. «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары қаржы кеңесшілерінің дәрістерінен бөлек, enbek.kz порталына тіркелу мен жеке кәсіп ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін жасауға дейінгі көптеген сұрақтар бойынша кеңес ала алады, – дейді «Amanat» партиясы Қызылорда қалалық филиалының кеңесшісі Дамир Амангелді.

Жалпы 2024 жылы еліміздің барлық өңірінде 200 мың адам қаражатқа жауапкершілікпен қарап, табысты арттырудың әдіс-тәсілін үйренеді деп жоспарланып отыр. Бұған қоса, мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған оқу құралдары әзірленеді. Бұл қадам 100 мыңға жуық студент пен 450 мың жоғары сынып оқушыларының сауатын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, жоба аясында 750 мың адам қамтылады. Мамандар «Amanat» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын үнемі жетілдіріп келеді деп отыр. «Amanat» партиясындағылардың айтуына қарағанда, жобаға қатысушылардың 75 пайызы әйелдер көрінеді. Оның жартысынан астамы көпбалалы аналар екен.

«Amanat» партиясы Қызылорда облыстық филиалының баспасөз хатшысы Нұрлыбек Қасымовтың сөзіне сенсек, қазірдің өзінде мыңнан аса жерлесіміз қаржылық сауаттылық бойынша білімін жетілдірген.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін атап өтіп, оның игілігін бүкіл еліміз көруі үшін ауқымын кеңейтуді тапсырды. Осыған орай тиісті органдар жобаның ауқымын кеңейту туралы арнайы меморандум әзірледі. Құжат аясында 9 мемлекеттік орган, 12 банк, Қазақстан Қаржыгерлерінің қауымдастығы және Микроқаржы ұйымдарының қауымдастығы жобаны іске асыруға қосылды. Бір ғана Қызылорда облысында қазірдің өзінде мыңнан аса азамат қаржылық сауаттылық курсынан өтті. Оқу жыл бойы жүргізілетін болады. Қазір Қызылорда қаласы, Сырдария, Жалағаш, Шиелі және Жаңақорған аудандарының тұрғындары оқып жатыр. Негізі барлық аудан мен Байқоңыр каласы тұрғындары да оқытылатын болады, – деді «Amanat» партиясы Қызылорда облыстық филиалының баспасөз хатшысы Нұрлыбек Қасымов.

Ал енді қаржылық сауаттылық курстарын кім жүргізеді деген сұраққа келсек, бұл үшін партияның орталық аппараты біліктілікті арттыру курсынан өту және аудиториямен жұмыс істеудің тәжірибелік дағдысын дамыту мақсатында 150 қаржы сарапшысын арнайы оқудан өткізді. Олар – халықтың қаржылық сауатын арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында дәріс оқитын болады. Бұл қатарда Қызылорда облысы бойынша 5 қаржы сарапшысы бар екенін айта кетейік.

Президент пәрменімен «Қарызсыз қоғам» жобасы қаржылық сауат бойынша білім беру платформасы іске қосылды. Енді аталған жобада несие бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрғандар, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқудан өте алады. Бұл жобаның нәтижесі қандай болмақ? Қаржылық сауаттылығын арттырғандар қарыздан құтыла ала ма? Бұл жағын уақыттың еншісіне қалдырайық.

Қызылордада тұтынушылық мақсатта несие алатындар көбейген

Ұлттық банктің Қызылорда филиалындағы баспасөз қызметі дайындаған ақпаратқа сүйенсек, банк секторының несиелері бойынша тұтынушылық мақсатындағы қарыз көлемі 28,8 пайызға өскен. Осылайша тұтынушылық мақсатындағы несие көлемі 338 млрд 400 млн теңгені құрап отыр. Бұл – жалпы қарыздың 61,1 пайызы. Мұнымен қоса ипотекалық қарыздың көлемі де артқан.

– Банк секторының несиелері бойынша ипотекалық қарыздың өсімі 9,7 пайызға өсіп, 73,5 млрд теңгені құрады. Кіші кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру бойынша 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 42,5 пайызға өсіп, 96,3 млрд теңгеге жеткен. 2024 жылдың қаңтар айында кіші кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиелер көлемі 7,9 млрд теңгені құрады. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,5 есе артты. Банк секторының несиелері бойынша мерзімі өткен берешектер 16,7 млрд теңге болып отыр. 2024 жылдың қаңтар айында берілген несиелер бойынша орташа сыйақы мөлшері – 20,8 пайызды, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несие бойынша – 24,8 пайызды, тұтынушылық мақсатында – 20,1 пайызды, ипотекалық несие – 8 пайызды құрады, – деп жазылған Ұлттық банктің Қызылорда филиалы әзірлеген баспасөз релизінде.

Тұрғындар не дейді?

Несиеге әбден батқан, тығырыққа тірелген кез келген адамнан сұраса да мемлекет несиемізді кешірсе екен деген сияқты ой айтатыны анық. Мұны жасырып қайтеміз? Бүгінде киетін киімі мен тұтынатын азық-түліктің өзін банк арқылы (каспи ред) алатын тұрғындар қарызға әбден батты десек те болады. Тұтынушылық бағыттағы несиенің артуына да осы жағдай әсер етіп отыр. Айлығы шайлығына жетпейтін, оның үстіне жұмыссызы да аз емес қарапайым жұрт қаржының тапшылығынан амалсыз банкке жүгінеді. Халықты мұндай күйден кім құтқарары белгісіз. Тек өйту керек, бүйту керек деп, көлгірсіп ақыл айтатындар азаймай тұр. Біз несие жайын сөз етіп, тұрғындарды әңгімеге тартқан едік...

