Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал өңірінің аузы дуалы би-шешендері

Арал өңірінің аузы дуалы би-шешендері

Билердің шешендік сөздерінде кездесетін бұлтартпайтын дәлелді пікірлер, ажарлы теңеулер мен қанатты сөз тіркестері өмірдің өз қағидаттарынан туындағанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Өйткені, заманында халық сөзге ағып тұрған шебер, тілге жүйрік шешендерден би сайлап отырған. Және де билердің әділ, тура болғанын қалаған.
Ел ішінде айтыс-тартыс, ұрыс-жанжал, дау-дамай болмай тұрмайтыны белгілі. Мұндайда билер ақыл айтып, шешендік сөзімен оларды пәтуаластырған. Ал ең қиын деген түйінді мәселені билер ақылдасып шешкен. Мәселен, сол бір уақытта елге келген елшіні біреулер өлтіреміз, енді біреу өлтірмейік, еліне қайтарайық деп біраз салғыласыпты. Арты үлкен дауға айналыпты. Ақыры ақылдасып шешу үшін ұлы жүзден Төле би, орта жүзден Қазыбек би, кіші жүзден Әйтеке би бас қосып, бір төбеге шығып отырса, алдындағы көлге бір топ қаз келіп қоныпты. Сонда Төле би тұспалдап:
–Мына көлдің алар ма еді қазын атып,–дейді.
–Оғың шығын болмасын жазым атып,–дейді Әйтеке би.
–Құтылмастай пәлеге қалып жүрмейік, қаз екен деп перінің қызын атып,–дейді Қазыбек би.
Осымен сөз бітті. Елшіні өлтіріп пәлеге қалармыз, онан да еліне қайтарайық деп, елдік мәселені шешкен екен.
Осындай тумысынан ақыл-ойы терең, тура билігімен ел-жұртына қадірменді би-шешендер Арал өңірінде де болған. Ілгеріге кетпей-ақ ХVІІ-ХІХ ғасырларда артына ұлағатты сөз қалдырған би-шешен бабаларымызды атап өткен артық болмас.
Мөңке би – Шекті, шамамен 1675 жылы туған. Өлген жылы белгісіз. Әбілқайыр хан кеңесшілерінің бірі болған. Жырау. Ата тегі шежіре бойынша өз әкесі Тілеу әрі қарай Айт, Бөлек, Қалу болып келеді. Жергілікті шежіремізде  анық айтылған.  Халық Мөңке биді заманында «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла би» деп атаған. Келер күнді айнытпай болжайтын сәуегей және дала даналығының көрінісі іспетті, ой-тұжырымын тағылымды поэтик, жырға айналдырған жырау ретінде таниды. Яғни, айтқанда, көшпелі тірліктің тіні бұзылмаған қоғамда заман ағысын аңдап,  оның келешек кескін-кейпін дәл болжай білу Мөңке бидің шығармасының басты белгісі, оның «Түрлі-түсті халық болады, күндіз-түні жарық болады... Дүниенің жүзіне өре мен темірден жол тартылады... Адам ақысыз жұмыс істемейді. Дүниені түрлеп кестелейді» деген сияқты толғау жолдарынан келеді. Сондай-ақ «құрамалы-қорғансыз үйің болады. Айнымалы, төкпелі биің болады. Халыққа бір тиын пайда жоқ, ай сайын басқа жиын болады. Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады. Жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады. Ала шұбар тілің болады. Әйелің базаршы болады, еркегің қазаншы болады» дегендей, болашақтың бет алысын, бағыт-бағдарын тап басып танығандығы аңғарылады.
Бәйті би – Әлім руынан. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген. Көненің көзін көріп, естігендердің айтуынша ойланбастан тура төрелік айтатын кісі деседі. Оның шешендік сөздері ұмтыла бастаған, тек халықтың есінде мына бір сөзі қалған. Қабақ руынан шыққан атақты Көтібар батыр жорықта жүріп қаза болады. Батырдың өлімін бәйбішесіне және баласы Есетке осы Бәйті би есіттірген. Ол көңіл айта отырып, «Атасы өлген ар емес, атасындай болып тумаған ар» деген шешендік сөзін айтады.
Сол сияқты мұнымен тұстас өмір сүрген Мергенұлы Қармыс бидің (Көлімбет руынан) де ел бірлігін сақтаудағы халқына пана боларлықтай данагөй ойлары болған. Соның айғағы–Жоңғарларға қарсы ұрысқа барарда бала Сартай «жауға аттанамын» деп 98 жастағы Байжан би әкесінен рұқсат сұрап, бата тілегенде сонда сәуегей қария алдына қатарынан үш түнде көрген түсін өзі жорып отырып: «Небір жайсаң батырларды мадақ тұтарсың, соның ішінде Қарашора-Қармыс би панасы таудың ығындай болып кеткен. Осы ағаларың пана болар» – деп батасын берген-ді. Әнекей! Қармыс би ағасы Қарашорамен егде тартқандығына қарамастан, елдің елдігін сақтауға, жерін қорғауға, «жаным-арымның садақасы» – деп кете барған.  Мен «бимін» деп төс қағу ойы болмаған, данагөйлігімен аты шыққан. Үш ғасырға жуық уақыт өткен бидің асыл мұраларының ілуде біреуі табылып қалуы мүмкін.
