Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Несиемен өрілген өмір

Несиемен өрілген өмір

Қазір бәрі несиеге беріледі. Ішер ас, киер киімнің бәрін жұрт несиеге алуды әдетке айналдырғаны қашан. Қалтаңыз жұқара қалса, бұрынғыдай дүкеншінің қас-қабағын бағып, қарыз сұрамайсыз. Несиеге кез келген дүниені алуға болады. Қарызын қайтара алмай аузы күйген кәсіпкерлер де бұл ретте пайыздық мөлшерлемесін қосып, сізге бөліп төлеуге беруге қуана келісе кетеді. Қазір несиесіз адам кем де кем. Бұл ретте банктер тарапынан да тиімді ұсыныстар әзірленген. Қазір екінші деңгейлі банктердің кез келгені бөліп төлеуге арналған түрлі төлем карталарын әзірлеп қойған. Ол сіздің айлық табысыңыз бен төлеу мүмкіндігіңізді ескерместен беріледі. Ендеше бүгінде мінсіз өмірін несиемен өрнектеп, тапқан табысы несие төлеуден артылмайтын жандарға назар аудармақпыз.
Қазақстанда 21 жастан асқан адам несиеге қол жеткізе алады. Психологтың айтуынша, қарызға тәуелділік адам санасында аяқ астынан қалыптасқан жоқ, ол ертеден бар құбылыс. Несиеге, қарызға тәуелділік адамның түрлі психологиялық күйіне тән. «Көп жағдайда бұл симптомға шалдыққандар қаржылық жағдайын түзетуді емес, белгілі бір эмоцияны сезінгісі келеді. Жеке бюджетін сауатты жоспарлауды білмейтін, қызыққан нәрсенің бәрін алғысы кеп тұрудан да туындайды. Бұл қатардағы адамдар «бүгін жолым болмаса, ертең сәті түсер, қарыздан құтылармын» деген жеңіл оймен өмір сүреді. Бірақ қаржылық жағдайы жақсармаса, уақыт өте келе қарызды қарызбен жамайды. Бұл – бір жағынан белгілі бір эмоцияны қайта сезінгісі келу немесе оңай жолмен мәселені шешу. Несиеге алудың өзі жұмыс істемей-ақ, қалаған нәрсеге ерте қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан кейбір адамдар осы жақсы сезімді сезінуден бас тартпайды» деген уәждер келтіреді мамандар.
Қазіргі күні миллиондап несие алып, қарызға батқандардың бірі – Гүлжанат. Ол түрлі сайттар мен интернет магазиндерден қызықтырған затын алу үшін несие карталарын пайдаланған. Ақырында тапқан табысы қарызын жабуға жетпеген соң қомақты кредит алуға мәжбүр болған.
– Өзімнің тұрақты жұмысым бар. Бірақ айлығым анау айтқандай аз болмаса да орта топқа жатады. Әлі тұрмысқа шыққан жоқпын. Ата-анам ауылда тұрады. Мен жұмыстың ыңғайына қарай қалада пәтер жалдап тұрып жатырмын. Тұрақты жұмысым болған соң маған кез келген банк несиені оңай рәсімдей салады. Олардың көбі айлық табысқа жіті назар сала бермейтін болған соң бірнеше банктің бөліп төлеуге қолайлы карталарын аштырып алдым. Түрлі сайттар мен интернет магазиндерден өзіме ұнаған киімдер, косметика, әшекей-бұйымдар, басқа да тұрмысқа қажетті заттарды сатып алып отырдым. Ол жерде бізден едәуір арзан бағада ұсынылғандықтан, ойланбастан карта арқылы төлем жасап тапсырыс бере бердім. Бірақ өкінішке орай алған кейбір заттарым сапасыз, сыртындағы суретінен тым басқа болып келді. Оны кері қайтара алмадым. Осылай бірін пайдалансам, бірі іске алғысыз болып қалды. Ал мындағы қарыздарым шаш етектен асты. Айлығым тек несие мен пәтер ақысын төлеуге ғана жететін болған соң әр жердегі майда-шүйде берешектерімді біріктіріп, қомақты несие алуыма тура келді, – деген бойжеткен өзінің көрсеқызарлығына өкінеді.
