Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Қарызсыз қоғам": тығырықтан шығар жол қайсы?

"Қарызсыз қоғам": тығырықтан шығар жол қайсы?

Қайда барып құтылам банк сенен?
Саясатың сұрқия анық сенем.
Уәдеңнің өзінен у тамшылап,
Азабың аз болмай тұр халық шегер, – деген өлең жолдарын осыдан 7-8 жылдардың мұғдарында жиі естуші едік. Сол кезде «Банктың несі жаман? Қысылғанда сұраған ақшаңды ағайын бермесе банк берер. Бұл үлкен көмек емес пе?» деген ой көңіл сарайында қылаң беретін. Мән бермеппіз. Жарнамасы өтті ме әлде жеңілдігі жетті ме бір айналдырғанда шыр айналдырып ақыры сол банктың шырмауына өзіміз тұтылдық. Бастапқыда жалақының үштен бірі осы несиені төлеуге кететін. Қазір бұл көрсеткіш те жоғарылап бара жатыр.
Салыстырмалы кезеңмен алсақ 2018 жылы жалпы қазақстандықтардың несие берешегі 6 триллионға жуықтаған. Содан бері статистиканың қолға тұрмас сусылдақ көрсеткіші ай сайын құбылып, қазіргі кезеңмен салыстырғанда 3-4 есеге артып отыр. 2023 жылдың қорытынды кезеңімен есептегенде қазақстандықтар банктерге 18,2 триллион теңге қарыз. 2022 жылы бұл көрсеткіш 13 триллионның шамасында болса бір жылда халық 5 триллион қарыз болған. Бұл енді сұмдық көрсеткіш. Демек, елдің жағдайы жылдан жылға төмендеп бара жатыр деген сөз. Әлеуметтің әлеуетін арттырамыз деген ел Үкіметі бүгінде нақты іспен емес, құбылмалы көрсеткіштермен күресіп әлек. Бағада байлам, кәсіпкерден қайран жоқ. Шын туайтына келгенде, қарапайым халық тамақтың өзін қарызға алып жеуге мәжбүр. Біздің айтып отырғанымыз қарызға жаздырып қою емес. Кәдімгі кредит немесе редке азық алатындардың қатары көбейген. Әлгінде біз айтып отырған таныс-тамырға жаздырып қоятын ағайынның қарызы жоғарыда айтып өткен триллиондарға қосылмайды. Оның қоса есептесек қазақтың жағдайы шынымен мүшкіл екеніне көз жеткізерсіз. Бәзбіреулер мұны халықтың қаржылық сауаттылығынан болып отырған көрсеткіш дейді. Алайда қарапайым өмір сүру үшін ақылға сыймайтын логиканы ойлап табудың керегі жоқ шығар. Бұл кәдімгі қоғамның тұрақсыз өсімі, қала берді қымбатшылықтан пайда болып отырған қарыз. Пайыздармен күресуді білмейтін билік бөлінген ақшаны жаратуды ойлап әлек болып жүргенде, жұпыны ағайынның азапты өмірі алаңсыз өтіп жатыр.
Қазір үлкен супермаркеттерге бас сұғып, шағын көлемдегі сырғытпа себетті толтырып зат алсаңыз бағасы бірден 30-40 мың теңгеге бір-ақ айналады. Бұл ананы-мынаны алудан бас тартып, тек ішіп-жемге ғана көңіл қойғандағы көрсеткіш. Бәлкім біреулердің көзімен біз аз сауда жасайтын болармыз. Шаңырағында адам саны көп әулеттердің айлық азық-түлігіне кететін ақшаның саны бұдан 2-3 есеге артық болуы мүмкін. Бұл дәл қазіргі қоғамның боямасыз көрінісі.