Сапақ би – Төртқара руынан. Қазалы, Арал өңірінде туып-өсіп, шешендік сөзімен, тура билік айтуымен ел-жұртына танымал тұлға. Оның көптеген шешендік нақыл сөздері, әңгімелері ел арасында ауыздан-ауызға  айтылып келеді. Соның негізінде баспасөз беттерінде шешендік сөздері сирек жарияланып тұрады. Сондай-ақ, Алматы баспасынан жарық көрген «Шешендік сөздер» мен «Төртқаралар» шежіре кітабын жазған жергілікті авторлардың еңбегінде біраз сөздері келтірілген. Дегенмен, белгілі тұлғаға айналған би-шешеннің өмір жолы мен шешендік өнерін зерттеп, өз алдына кітап шығарса да, артық болмас еді.
Матай Үмбет би – 1820 жылдары Қазалыда дүниеге келген. Кешегі Қазалы уезінің шарықтап тұрған заманында ояздың ақылшы биі қызметін атқарған. Сол кезде: «Матай Үмбет би – пірлі би» атанған деседі. Би өзінің дуалы аузымен, ақыл-парасатымен ел-жұртына адал қызмет етіп, тұрмыс-тіршілігіне қамқоршы болған. Атағы Хорезм, Хиуа жұртшылығына да белгілі болып, айтыс-тартыстарда дұшпандарына дес бермеген.
Бидің өмір жолын, шешендік сөздерін туған жері – Қазалының ағайындары бізден артық біледі.
Жақайым Жетес би – он жеті жасынан атқа отырып, ойшыл шешендігіне қоса, сөзді қиыннан қиыстырып, ел билігіне араласады. Қазалы уезінің биі-кеңесшісі. «Шыбынды» болысының болысы қызметтерін атқарған.
Көзін көргендердің айтуынша, келелі жиындарда топты жарып сөйлейтін беделі болған. Халықтың арын арлап, жоғын жоқтап Орынбор, Түркістан губернаторлары мен сұлтандары алдында тайсалмай, өткір тілімен жеріне жеткізе сөйлегені жайлы аңыз-деректер осы күнге дейін айтылып келеді. «Менің көне сөзге күнім түсіп көрген емес» деп шешендік сөз қозғағанда айтқан екен деген сөз бар. Расында да халық «Жақайым Жетес биі – тілді би» деп бағалағаны тегіннен тегін емес шығар.
Қатпа Бекетай би – Өріс руының Күлік аталығынан. Матай Үмбет би, Жақайым Жетес би-шешендермен тұстас өмір сүріп, халық қалаулысы болған. Кезінде Қазалы уезінде ояздың жәрдемшісі (писары) қызметін он жеті жыл атқарған. Зерделі адам. Жер, жесір дауларын қанына тартпай әділ шешкендіктен «Бекетай мөрлі би» атанған.
Құлбарақ би – Сыр бойында туып-өскен. Руы-Майдан. Ағайынға, халыққа адал қызмет жасап, әділ төрелік құрған қадірменді билердің бірі. Ел-жұрты оны «Бекбауылдың Құлбарағы–төбе би» деп сый-құрметпен атайды. Көрген-білгендердің айтуынша, би айтыс-тартысты әділ таразысына салып шешіп, екі жақты да риза ететін болған.
Шыманның Мырзағұлы – Тілеу-Қабақ руының би-болысы болған. Және де шешендігімен аты шыққан. Ел арасында «Шыманның Мырзағұлы айтты» деген шешендік сөздері әлі күнге айтылады және де ара-кідік баспасөз беттерінде ойлы шешендік сөздері жарық көріп келеді.
Ресейдің отаршылдық әрекетіне қарсы тұрған тұлғалардың бірі. Халықтың қамын ойлаған, әйтсе де өз тумалары–қызайлар Мырзағұлдың  үстінен патша үкіметіне «Мырзағұл залым, халықтан түскен алым-салықты патша қазынасына салмай, өз пайдасына жұмсайды, ақ патшаны алдайды» деп жала жауып, қаралап арыз жібереді. «Сұрағанға тілеген» демекші, бұрыннан да Мырзағұлға тісін қайрап жүрген патша үкіметі ақ-қарасын ажыратпай «бәрі дұрыс жазылған» деп Мырзағұл мен үлкен баласы Әтіғұлды соттап, Орынбор түрмесіне жібереді. Кемеңгер азамат Орынбор түрмесінде өмірден өтеді.
Нұрбай би – Матығұл руынан. Қайырымдылығы мол, халық арасында беделі зор болған. «Нұрбай би айтты» деген әңгімелерді бұрынғы көнекөз қариялар дастархан басында айтып отыратын. Кейін іссапарда болғанымызда оның атымен аталған жер-суға байланысты  төбелерді, арықтарды да көрдік.
Құрметті оқырман! ХІХ-ХХ ғасырда да Арал өңірінде өмір сүрген рулардың ішінде аталы өсиет сөз қалдырған би-шешеннен басқа елге беделді адамдар болған. Олар: Алданазар би-Күлік руынан, Отар баласы Бержан, Өтепберген, Жағал Таушанұлы-Төртқара руынан, Сердалы Құлбарақ баласы-Майдан руынан, Бәлдір, Есмырза, Демекбай-Көлімбет руынан, Дәрменқұл, Сейіт-Бердіңғұл руынан және басқалар. «Білгенімнен білмегенім көп» демекші, есіме түспеген сөзге шебер, тілге жүйрік ата-бабаларымыздың әруағы қолдап, демеп жүрсін.
Осы мақаланы жазғандағы (келешек Арал өңірінің би-шешендері жөнінде кітап шығару ойымда бар) мақсатым өмірден өткен аузы дуалы би-шешендердің аудан тарихында алатын орны мен олардың өмір жолдары, шешендік сөздерін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, еске салу еді.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
14 сәуір 2021 ж. 1 745 0