Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда ҰБТ тапсыру ережелері өзгереді

Қазақстанда ҰБТ тапсыру ережелері өзгереді

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу және «Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткені туралы куәлік беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атап айтқанда, тест тапсырмалары мен бағалау ұпайларының санын өзгерту бөлігінде Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматын жетілдіру жоспарланып отыр.

Осылайша, қысқартылған оқу мерзімін қарастыратын білім беру бағдарламаларына түсетіндерді қоспағанда, орта, техникалық, кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері үшін ҰБТ тест тапсырмаларының саны:

Қазақстан тарихы бойынша – 20;

Математикалық сауаттылық бойынша – 10 (қазір 15);

Оқу сауаттылығы бойынша (оқыту тілі) – 10 (қазір 15);

Бірінші мамандандырылған пән бойынша – 40 (қазір 35);

Екінші бейіндік пән бойынша – 40 (қазір 35).

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар мен көру қабілеті бұзылған балалар үшін ҰБТ пәндері бойынша тест тапсырмаларының нұсқалары диаграммаларды, кестелерді, карта сызбаларын және графиктерді қолданбай қалыптастырылатыны қосылды.

Шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламалары тобында оқитын және ақылы негізде білім беру бағдарламаларының басқа топтарына ауысқысы келетін жоғары оқу орындарының студенттері үшін ҰБТ тест тапсырмаларының саны:

Бірінші мамандандырылған пән бойынша – 40 (қазір 35);

Екінші бейіндік пән бойынша – 40 (қазір 35).

Сонымен қатар қазақ тілін меңгергенін растайтын ҚАЗТЕСТ сертификаты бар, негізгі пәндердің бірі ретінде «Қазақ тілін» таңдаған тұлғаларды талапкердің өтініші бойынша ҰБТ балына қайта аудару қарастырылған.

«В1 (орта) деңгейінен төмен емес, қазақ тілін меңгергендігін растайтын ҚАЗТЕСТ сертификаты бар оқушылар ҰБТ-да «Қазақ тілі» пәнін немесе арнайы пәнді тапсырудан өз қалаулары бойынша босатылады. Сондай-ақ емтихан тапсыру конкурсына қатысып білім беру грантына ие болады немесе үлгілік қағидалардың 4-2-тармағына және 2-2-қосымшасына сәйкес баллдарды аудару шәкілі бойынша ақылы негізде оқуға түседі», делінген түзетуде.

Шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламалары тобына түсетін тұлғалардың шекті ұпай саны да ұлғайтылды. Енді ол ҰБТ бойынша 125 емес, 130 балл болады.

Сонымен қатар аппеляцияға да өзгерістер енгізілді. Өзгеріске сәйкес, апелляцияға келіп түскен өтініштерді Республикалық апелляциялық комиссия 30 жұмыс күні ішінде қарайды. Республикалық апелляциялық комиссия өтініштерді қарауды күнтізбелік жылдың 13 шілдесіне дейін аяқтайды. Өтініш берушінің жеке кабинетінде Республикалық апелляциялық комиссия отырысын өткізу уақыты туралы ақпарат көрсетіледі. Өтiнiш берушiнiң өтiнiшi бойынша апелляциялық өтiнiштi Республикалық апелляциялық комиссия отырысы өткенге дейiн оның жеке кабинетiнде қайтарып алуға болады. Апелляциялық өтініш бір жұмыс күні ішінде қайтарып алынған жағдайда, ҰБТ сертификаты талапкердің жеке кабинетінде көрсетіледі.

Құжат 26 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылау үшін Ашық «НҚА» сайтына орналастырылды.

Сурет: egemen.kz
12 желтоқсан 2023 ж. 166 0