Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайн кредит кешіріле ме?

Онлайн кредит кешіріле ме?

Жасыратыны жоқ, бүкіл дүние жүзі халықтары несиемен өмір сүруде. Біздің елімізде де несие алып, кредиттің қамытын киіп отырған жандар қатары көбеймесе, азайып отырған жоқ. Жақында «28 мың қазақстандықтың микроқаржы ұйымдарына қарызы кешіріледі» деген хабар елді елең еткізді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне несиеге қатысты Мәжіліс депутаттарының сауалына агенттік төрағасының бірінші орынбасары Н.Әбдірахманов: «Жыл соңына дейін микроқаржы ұйымдары 33,1 миллиард теңге сомасына 432 мың қарыз алушының проблемалық берешегін қайта құрылымдауды жоспарлаған. Ал 107 мың қарыз алушының 0,8 миллиард теңгесі ішінара, ал 28 мың адамның несиесі толық кешіріледі» деп жауап берген. Экономист М.Халықтың сөзінше: «елде жалпы сомасы 600 миллион теңге несие кешіріледі, оны адам санына бөлгенде кешірілетін несие 20 мың теңге ғана екен» дейді. Оның айтуынша, 28 мың азаматтың несиесі кешіріледі деп ақпарат тарату қателік деп ойлаймын. Себебі 600 миллион теңгені 28 мың адамға бөлсе, бар болғаны 20 мың теңге шығады екен. Экономистің пайымдауынша, бұл – микроқаржы ұйымдарының несиелері. Бұл ұйымдардың мақсаты – өз несие портфельдерін тазалау. Кейбір азаматтар 20 мың немесе 50 мың теңге алып немесе біреудің атынан басқа біреу несие алып тастаған, ал оны төлемей жүр. Сондай несиелерді кешіріп жатқан болуы керек. Сөйтіп, төленбейтін несиені кешіру арқылы микроқаржы ұйымдары қаржылық несие рейтингін көтермекші. Егер төленбеген несие көбейсе, банк немесе компанияға ешкім қарызға ақша бермейді. Берген жағдайда пайызын көбейтіп береді. Микроқаржылық ұйымдар несие мүлде қайтпайтынын, төленбейтінін түсінген кезде оны жоюға тырысады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, еліміздегі жеке тұлғалардың мойнындағы несиенің жалпы сомасы 13 трлн теңгеден асқан. Жеке тұлғалардың кредиттері 2022 жылғы қыркүйекте 13,1 трлн теңге болды. Жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды жалғастыру нәтижесінде ипотекалық кредиттеу 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Сондай-ақ тұтыну қарыздары 7,2 трлн теңгеге дейін өскен. Қала тұрғыны Ерке Рүстемқызы: – Онлайн кредитті алып көрмеген қазақ жоқ шығар деп ойлаймын. Бәріміз алып көрдік. Әрине, қатты қиналған кезде аламыз, бірақ төлеуге келген кезде проценті өте көп, көбейіп кетеді екен. Елімізде онлайн несие алып, опық жеген тек Ерке емес. Кейбір тұрғындар онлайн, яғни үйден шықпайақ қалтасын қалыңдатуды әдетке айналдырған. Сондай жанның бірі Омар атты азамат: – Кішігірім қаржыны аламын да, қайтып жауып тастаймын. Қиналып тұрған кезде алуға болады. Негізі кредитті кешірген дұрыс деп ойлаймын. Халыққа азғантай болса да көмектессе жақсы болар еді. Осындай қиын заманда біреу кішкене көмек жасаса артық болмайды ғой, – дейді. Қазақстанда 246 микроқаржы ұйымы мен тек онлайн қызмет көрсететін 25 компания бар екен. Олар жыл басынан бері 100 миллиард теңгеден астам шағын несие берген. Бірақ оның 45 миллиардтан астамы әлі толық өтелмеген. Осыны ескерген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жыл соңына дейін 28 мың адамның несиесін кешірмек. Жыл да аяқталуға таяу. Кешірілетін несиеге байланысты ел ішінде түрлі әңгіме айтылғанмен, микроқаржы ұйымдары оны қалай жүзеге асыратыны уақыттың еншісінде.
К.МАХСҰТ
22 қараша 2022 ж. 708 0