Жыл басында ҚР Мәжіліс депутаты Р.Зайтов 4-5 мүшесі бар шағын отбасының айлық жалақысын есептеп, сенбейтіндерге қолға таяқ ұстатқандай етіп статистика келтіріп берген еді. Ол сол кездің өзінде Астананың бағасын айтып жобалады. Жалақыны бізге қарағанда жақсы алатын елордалықтардың өзі ептеп өмір сүруге мәжбүр. Ашығын айтсақ, аралдықтардың да шекесі шылқып отырғаны шамалы. Соңғы естіген мәліметті айтайын, 25 келілік ұнның бағасы 7500 теңге екен. Жағамды ұстадым. Сонда бір отбасы бір ай тұтынатын 50 келілік ұнның бағасы 15 мыңның жобасына барады деген сөз. Осындай ақылға сыймайтын аласұрған бағалар бүгінгі халықтың басын айналдырып отыр. Ол өтірік емес.
Жасасаң қайыр, қарыз деп айтпа, жарқыным!
Қарыз ғып берсең, қажет те емес алтының.
Өгіз боп саған өткерер менің жайым жоқ,
Өмірдің қалған тамтығын, – деген ақиын ақын Мұқағалидің өзі қарыз қамытынан қорқып, осы бір өлең жолдарын шығарыпты. Шынымен қазіргі таңда қарызға берілмейтін зат жоқ. Атағы айға жетіп тұрған Каспий банк бүгінде алып маркетингке айналып, сіріңкеден бастап қарызға зат беретін болған. Ішінен жаныңызға керектіні табасыз. Сөйтіп керек заттың жиынтығын онлайн себетке салып, шыққан соманы қарыз қып артып аласыз. Осылай басталған сауданың соңын Мұқағалиша айтсақ, жылдар бойы өгіз боп өткеруге тура келеді.
Иә, несие деген жаттанды түсінік санамызға енгелі қорқынышты түске айналып, әрбір адамның басына бейнет болып жабысты. Тапқанын там-тұқтайтын ағайын айлығын шайлығына жеткізе алмай әлек. Біз жоғарыда айтып өткен ақылға сыймайтын цифрлар жақында ғана Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың тарапынан айтылған. Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінде депутаттың айтуынша экономиканың жай-күйін бейнелейтін бірқатар көрсеткіштер әлі де көңіл көншітпейтінге ұқсайды. Шындығында нақты солай ғой.
– Елімізде жұмыс істейтін 10 миллион адамның 9 миллионында несие бар болса, ал борышкерлер реестрінде қарызы бар жеке тұлғалардың саны – 3,5 миллион адам. Сондай-ақ, тұтынушылық несие көлемі 2022 жылы 13,2 трлн теңге болса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 18,2 трлн теңгені құрап отыр. Яғни 1 жылда несие алушылардың сомасы 5 триллионға өсті, – деді ол.
Елді ойлап алаңдаған азаматтың пайымынша, бұл цифрлар – халықтың қарызға өмір сүріп жатқанының нақты белгісі. 18 трлн. теңге көлеміндегі тұтынушылық несие – еліміздің жылдық бюджетінің 78 пайызына пара-пар екен. Бұлай кете беретін болса алдағы жылдардың көрсеткішін нақтылау қиын. «Шешінген судан тайынбас» деп ақыры қарызға кірген ағайын мүмкіндіктердің барлығын соңына дейін пайдаланып, қарыз төлеуден бір жола бас тартуы бек мүмкін. Онсыз да осындай ұрандар кей-кейде әлеуметтік желілерден қылаң береді. Осылайша, бұл несиелердің уақытылы төленбеуі еліміздің қаржы жүйесін бір күнде техникалық құлдырауға әкеліп, қисынсыз көтеріліске апарып соғуы бек мүмкін.
– 2023 жылғы бюджет қаражатының 489 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалған. Оның ішінде, 70 млрд теңге игерілмеген, 87 млрд теңге қазыналық шотта қалып қойған. Ең өкініштісі, бұл жылдан жылға қайталанып келеді. Бұдан бөлек, ел болып табатынымыз – 14,5 триллион теңге, ал жұмсайтынымыз – шамамен 23 трлн. Яғни 35 процент мемлекеттік бюджет қарыздан, қордан құралады. Бұл – өте қауіпті құбылыс, яғни қаржылық баланс жоқ, – деді депутат Е.Бейсенбаев.