– Қазір қымбатшылық белең алды. Базарға барсаң бір апталық азық-түліктің өзін алу үшін 20-30 мың теңге кетеді. Одан бөлек несиеміз бар. Бір айда аздап, үнемдеп тұтындық дегеннің өзінде азық-түлікке кететін қаржы 100 мыңнан асып тұр. Шынын айтқанда, несиені несие алып жабатын болдық қой, – дейді Айман Шәкенқызы есімді тұрғын.

Ал, Жақсылық Айнақожаев есімді жігіт ағасы: «Менің өзім айына 200 мың теңге несие төлеймін. Айлығымды аламын да банкке беремін. Отбасымызды асырау үшін таңертең жұмысқа дейін және кешкісін жұмыстан соң таксист боламын. Әйтпесе жетпейді. Үйдегі бала-шағаға тамақ керек, киім керек дегендей. Азық-түліктің бағасын айтпағанның өзінде құрылыс заттары да қымбат», – деп табысы несиеден артылмайтынын айтты.

Ескерте кетейік, тұрғындардың өтініші бойынша аты-жөндерін өзгертіп жаздық.

Банкрот болуға асықпаңыз

Банкроттық туралы әңгіме қозғала бастағаннан-ақ несиеге кіріптар болғандар берешегіміз кешіріле ме деп ойлай бастады. Бәрі емес әрине. Бірақ ел ішінде осындай әңгіменің болғаны рас. Оған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңның қабылдануы себеп болды. 2023 жылғы наурыз айының алғашқы күнінен жүзеге аса бастаған заңның мақсаты халықтың шектен тыс несие алуын азайту еді. Шынында, заң бойынша мыңнан аса отандасымыз банкрот деп танылды. Алайда мамандар бұл қадамға баруға асықпауға шақырады. Соның бірі экономист Мақсат Халық. Ол Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің журналистеріне берген пікірінде өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарға, қарыздың шырмауына батқан жандарға бұл заңның пайдасы тиеді деген үміттеміз деген ойын білдірген.

– Дегенмен мен азаматтарға өз-өзіңізді банкрот етуге асықпаңыз дер едім. Себебі азаматтардың басым көпшілігінің қарызы 300-400-500 мың көлеміндегі қарыздар. Бұл өзіңізді 5 жыл бойы банкрот деп жариялап тастайтындай көп қарыз емес. Себебі ертеңгі күні материалдық жағдайыңыз жақсарып, табыс таба бастаған кезде кәсіппен айналысқыңыз келуі мүмкін. Сол кезде тағы да несиеге жүгінгіңіз келсе, жолыңыз жабық, кедергі болады. Себебі банкрот болғаннан кейін 5 жылға дейін ешқандай банк сізге несие бермейді. Тіпті шетелге шыға алмайсыз. Тек екі жағдайды рұқсат етіледі, шетелде тұратын жақын адамы қайтыс болып жатса, сондай дәлелді себептер болған жағдайда ғана деп заңда көрсетілген. Мінеки, бұл банкрот деп жариялауға асықпаған да дұрыс екенін көрсетеді. Бір айта кетерлігі, өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарға, қарыздың шырмауына батқан жандарға бұл заңның пайдасы тиеді деген үміттеміз, – дейді экономист Мақсат Халық.

Қызылорлалықтардың банктердегі депозиттік салымдары артқан

Банк несиені берумен қатар халықтың ақшасын сақтаумен де айналысады. Ұлттық банктің Қызылорда филиалы әзірлеген баспасөз релизінде 2024 жылдың 1 ақпан деңгейіне облыстағы заңды және жеке тұлғалардың банктердегі салымдары 2023 жылдың cәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,3 пайызға өсіп, 418,4 млрд теңгені құрағаны жазылған. Алайда заңды тұлғалардың салымдары 150,5 млрд теңгеге 5,6 пайызға төмендеген. Жеке тұлғалалардың салымдары 37,8 пайызға дейін өсіп, 267,9 млрд теңгеге жетіп отыр екен.

– 2024 жылдың 1 ақпан деңгейіне облыстағы депозиттердің жалпы мөлшері (ағымдағы шоттарды қоспағанда) 2023 жылдың cәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,8 пайызға өсіп, 294,8 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың салымдары 64,1 млрд теңгені құрап, 1,6 есе артты. Жеке тұлғалардың салымдары 31,1 пайызға дейін өсіп, 230,7 млрд теңгені құрады. Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі (ағымдағы шоттарды қоспағанда) 40 пайызға өсіп, 252 млрд теңгені құраса, шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 2023 жылдың cәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,4 пайызға өсіп, 42,8 млрд теңгеге жетіп отыр, – деп жазылған Ұлттық банктің Қызылорда филиалы әзірлеген баспасөз қағазында.

Түйін

Несиенің талай адамды алқымнан алып тұрғаны жасырын емес. Халықтың қаржылық сауатын арттыру мен банкроттық туралы заңның қаншалықты нәтиже беретінін әзірге ешкім дөп басып айтып бере алмайды. Өкініштісі сол, қазір бір ғана шындық бар. Ол – қарапайым халықтың белшеден қарызға батқаны. Бір ғана Қызылорда облысындағы халықтың өзінің 500 млрд теңгеден астам қарызы бар. Сұмдық қой. Осыдан-ақ елдегі ахуалдың қандай екенін аңғара беріңіз. Көз алдыңызға суға батып бара жатқан адамды елестетіп көріңізші. Несиесін төлей алмай, банк алқымынан алған адам да дәл солай. Дәл қазір кеуде түгілі кеңірдектен асып, еріннің деңгейіне жетіп қалды. Енді көмек болмаса суды жұтып, батып кеткен адам сияқты несие төлеушілер де құрдымға кетуі әбден мүмкін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – осы.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz
Фото: naryk.kz
27 наурыз 2024 ж. 241 0