Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Әр адамға шаққанда 20 мың теңгеден ғана шығады": Экономист қай азаматтардың несиесі кешірілетінін түсіндіріп берді

"Әр адамға шаққанда 20 мың теңгеден ғана шығады": Экономист қай азаматтардың несиесі кешірілетінін түсіндіріп берді

Экономист Мақсат Халық Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында қай азаматтардың несиесі кешірілетінін айтты. Оның сөзінше, қазір елде жалпы сомасы 600 миллион теңге несие кешірілмек. Алайда адам санына бөлгенде кешірілетін несие 20 мың теңге ғана екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мақсат Халықтың сөзінше, 28 мың азаматтың несиесі кешіріледі деп ақпарат тарату қателік екен. Себебі 600 миллион теңгені 28 мың адамға бөлсе, бар болғаны 20 мың теңге шығады.
"Сонда әр адамның 20 мың теңгесін кешірмекші. Бұл айқайлап жасайтын дүние емес. Енді кімнің несиесі деген мәселеге келсек, менің ойымша, бұл – микроқаржы ұйымдарының несиелері. Қазір мұндай ұйымдар өз несие портфельдерін тазалап алмақшы. Кей азаматтар 20 мың немесе 50 мың теңге алып, бірақ қарызы сол күйі төленбей қалған. Болмаса біреудің атына алаяқтар несие рәсімдеуі мүмкін. Мұндай қаржының төленбейтіні анық. Осындай несиелер кешіріліп жатса керек. Ал мұны халықтың несиесін кешіріп жатқандай етіп көрсету қылмыс санатына да қосылуы мүмкін. Бұлай халық арасында дүрбелең салуға болмайды", – дейді экономист. 
Сонымен қатар төленбейтін несиені кешіру арқылы микроқаржы ұйымдары қаржылық несие рейтингін көтере алады екен.
"Қайтпайтын несиені тазартқан дұрыс. Сәйкесінше компания шешім қабылдап, қаржылық несие рейтингін көтереді. Ал мұнда мемлекеттің еш қатысы жоқ. Халық үшін несиені мемлекет төлеп бермейді. Егер төленбеген несие көбейсе, банк немесе компанияға ешкім қарызға ақша бермейді. Берген күннің өзінде пайызын өсіреді. Сондықтан анық қайтпайтын несиені жоюға тырысады. Мұны несиені кешіру емес, "несиені жою" деп атаған дұрыс", – деп түсіндірді сарапшы. 
Ал несиесі ішінара кешірілетін 107 мың азаматтың несиесі қайта тексеріледі екен. 
"Кім несиесін қайтара алады, олар қарызын өтеуге міндеттеледі. Ал асыраушысынан айырылғандар, алаяқтардың құрбаны болғандар анықталады. Қиын жағдайға тап болған азаматтардың 0,8 миллиард теңге болатын қарызы кешіріледі", – дейді сарапшы.

stan.kz
09 қараша 2022 ж. 386 0