Иә, айтуға ауыз бармайтын «Қаңтар оқиғасы» осы қымбатшылықтан болды емес пе? Халық біріксе дүлей күшке айналады. Жолындағсын жайпап, құрылымдар мен қауіпсіздік күштерін қоғадай жапырып өтетін мұндай бүліктің біздің елге керегі жоқ. Құдай бетін әрмен қылсын. Тек заманымыз тыныш болсын дейміз. Бірақ ол үшін де әрбір азаматымыздың көңілі тыныш болуы керек секілді. Осы қарызға батқан қазіргі қоғамның бір мүшесі ретінде әр адамның айтар өз ақиқаты бар деген ойдамыз. Қайткенмен жұрт қарызды бар болғаннан алмайды ғой. Жетіп тұрса несі бар.
– Алатынымыз 150 мыңдай айлық. Онда да мен жұмыссызбын. Айтып отырғаным жолдасымның жалақысы. Қазір жұмысқа тұру да қиындап кетті. Диплом бола тұра дымсыз жүргенім жаныма батады. Жұмыс сұрап талай есікті тоздырдым. Барлығы да жылы сөйлеп есік жапқанша жағынады. Мейлі, бірін айтып біріне кетпейік. Сауылыңыз қымбатшылық және қарызға байланысты болса, ел ішкен уды біз де ішіп жатырмыз. Анадан, мынадан артық-кембіз деп айтуға да қорқатын болдық. Сол бір өтіп жатқан өмір әйтеуір. Былай тартсаң былай жетпейді. Жасырмай-ақ қояйын кейде тамақты редке алатын кездер болады. Ай сайын киім алып, той-жиынға баруды да соңғы кездері қысқартып жатырмыз. Кейде шақырған жерге сылтау айтуды көбейттік пе деп ойлаймын. Жағдай соған мәжбүр етсе, амал қайсы? Қазір азық-түліктің бәрі қымбат. Кейде бала жылап, ананы-мынаны алып беруге дүкенге бара қалсаң 2-3 мыңның басына су құйып шығасың. Есептесек күнделікті жүріп-тұруымыз, ішіп-жеміміздің өзіне 3-4 мың теңге кетеді екен. Несие деген бәле онсыз да жетеді. Жалақымыздың жартысынан көбі осы несиені төлеуге кетеді. Төлемесің жан-жақтан қысып деміңді тарылтады. Ағайынға шағып, атағыңды аспандатып жіберетінін қайтерсіз. Шоттардың барлығы бұғатталады. Осылайша жалақы жыры басталады. Мұндай жағдай да өтті басымыздан. Содан кейін ішіп-жемесек те алдымен несие төлейтін болдық, – дейді аты-жөнін айтпауды өтінген көпбалалы ана.
Түйін. Иә, қазір бұзау тігіп, бұқа сұрайтындардың заманы өтіп жатыр. Құмар ойынға құмартқандардың қатары да артуда. Бұл да жығылғанға жұдырық болып тұр. Ойша байып, бизнес класта өмір сүргісі келетіндердің кемшілігі де әрбір отбасыға оңай соғып тұрған жоқ. Сол дертпен дер кезінде күрессең бетін қайтаруға болатын шығар, алайда соны пайымдай алмай қарызға белшесінен батып жатқан жандар қаншама?! Міне, осы сынды қоғам қасіреті қазіргі қазақты титықтатып барады. Өлшеулі өмірдің көбін қарыз төлеумен өткеріп жатқан ұлттың ұлы істерге ұмтылып, жаңалық аша қоюы екі талай. Адасқандар Алладан жәрдем сұрайды. Осыдан басқасының барлығы бекершілік сияқты меніңше... Не болса да, Жаратқан жеңілдігін берсін!
А.ҚАРАСАЙ

Сурет: egemen.kz
08 маусым 2024 ж. 261 0