Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлтты ұйыстырған ұлы жолдар

Ұлтты ұйыстырған ұлы жолдар

Әр елдің дәстүр-салты, өзіндік тұрақтылығы мен бірлігін сақтап тұратын әдеп-нормалары болатыны белгілі. Тіпті өркениет көшінен алыс болған қауымдастық пен тайпалық тіршіліктің өзінде қарапайым ғана адами шеңбер өзара тату тірліктің тұтас қазығы болды десек сене қою қиындау болар. Алайда шындық осы. Адам баласы тіршілік еткен кезеңнен бастап ар соты мен жазылмаған дала заңының болғаны ақиқат. Ал мыңжылдық тарихқа жалғасқан қазақ халқының тұрмысы бүгінде тарих беттерінде айна-қатесіз жазылмаса да хандық құрылған дәуірден бері қарайғы уақытта дала заңдарымен қатар Қасым ханның қасқа жолы мен Есім ханның ескі жолы қазаққа бағдаршам болғаны белгілі. Одан былайғы жерде Тәуке ханның Жеті жарғысы тағы бар. Өткенге мойын бұрғызар осы бір ғасырнамалық құндылықтар жайында айтпақпыз.
Ел билеу ісінде халық арасында ерекше құрметке ие болған хан Жәнібек ханның баласы Қасым сұлтан екені тарихтан белгілі. Ол билік құрған кезең «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп бекер айтпаса керек-ті. Қасым хан бар-жоғы 7-8 жыл ғана билік жүргізген. Алайда осы бір қысқа мерзім ішінде халыққа жаугершіліктен гөрі тыныштық керегін ұғынған хан, ел ішіндегі мамыражай тірліктің ұзақ әрі сенімді сақталуын қамтамасыз еткен. Білекке емес, білімге сенген ол ел билеу ісінде «Қасым ханның қасқа жолы» атты заңдар жинағын да енгізген. Бұл заңдар жинағы қазақ халқының өмір сүру ережелерінің негізі болған. Сол кездің өзінде халықтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрыптарын негізге алған Қасым хан түрлі жарғылар негізінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартқан. Жалпы алғанда, қазақ хандығы тарихында Қасым ханның алар орны осылайша ерекшеленеді.
Есім хан қазақ халқына 30 жылдай хан болған уақыттарда ол өзінен бұрынғы Орыс хан, Қасым хан жасаған әдет-ғұрып заң нормаларын қайта қарап, өз дәуіріне лайықты еткен. Олардың қатарында құн дауы, жер дауы, жесір дауы, мал дауы секілді тараулардың болғаны белгілі. Қай заманда болмасын қоғамда кісі өлімі болып тұрғаны анық қой. Әсіресе жаугершілі замандарда. Бұл – аса күрделі даулардың бірі. Бұл жерде алдымен құн салығы басты мәселеге айналары сөзсіз. Есім хан шығарған заң бойынша өлген кісіге ер адамның құнына жүз жылқы, алты түйе белгіленген екен. Ал әйел адам өлсе оған төленетін құн салығы қалың мал құнымен деңгейлес болған. Қылмыстың осы түріне тән оқиғалардың барлығы дерлік осылайша құн салығын төлеумен реттелген екен. Мұнан бөлек өнер құны, сүйек құны сынды салықтар күні кешеге дейін қазақ қоғамында үстемдік құрған.
Қазақ қоғамында ерекше маңызға ие болған жер дауы мен жесір дауы да Есім ханның ескі жолымен жалғасқан. «Ерден кетсе де, елден кетпейді» деген қағиданы берік ұстанған халқымыз сол замандардың өзінде құны ретінде қалың малын төлеп алған әйел заты қандай жағдай болмасын сол елде, сол руда қалуы заңдылық болған. Тіпті ері өлген күннің өзінде жесірге сол рудан адам таңдауына рұқсат етілген. Егер таңдаған адамы бас тартса, онда әйелдің басы босап, қалың малы қайтарылған. Кейін бұл үрдіс «әмеңгерлік» салтына ұласып, күні бүгінге дейін қазақ тұрмысында қолданылғанын білеміз. Бұл да Есім ханның тұсында үстемдік құрған заң.
