Жоғары ұпай жинады
Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғалы бері Қармақшы ауданындағы №121 мектеп оқушысы Мақсат Қуанышбек пен Жаңақорғандағы №54 мектеп түлегі Аружан Шазат 136 балл иесі атанып, білім бәйгесіндегі алғашқы орында тұрған еді. Сынақтың аяқталуына 1 күн қалғанда Қазалы ауданында ең жоғары ұпай тіркелді. Аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі №204 мектептің түлегі Нұрболат Жұбатқан 139 балл жинады.
Облыс бойынша 16 мамыр – 5 шілде аралығындағы сынаққа 8 240 түлектің 89,7% қатысты. Облыстық білім басқармасының дерегінше, тестілеудің соңғы күндері 100-ден жоғары ұпай жинап, ұстаздары мен ата-аналарының үмітін ақтаған оқушы көп. Көш басында осыған дейін химия пәнінен аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларының жеңімпазы атанған қазалылық Нұрболат Жұбатқан тұр.
Нұрболат – мектепті «Алтын белгімен» аяқтап отырған екі оқушының бірі. Биылғы оқу жылының өзінде XVI Президенттік олимпиадасы мен «Алтын түлек» математика олимпиадасының өңірлік кезеңінде топ жарған талантты түлектің таңдау пәні химия-биология болып тұр.
Дарынды шәкірттің бұл жеңісі алғашқы мұғалімі Жадыра Дәливадан бастап, кейін талабын ұштаған Шакизада Есенова, Жаңагүл Өтеналиева, Гүлнұр Кенжеғараева, Айман Аяпова, Нұргүл Жұмаханова секілді ұстаздар еңбегінің жемісі.
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы
Ақпарат көзі: egemen.kz