Ұлттық банктің мәліметінше, 2023 жылы 7 миллионнан астам қазақстандықтың банк алдында берешегі бары анықталған. Несиенің жалпы сомасы 15 триллионнан астам теңгені құрап отыр.
Ұялы телефон, тұрмысқа қажетті техникалар, автокөлік, қомақты қаражаттан бөлек, қазір, тіпті киім мен азық-түлікті несиеге алу қиын емес. Қазақтардың үйленгеннен бастап, үй болғанға дейінгі әрекеті несиеге байланған. Мамандар мұны қаржылық сауаттық жоқтығынан деген уәж айтады. Себебі елдегі халықтың тең жартысы депозиттік салымдар емес, алған қаржысының жартысындай өсімді қоса қайтаратын банктердің бірнешеуіне несие төлеп, әлек болуда.
Бірнеше жыл екінші деңгейлі банктің Арал аудандық бөлімшесінде жұмыс істеген Жеңісбек Аралбекұлы несие алуға ниетті аралдықтардың көп екендігін айтады.
– Банк тарапынан несие ұсыну бізге қолайлы. Өйткені қосымша сыйақы төленеді. 5 жылда байқағаным тұрғындар кез келген қажеттілікті несиенің көмегімен шешкісі келеді. Біз алдымызға келген тұтынушыдан несиені не мақсатта алып жатқандығын сұраймыз. Сонда олардың көбі баласын үйлендіру үшін, үй салу, көлік алу сияқты қажеттіліктен бастап майда-шүйде дүниелер үшін де несиеге бас қояды. Келісімшартқа да мұқият назар аударатындар некен-саяқ. Сұраған қаржысын мақұлдағанда ол адамнан бақытты жан жоқтай көрінеді, – дейді ол.
Қазір нарық пен маркетингтің дәуірі. Бірақ, дей тұрғанмен халық әлі де айлықтан айлыққа әзер жетіп өмір сүруге үйреніп қалған. Айдың соңы айлыққа жетпей тұралаған халық жаппай банктің түрлі карталары арқылы қажетін өтеуге асығады. Сарапшылардың зерттеуіне мән берсек, адамдар материалдық, қаржылық жетіспеушіліктен қарызбен жабуға мәжбүр болады екен.
Әрине, несие төңірегінде айтылар әңгіме аз емес. Кірісін жүйелі есептей білмей банктердің бірнешеуіне қарыз болып соттың алдын тоздырғандар да бар. Соңғы жылдары халықтың осындай қаржылық қиындыққа тап болғанын ескерген президент банкроттық туралы да заңды бекіткен еді. Бұл белгілі бір себеппен банк алдында берешегін өтей алмай жүргендерге рақымшылық жасауға бағытталған. Арал ауданында заң күшіне енгелі бері өтініш берген 12 тұлға банкрот деп танылған көрінеді.
Бізге көрсеқызарлықтан арылып, көрпеге қарай көсілуді үйрену керек сияқты. Қаржыны мақсатты пайдаланып, үнемді жұмсауды үйренбесек, несиеден бас көтермей өтуіміз бек мүмкін. Бұрындары несие болмаған кезде де адамдар жаман өмір сүрген жоқ. Қазіргі жаппай қарызға батумыздың жалғыз себебі – өзіміздің қаржылық сауатымыздың төмендігі мен қажетті де қажетсіз дүниені несиеге алуды дағдыға айналдырып алғанымыз. Айына шаққанда болмашы сумманы көрсеткенге мәз болып «қайда қалмай жатыр. Одан да алып қойсам бір дүние болып қалады» деп өзімізді жұбатамыз. Ал сол ай сайынғы төлейтін болмашы теңгеңіз жылдармен есептелгенде қалтаңызды опырып түсер қомақты қаражат шықпай ма?!
Осындайда қарыз күліп кіріп, жылап шығатынын әркез есте ұстаған жөн.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ

Фото: egemen.kz
27 сәуір 2024 ж. 347 0