Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сұңғыла» сөзін қалай түсінеміз?

«Сұңғыла» сөзін қалай түсінеміз?

Осы сұрақты өз атам-Шәкіратқа қойдым. Ол кісі газет-журналды көп оқитын. Қазір көз жанарын нашарлауына байланысты оқуды мүлде азайтты. Әйтсе де білген-көргенін айтуға тартынбайды.
– Қазақ тілнің үлкен түсіндірме сөздігінде деді, – ата баяу үнмен, – Сұңғыла деп зерек, зерделі, тез байқағыш, аңғарымпаз адамдарды айтқан.Сосын да болар, халық Жетес биді тілді би,  Үмбет биді пірлі би, Бекетай биді Мөрлі би деп атаған. Олар осы біздің сыр бойында өмір сүрген сұңғылалы мен ерекшеленген.
– Мысал келтіріңізші, ата?
– Мысал көп қой, ертеректе арқада аңғарымпаздығымен аты шыққан Әбіқай шешен кешкілікте: «күйлі бие мініп, төбет ит еріткен қонақ келе жатыр, дайындала беріңдер» дейді отбасына. Үй-іші бұл сөзге аң-таң қалады. Ымырт қараңғысында неғылған жолаушы деп. Айтқандай-ақ сол қонақ келді. Қонақ кеткесін:
– Қалай білдіңіз, Әбеке? – дейді балалары шулап.
– Әй бұған ешқандай көріпкелдіктің қатысы жоқ. Маңайда болып жатқан тіршілікті тани біліңдер. Мана шеттте тұрған құла айғыр батысқа қарай жер тарпып оқыранды. Ол үйірі басқа ұрғашы жылқының жүрісін білдірсе,  анау қызыл қаншық өзінен-өзі әбігереніп, жаланып, бірдеңені асыға күткендей қыңсылады. Яғни, ол бөтен төбеттің иісін сезді. Бар болғаны осы депті шешен. Міне, сұңғылалық.
– Ата, қызық екен. Тағы айтшы?
– Тағы айтсам, қазақта руы шекті Мөңке Шектіұлы деген кемеңгер би өткен. Тарихшылар бұл кісіні Әбілқайыр ханның кеңесшісі болған деседі. Ал Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынов: – Мөңке жастайынан-ақ билік айтып, өлген адамның құнын бейбіт жолмен бітірген, – дейді. Сол Мөңке 8 жасында әкесімен бірге ат үстінде келе жатып, көшкен үйдің жұртынан өтеді.
– Әке, мына көшкен үйдің он ешкісі, үлкен көк серкесі және қара шолақ иті бар екен дейді. Әкесі бұл сөздерге мән бермейді. Ілгері жүргесін Мөңке: – Әлгі көшкен үйдің жалғыз түйесі бар екен. Оның оң көзі соқыр, – дейді бала. Сонда әкесі: – Осы сен не деп келе жатсың? – дейді ұлына, барлай қарап, – соның бәрін қалай білдің, баяндашы, – дейді таңырқап.
– Үйдің жанында жатқан ешкінің орны он екен, қақ ортаға көк серке орналасқан. Оның серке екенін ізінен білдім. Жүнінің көк екенін орнында қалған қылшығынан байқадым, иттің шолақ екенін құмда шоңқайып отырғанда құйрығының ізі түсіп қалыпты.
– Түйесінің соқыр екенін нендей белгіден аңғардың?
– Түйе жолдың сол жағындағы шөпті шалып жеп, оң жағындағы шөпке тимепті. Оң көзінің соқыр екені содан ақ түсінікті ғой, – деді бала.
Олар көп ұзамай көшкен үйді қуып жетеді. Бәрі Мөңке баланың айтқанындай екен.
Кейін осы бала «Мөңке би» деген атақпен тарихта қалды. Бұл кісі XVI-ғасырдың өзінде қазақ халқының болашағы жайлы болжамды айтқан. Солардың көбісі дәл келді.


21 шілде 2024 ж. 109 0