Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Қармыс би

Халқымыз қара қылды қақ жарған әділ, терең ойлы, сабырлы да иманды, мол ақыл иесі, сөзге шешен, халқы үшін қабырғасы қайысып, ел бірлігіне пана болуға бар жанын аямаған тұлғаларын би деп атаған.
Ел басына төнген қауіп-қатерде билер қазақтың ары мен намысын ту етіп көтеріп, жорықтарға қатысып отырған. Осындай ел есінде қалған билердің бірі – Қармыс би. Қармыс биді қазіргі ұрпақ түгілі, көнекөз қариялардың өзі бұрынғылардан естігені болмаса, біле бермесі анық. Қармыс би Мергенұлы ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың ортасында Сырдың аяқ жағы мен Арал теңізінің оңтүстік-батыс беткейіндегі Көкарал маңында тіршілік кешкен. Жастайынан ағасы Қарашорамен билік сөзге араласып, жеке дара аты шыққан. Кешегі аумалы-төкпелі зар заманда халқының қадірлі биі болған.
Қарашора – Қармыс би деп аталуының себебі, жоғарыда айтып кеткенімдей, ағалы-інілі әрі ел арасында, жорықтарда бірге жүргендіктен екеуін де айырмай осылай атап кеткен. Бұл дерек репрессия құрбаны, ақын Нұрмағанбет Қосжанұлының "Сартай батыр" дастанында, Кіші жүздің ханы Әбілқайырды сайлауға барған болыс-билердің тізімінде кездеседі.
Бір жағынан Қытай, екінші жағынан Ресей жоңғарларды алма-кезек ығыстырып, әуелі Еділден, одан Ертіс бойынан қуады. Қуғын көрген жоңғарлар 1726-1727 жылдары қалмақтармен бас қосып, Жетісу мен Түркістанға ат ойнатады. Алды Арқаға жетеді.
Қазақтардың мал-мүлкін тонап, зәбір көрсете бастайды. Бұл озбырлыққа қарсы Орта жүздің биі Қаз дауысты Қазыбек Ұлы жүздің биі Төлемен бас қосып, Кіші жүздің биі Әйтекеге сәлем айтып, төрт елшісін жібереді. Бұл кезде Көлімбет Құрымға баласы Байкісі ас бергелі жатқан. Әйтеке би келген елшілерді мұндай ірі жұмысты ел жақсылары жиналған аста, көпшілік алдында шешейік деп, екі-үш күн кідіртеді. Сонда тәмам жұрттың алдына шыққан айыр тілді Әйтеке би елшілердің келген себептерін айтып, Кіші жүздің игі жақсыларын – батырлары мен билерін, ас иелерін толғаумен таныстырғанда:
Қарашора – Қармыс би,
Ықпалын елге жүргізген,– деуі бекер емес.
Оның үстіне Құрым бидің асын басқарып жүрген, інісі саналып кеткен Қарашора – Қармыс биге сөз бергенде, көпшілікке арғы күні аламан бәйге шабылатынын, жүлдеге санап шығаратын 5 мың жылқы, мың нар, 600 қой, мың сиыр және 600 нардың үстіне атлас кілем жабылатынын жар салып:
Ау, әлеумет! Әлеумет!
Менің айтар сөзім бар.
Ойға түйіп алыңдар:
Ертең өтіп, арғы күн,
Аламан бәйге шабылар.
Жүлдеге санап шығарған,
Бес мың жылқы, бір мың нар,
Алты жүз қой, мың сиыр,
Алты жүз нардың үстіне,
Атлас кілем жабылар.
Құрым деген атамыз,
Ақсақал екен бағы бар.
Ас беріп ата-бабаға,
Азамат елге танылар.
Озғандарға тиесі,
Сыралғысы, үлесі.
Айтылып жатқан осы мал,
Көп түкірсе көл болар,
Жиналған мынау жануар
Ас иесі бес Шекті,
Атың келсе бәйгеден,
Мал басына бармаңдар,
Бір тұяқ та алмаңдар,
Жауда қалған Орта жүз,
Көрсетіп көмек беруге
Сол жүлдені қамдаңдар,– деген толғауы елжандылықтың нышаны емес пе? Мұндай сөзді көпшілік жиналған жерде ықпалын жүргізе алатын адам ғана айта алатыны хақ.
