Жұқпалы ауруларға қарсы егіліңіз!

Ауа арқылы таралатын жұқпалы дерттің бірі – құрөзек. Жыл сайын жер шарында 5 мың адам құрөзектен қайтыс болады. Құрөзек ағзаның барлық мүшелерін зақымдайды, клиникалық белгілері тез дамып, ең көп асқыну жағдайын береді. Құрөзекке қарсы балалар 2,3,4,18 айлығында егіледі, ал қайталап егу шаралары 6,16,26,36,46,56 жаста жасалады.
Балалар арасында жиі таралған жұқпалы ауру – көкжөтел ауруы. Бұл жұқпалы ауру ауа арқылы таралады. Көкжөтелде жөтел бірте-бірте жиілеп, күшейіп ақырында ұстамалы сипатқа ие болады. Ұстаманың соңы тұтқырлы қақырық бөлу немесе құсумен тынады. Көкжөтел бактериясы балаларда қалың, жабысқақ шырыш дамуын тудыратын, кеңірдекті бітейтін және жөтелдің ауырсынып тарылуларын тудыратын бірнеше уытты бөліп шығарады. Көкжөтел ауруының асқынуларынан балада өкпе қабынуы және мидың зақымдануы болады. Көкжөтелге қарсы арнайы ем жоқ. Сенімді әрі тиімді әдіс –балаларды 2,3,4,18 айлығында және 6 жасында көкжөтелге қарсы ектіру.
Ауа арқылы таралатын жұқпалы аурулардың қатарына қызылша, қызамық, шошқа мойын ( эпидемиялық паротит) аурулары жатады. Жер шарында жылына қызылшадан 900 мыңға жуық бала қайтыс болады, қызылшадан асқынулар-өкпенің, тыныс жолдарының, мидың қабынуы болады. Қызылшаға қарсы 1 және 6 жасында егіледі.
Қызамыққа қарсы егілмеген әйелдер жүктіліктің алғашқы 3 айында ауырса 50 пайыз жағдайда түсік тастайды, 70 пайыз жағдайда олардың сәбиі саңырау, соқыр, мылқау, ақыл –есі кем болып туылады. Бүгінгі таңда күнтізбеге сәйкес балалар 1 және 6 жасында қызамыққа қарсы егіледі.
Шошқа мойынмен ауырған балаларда мидың қабынуы болады, бала есту қабілетінен айырылады, ал ер балаларда белсіздікке апарып соқтырады. Шошқа мойынға қарсы балалар 1 және 6 жасында егіледі.
Егу шараларына Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының арнайы тексеруінен өтіп, қауіпсіздік талаптарына сай сертификат берілген вакциналар қолданылады, оның ішінде Франция, Англия, Жапония, Ресей, Бельгияның озық технологиямен жасалған вакциналары бар, бұл вакциналар дүние жүзінің 120 мемлекетінде қолданылады.
Жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық егу шараларын уақытында жасатыңыз,Өзіңізді және балаларыңызды жұқпалы аурулардан қорғаңыз !
А.Сатекеева
Арал аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы