57 мыңға жуық адамның несиесі кешірілуі мүмкін - Министр

Оның айтуынша, алдыңғы акция аясында кейбір азаматтардың құжаттары "ресми дерек қорында болмағандықтан" құжаттарын толық әзірлеп үлгермей, жеңілдікке ілінбеген.
"Екі ай бойы осы жұмысты жасадық. Осылайша 1 қарашаға дейін соның бәрін жасап, қосымша 57 мыңға жуық азаматты осы жеңілдік алуға құқығы бар адам ретінде белгіледік. Үкіметке ұсыныс жасап, тиісті қаражат бөлу (9,4 миллиард теңге - Б.Н.) үшін әрекет жасадық. Жылдың аяғына дейін қаржылық мәселе шешілсе, осы 57 мың адамның несиесі өтелетін болады" деді Біржан Нұрымбетов.
Биыл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 маусымдағы жарлығымен 500 мыңнан астам адамның 300 мың теңгеге дейін несиесі кешірілді. Оған бюджеттен 106 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бұл акция ресми түрде 5 қыркүйекте аяқталған. Бұған дейін кейбір аймақта тұрғындар "несиесі кешірілуі тиіс" азаматтар санатына жатса да, өздерінің жеңілдікке ілінбегеніне наразы болған.
Тоқаев жарлығына сәйкес, маусымның 1-іне дейінгі жалпы қарызы 3 миллион теңгеден аспайтын көп балалылардың, асыраушысынан айрылған отбасылар мен мүгедек бала бағатындардың, ата-анасыз қалған 29 жасқа дейінгі жастардың 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешірілуі тиіс болған.