Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда ҰБТ өткізу ережесіне тағы өзгерістер енгізілді

Қазақстанда ҰБТ өткізу ережесіне тағы өзгерістер енгізілді

Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылы 28 маусымдағы бұйрығымен Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп жазады Egemen.kz.

Құжатта шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары топтарының түсушілерін қоспағанда, түлектер Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (оқу тілі) және екі бейіндік пән бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтетіні белгіленген.

Қысқартылған оқу мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары топтары бойынша даярлаудың ұқсас бағыттарына түсушілерді қоспағанда, Қазақстан азаматы саналмайтын ұлты қазақ адамдар оқу сауаттылығы (оқу тілі) және екі бейіндік пән бойынша ҰБТ тапсырады.

Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер Қазақстан тарихы және оқу сауаттылығы (оқу тілі) бойынша ҰБТ тапсырады.

Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары топтарына түсуші Қазақстан азаматы саналмайтын ұлты қазақ адамдар Оқу сауаттылығы (оқу тілі) бойынша ҰБТ тапсырады.

Шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсушілерді қоспағанда, қысқартылған оқу мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша даярлаудың ұқсас бағыттарына түсетін адамдар, оның ішінде Қазақстан азаматы саналмайтын ұлты қазақ адамдар Ұлттық бірыңғай тестілеуді жалпы кәсіптік және арнайы пәндер бойынша тапсырады.

Шығармашылық дайындықты талап ететін, қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламаларының ұқсас бағыттарына оқуға түсуші адамдар, оның ішінде Қазақстан азаматы саналмайтын ұлты қазақ адамдар үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуді арнайы пән бойынша өткізіледі.

"Педагогикалық ғылымдар" білім беру саласы бойынша білім беру бағдарламалары тобына ауысатындарды қоспағанда, шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген тұлғалар екі бейіндік бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді.

Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары топтарынан ауысатындарды қоспағанда, басқа білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және "Педагогикалық ғылымдар" білім беру саласы бойынша білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген тұлғалар Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (оқу тілі) және екі бейіндік пән бойынша ҰБТ тапсырады.

Қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламаларының ұқсас бағыттарына оқуға түсушілерді қоспағанда, орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері үшін ҰБТ тест тапсырмаларының саны:

Қазақстан тарихы бойынша – 20;
математикалық сауаттылық бойынша – 10;
оқу сауаттылығы (оқу тілі) бойынша – 10;
бірінші бейіндік пән бойынша – 40;
екінші бейіндік пән бойынша – 40.
Қысқартылған оқу мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары топтары бойынша даярлаудың ұқсас бағыттарына түсетін адамдарды қоспағанда, Қазақстан азаматы емес ұлты қазақ адамдар үшін ҰБТ тест тапсырмаларының саны:

оқу сауаттылығы (оқу тілі) бойынша – 10;
бірінші бейіндік пән бойынша – 40;
екінші бейіндік пән бойынша – 40.

Қысқартылған оқу мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары топтары бойынша даярлаудың ұқсас бағыттарына түсетін адамдарды қоспағанда, шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсуші Қазақстан азаматы саналмайтын ұлты қазақ адамдар үшін Оқу сауаттылығы (оқу тілі) бойынша ҰБТ тест тапсырмаларының саны – 10.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің бейіндік пәндері көрсетілген білім беру бағдарламалары топтарының тізбесі осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес белгіленген.

Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және басқа білім беру бағдарламалары тобына ақылы негізде ауысуға ниет білдірген тұлғалар үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудегі тест тапсырмаларының саны:

бірінші бейіндік пән бойынша – 40;
екінші бейіндік пән бойынша – 40.

Қазақ тілін В1 (орта) деңгейден төмен емес меңгергенін растайтын ҚАЗТЕСТ сертификаты бар тұлғалар қалауы бойынша ҰБТ-ның "Қазақ тілі" бейіндік пәнінен немесе арнайы пәнінен тест тапсырудан босатылады және Үлгілік қағидалардың 4-2 тармағына және 2-2-қосымшасында белгіленген балдарды ауыстыру шкаласына сәйкес білім беру грантын тағайындау конкурсына қатыса алады және (немесе) ЖЖОКБҰ-ға ақылы негізде оқуға қабылдана алады.

"Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымының білім беру бағдарламалары бойынша оқуларын аяқтаған бітірушілерге ҰБТ сертификаттары Үлгілік қағидалардың 4-3-тармағына және "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы бітірушілерінің оқудағы нәтижелерінің сырттай бағалау балдарын ҰБТ балдарына ауыстыру шкаласы 2-3-қосымшаға сәйкес оқу нәтижелерінің сырттай бағалау балдарын ҰБТ-ның балдарына ауыстыру негізінде беріледі.

