Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстағы ҰБТ нәтижесі: әзірге ең жоғарғы ұпай – 138

Облыстағы ҰБТ нәтижесі: әзірге ең жоғарғы ұпай – 138

Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің басты ерекшелігі – электронды форматта өтуінде. Яғни әрбір түлек 6 мамыр-30 маусым аралығында өзіне ыңғайлы уақытты таңдай отырып, ұлттық тестке кіре алады. Балаларға екі бірдей мүмкіндік беріледі. Тестілеу толыққанды бейнебақылау аясында, бір компьютер- бір бала форматында өткізіліп жатыр.
– ҰБТ-ның бұл форматы балалар үшін өте тиімді. Біріншіден, мектеп бітірушілер тест күнін күтіп, күйзеліске ұшырамайды. Екіншіден, тестті екінші рет тапсыру мүмкіндігі жүйкеге түсетін салмақты азайтады. Ең бастысы – балалар тестілеу нәтижесін бірден көре алады. Яғни ҰБТ аяқталғаннан кейін тапсырмалардың жауаптарымен талдау картасы шығады. Бітіруші нәтижелермен келіспеген жағдайда 30 минут ішінде электронды түрде апелляцияға беруге құқығы бар,-деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.
Облыстағы ұлттық тест 475 орынға лайықталған 4 мамандандырылған тестілеу базасында өтуде. Яғни тестілеу пункттері Қызылорда қаласы, Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында өткізуде. Облыс бойынша 7007 түлек мектеп аяқтап, оның 90 пайызы ұлттық тестке қатысуда. Әзірге дейін облыс бойынша ең жоғары 138 ұпай – Шиелі ауданының оқушысы жинап отыр. Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының 2 оқушысы 137 ұпай еншіледі.
Қазіргі дейінгі көрсеткіш бойынша 854 оқушы 100-ден жоғары ұпай жинап отыр. Айта кетейік, білім сынағы 30 маусымға дейін жалғасады.

syrboyi.kz
16 маусым 2021 ж. 388 0