Осы жерде Досбол шешеннің: "...Бәрінен сөз бастау қиын. Тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң келеке қылады" деген сөзі еске түседі. Қармыс би атаның әлгіндегі сөзін Әйтеке би тұрғанда бос белбеу, кеудемсоқ біреу айтып көрсінші! Келеке қылып күлмей ме? Демек Қармыс бидің еліне деген ықпалды күші болғанын көрсетеді.
Сондай-ақ ас өтіп жатқанда ауылында қалған 98 жастағы Байжан би қатарынан үш түн түсінде баласы Сартайды көреді. Астан оралған соң, Сартай "жауға аттанамын" деп әкесінен рұқсат сұрап, бата тілегенде, көрген түсін өзі жорып отырып: "Небір жайсаң батырларды мадақ тұтарсың, соның ішінде Қарашора – Қармыс би панасы таудың ығындай болып кеткен. Осы ағаларың пана болар",– деп батасын берген-ді. Себебі Кіші жүзден аттанатын жорықта Қарашора – Қармыс бидің баратынын Байжан би де білген. Олар егде тартқандығына қарамастан, елдің елдігін сақтауға, жерін қорғауға "жаным – арымның садақасы..." деп кете барған.
Жоңғарларға қарсы ұрыс Қарағайлы өзенінің Бұлантыға құяр сағасында болады. Жау да осал болмаған. Сол кезде Сартай бастаған мың бала "Бес шектілеп" ұрандап жау шебіне лап қояды. Кілең сәйгүлік мінген қазақ сарбаздары жауды найзаға іліп, садақ тартып, қылыштасып, зәре-құтын қашырып жеңеді. Өкініштісі, осы ұрыста Сартай бастаған мың бала (жасы 13-15-тегілер) тобының жартысы қаза табады.
Жоңғар қалмақтарының соғысына аттанарда Қарашора Қармыс екеуі ақылдаса келе, "ауылға ие бол" деп Есіркепті (Қарашораның баласы) тастап кетеді. Бірақ Есіркеп жасырынып, Сартай батырдың тобына қосылып, ұрысқа қатысады. Оны Қарашора мен Қармыс билер білмейді. Қалмақ ханының қызын қолдарына түсіріп, алып келе жатқанда алдарынан атын жетектеген Есіркепті көреді.
– Неге келдің? Біз сені ауылға қалдырған жоқ па едік,– дегенде, Есіркеп: –Айтқандарың дұрыс, бірақ қатарымнан қала алмадым,– деп ақталады.
Ауылға келген соң, Қарашора мен Қармыс ақылдасып, қолға түскен ханның қызын Есіркепке береді. Осы әкеміз бен әжемізден Қойтай, Үкібас, Отар туады. Құдайға шүкір, бұдан да тараған ұрпақтар баршылық.
Қармыс би бабамыз мекен еткен Көкарал жердің жәннаты еді деседі білетіндер. Кешегі заманда теңіз тартылғанда Көкаралда қоныс тепкен халықтың қазір бірде-біреуі жоқ... Көшіп кеткен. Өкінішті-ақ!
Қысқасы, Көкарал – Қармыс бидің құты дарыған жері. Мұндағы көл-жер атауы да бабамыздың есімімен аталады. Әулетінен ақындық дарыған, Көкаралда туған Сәуелхан Смағұлов "Көкаралдың келбеті" атты толғауында:
Қармысты қоныс қылды үлкен шалдар,
Ақылды, өңшең шешен болды жандар.
Сүйсінер әңгімесін тыңдаған жан,
Ұрпақтар, бармысыңдар мұны жалғар?!
Қармысты самалдатқан көл жағасы,
Аспанда қалықтайтын шағаласы.
Қаз ұшып, аққу қонған көл айдыны,
Секілді Көкше жердің бас саласы,– деп жырлайды.
Міне, халқының қадірлісі болған, елдің біртұтас ауызбіршілігін сақтаған Қармыс би бабам туралы білетін дерегіміздің бір парасы осындай, жамағат.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Арал қаласы 
22 ақпан 2021 ж. 666 0