Қазақ үшін байлық малмен есептелген болса, мал-мүлік дауы да өз тұсында арнайы заң шеңберінде шешілген екен. Сонау Шыңғыс ханның тұсындағы «Жаса» заңынан бастап-ақ, қазақ даласында еркін өскен малға өзгенің қол сұғуы әрекеті қатаң жазамен реттеліп отырған. Есім хан да өз заманында ұрыларға аяушылықпен қарамағаны анық. Яғни ұрланған мал үшін ұрыдан ол малдың көзі қайтарылады, көзі жоқ болып кетсе оның орнына тұрарлық төлеуі алынған. Оның үстіне бір қара ұрланса, оның айыбына «ауыздықсыз ат, астарсыз шапан», он қараға дейін-қосымша «ат-тон» кесілген. Есім ханның шығарған заңында жер-су, жайлау-қыстау, көшу-қону қоныстары төңірегінде болып тұратын күрделі дау-жанжалдарды шешуге бағытталған заңның жол-жобалары да болған. Міне, осылайша аталған екі заң жүйесі еш өзгеріссіз ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басына дейін қазақ жұртының игілігіне қызмет еткен.
Тәуке хандық құрған ХVІІ ғасырдың аяғы ХVІІІ ғасырдың басы еліміз үшін ерекше бір кезеңі болғаны тарихтан белгілі. Түйінді сөзбен айтқанда, елдің көсегесі көгеріп, мамыражай тіршілік орнаған. Қоғамындағы біртұтастық пен ынтымақ  үстемдік құрып, ежелгі ережелер мен қасаң қағидалардың, салт-дәстүрдің жүйелі жиынтығы тарихтағы «Жеті жарғымен» жалғасқан. «Қасқа жол» мен «Ескі жол» заңдарын толықтырып, елеулі өзгерістер енгізіп, дамытқан Тәуке хан бұрынғы бес тарауға тағы да екі тарау қосып, «Жеті жарғы» деп атайды. Бұл жаңадан қосылған екі тарау жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң еді. «Жеті жарғыны» қазақ халқы негізінде ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданылып келді.
«Жеті жарғы» заңдар жинағы мемлекеттің ішкі жағдайын күшейтуге бағытталды. Осы заң негізінде қазақтың тайпа, ру басыларын жылына бір рет жиналуға міндеттелген. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген тәмсілдің әлі күнге қолданылып келуінің түпкі төркіні де осында жатыр. Ай сайын бас қосқан жиынға Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бастаған ірі, беделді билер қатыс­қан. Елдің қаймақтары бас қосқан жиындарда халықтық мәселелер қаузалып, ел мүддесі үшін тиімді шешімдер қабылданып отырған. Сондай-ақ тентегін тезге салатын елдің қылмыстық істерге келгенде қылмыскерге билер шешімі негізінде лайықты жазасы беріліп отырғаны тарихтан белгілі. Осылай жалғасқан бейбіт өмірдің соңы «бодандық» деген алып құрсауға ұласты. Отаршылдық пен репрессия, соғыс пен тыл үстемдік құрған ұлы бастамаларға ұзақ жылдық үзіліс орнатты. Осылайша еліміз араға жетпіс жыл салып тарих сахнасына қайта көтерілді. Мәңгілік ел болуға бағыт алған жас мемлекеттік заң-жарғылары бұдан әрі Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жолымен» жалғасқаны бүгінгі буынның көз алдында.
Иә, бүгінде еліміздің Ата Заңы бар. Қазақстан Республикасының Ата Заңы 1995 жылыдың 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды. Содан бері ел күнтізбесіндегі 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып бекітіліп, мемлекеттік мереке ретінде тойланып келеді.
А.Қарасай
29 тамыз 2020 ж. 760 0