ҰБТ бойынша ең жоғары балл – 140 балл.

Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсетін тұлғалар үшін ҰБТ бойынша ең жоғары балл – 130 балл.

Қысқартылған оқу мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары топтары бойынша даярлаудың ұқсас бағыттарына түсетін адамдарды қоспағанда, шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсуші Қазақстан азаматы саналмайтын ұлты қазақ адамдар үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша ең жоғары балл –110 баллды құрайды.

Шектеу іс-шаралары жүзеге асырылған, оның ішінде карантин, төтенше жағдай енгізілген, жаһандық немесе өңірлік, сондай-ақ жергілікті ауқымдағы әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар (одан әрі - шектеу іс-шаралары) туындаған кезде ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган өтініштерді қабылдау жәнеҰлттық бірыңғай тестілеу өткізу мерзімдеріне өзгеріс енгізеді.

Шектеу іс-шаралары кезінде жүргізілген Ұлттық бірыңғай тестілеуде төмен нәтижелер алған жағдайда республикалық бюджет немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білімнің білім беру грантын тағайындау конкурсында түсушінің қалауы бойынша жүргізілген ҰБТ-дің ең жақсы нәтижесі ескеріледі.

ҰБТ ұзақтығы - 240 минут (4 сағат);

Тестілеудің 60 минуты өткеннен кейін жаттығуларға арналған 2 минут көлемінде үзіліс жүзеге асырылады;
120 минут тестілеу аяқталғаннан кейін жаттығуларға арналған 3 минут көлемінде үзіліс беріледі;
180 минут тестілеу аяқталғаннан кейін 3 минут көлемінде үзіліс беріледі;
Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсушілер үшін тестілеу ұзақтығы – 70 минут;
Қысқартылған оқу мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары топтары бойынша даярлаудың ұқсас бағыттарына түсетін адамдарды қоспағанда, Қазақстан азаматы емес ұлты қазақ адамдар үшін тестілеудің ұзақтығы – 150 минут (2 сағат 30 минут);
Шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына түсуші Қазақстан азаматы емес ұлты қазақ адамдар үшін тестілеудің ұзақтығы – 20 минут;
Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобы бойынша ЖЖОКБҰ – ның білім алушылары және басқа білім беру бағдарламалары топтарына ауысқысы келетіндер үшін тестілеу ұзақтығы-130 минут;
Қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсушілер үшін ҰБТ-ға 120 минут (2 сағат) бөлінеді;
Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобына қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша ұқсас даярлау бағыттары бойынша түсушілер үшін – 80 минут;
Мүгедектігі бар балалар және мүгедектігі бар адамдар (көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған) үшін тестілеуге қосымша 40 минут уақыт беріледі.

Электрондық форматтағы ҰБТ-ны өткізу барысында түсушіге академиялық адалдық принциптерін бұзуға, оның ішінде:

аудиториядан (компьютерлік сыныптан) тестілеу әкімшісінің рұқсатынсыз 10 минуттан артық шығуға;

Бұл ретте төтенше, форс-мажорлық жағдайларды және/немесе түсушілердің денсаулығына байланысты жағдайларды қоспағанда, тестілеудің бірінші және соңғы сағаттарында шығуға;
сөйлесуге, орын ауыстыруға;
құжаттармен, кез келген тыйым салынған заттармен және түсушіге жұмыс үшін берілген А4 форматындағы парағымен алмасуға;
тестілеу материалдарын, құжаттарды және тест тапсырмаларымен жұмыс үшін берілген А4 форматындағы парақты аудиториядан (компьютерлік сыныптан) алып шығуға, бүлдіруге;
аудиторияға (компьютерлік сыныпқа) Қағидалардың 75-тармағында көрсетілген тыйым салынған заттарды алып кіруіне және/немесе қолдануына;
тестілеу алдында немесе тестілеу кезінде шулауға;
тестілеу тапсырмаларының мазмұнын талқылауға және жария етуге;
тестілеуге пайдаланылатын техникаға және қауіпсіздік жүйесіне қасақана зиян келтіруге;
тестілеу жүйесіне араласу әрекетіне және тестілеуден өтуге байланысты өзге де бұзушылықтарға рұқсат етілмейді.
Тстілеу өткізілетін компьютердің интерфейсіндегі калькуляторларды, Менделеев кестесін және тұздардың ерігіштігі кестесін пайдалануға рұқсат етіледі.

Түсуші аудиториядан шыққан жағдайда аудиторияға қайта кірген кезде металл іздегішпен тексеріліп кіргізіледі.

Бұйрық 2024 жылы 15 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Фото: ашық дереккөз 
07 шілде 2024 ж. 155 0