Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал теңізі жағасындағы Аяз шаһары

Арал теңізі жағасындағы Аяз шаһары

«Аяз би, әліңді біл, Құмырсқа, жолыңды біл» деген мақалды білмейтін қазақ баласы жоқ шығар. Орайлы сәтінде аузымызға жиі-жиі түсетін халық даналығы. «Аяз би кім?» десең, мектеп оқушысына дейін бес саусақтай қып айтып береді. Өйткені осы аттас белгілі халық ертегісі бар. Шыншыл ертегі аталатын бұл халықтық шығарманы оқып-тыңдасаң, дала жұртының данышпандығымен, өміртаным тәжірибесімен, ойлау жүйесімен таныс боласың. Мадан ханның пәрменімен  қырық уәзір құба жонда қой бағып жүрген кісіні үш жаманның бірі деп хан алдына апарады. Аяғында үй-күйі, әйел, бала-шағасы жоқ жаман елден асқан данагөй, абыз боп шығады. Мадан ханның бас уәзірі болады. Өзге түгілі, ханның өзінің қарапайым тегін танып береді. Елдегі асқан сұлу Меңдіні қосақ қылып алып, ақыр түбі сол елдің әділ де қайырымды ханы болады.Бала кезімнен бері осы «Аяз би» ертегісін нешеме мәрте оқығаным есімде жоқ. Әр оқыған сайын ертегіде айтылатын Барса-Келмес аралы туралы айтылатын тұсына келгенде, үнемі есіме өзімнің атамекенім – Арал теңізі түседі. Шынымен де, қазақ жерінде жер атауларының әр жер-әр жерде қайталануы өте көп кездеседі. Бұл – заңдылық шығар. Алайда қазақ жері туралы қай энциклопедия, анықтамалықтарды қарай бер, Барса-Келмес деген жер біреу-ақ. Ол – Арал теңізінің ұшан ортасында жатқан арал. Осы айғақтан соң да, өзімізше қорытынды шығарып, «Аяз би» ертегісінің оқиғасы, Аяз бидің өзі біздің өңірімізде өмір сүрген жоқ па екен деген сұрауға берілетінбіз.
Айтқандайын,  «Аяз биді» тек ертегі емес, аңыздың да кейіпкері делінеді. Ол туралы аңыздар баршылық. Ал аңыздар – халқымыздың ғасырлар көшінде өткен күнінің, тарихының бізге жоғалмай, өшер-өшпес боп жеткен заманалар сұлбасы, іздері десек болады. «Аңыз түбі –ақиқат» деген нұсқалы сөз бар. Аяз бидің мыңжылдықтардың тасасында қалған іздерін іздей бастадық. Тарих қойнауына, әдебиет иірімдеріне қайта бір үңіле қарап шыққанбыз.
Бір жақсысы, айдан анық нәрсе, Аяз би қазақ әдебиетінің, оның ішінде ауыз әдебиетінің бай тарихында орны бар тұлға болып табылады. Тілші ғалымдар қазақ шешендік өнерін бірнеше кезеңдерге бөліп қараса, соның ту басындағы бірінші кезеңінде тұрған өкілдерінің бірі – Аяз би Жаманұлы. Белгілі филолог-ғалым Балтабай Адамбаевтың құнды зерттеулерінде қазақтың шешендік өнері алаш тарихында, ауызша аңыздарда есімдері де, шешендік сөздері де сақталған. Майқы би мен Аяз биден басталады, олар өмір сүрген уақыт шамасы ХІ-ХІІІ ғасырлар аралығы делінеді.
Мына қызықты қараңыз, жалпы білім беретін мектептердің жаратылыстану-математика бағытына арналған «Қазақ тілі» оқулығында (авторы Г. Қосымова): «Аяз би Арал теңізінің сағасында өмір сүрген. Оның тарихи адам екендігін Арал теңізінен 200 шақырымдай жерден табылған «Аяз» қаласының орны да дәлелдейді» деп мағлұмат беріледі. Демек би атында заманында үлкен шаһар да болғаны мәлім болып отыр.
Саяхатшы, шежіреші, жиһанкез Қазыбек бек Тауасарұлы (1692-1776 ж.ж.) «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деп аталатын белгілі кітабында: «Майқының Әндір, Мәді деген аспан әлемін, жұлдыздар сырын болжайтын білімпаздары болған. Ал Аяз би сияқты дана билеріне өзінің оң жағынан орын береді екен. Аяз бидің Құмырсқа деген әрі би, әрі батыр жан серігі болыпты. Ол екеуі көбінесе ел мен ел арасында елшілік, бітімгершілікпен айналысқан. Ол екеуімен Майқы би ақылдасып, халық тағдыры, ел жағдайы, шаруа қамы жөнінде жиі-жиі ой-пікір алысып отырған. Бір жолы ол екеуі жарыса сөйлеп, Майқының алдын кес-кестей беріпті. Сонда Майқы би былай депті:
Билер, бүгін Майқының алдын кесесің,
Ертең жұрттың төбесін тесесің.
Хан сөзінің қашанда бәрі дұрыс,
Әзір сөзімде болмас бұрыс.
Ақылым алжыған жоқ,
Ондайды болжағам жоқ.
Орынсыз ауыз ашсаң,
Екі би, басарсың шоқ.
Аяз би, әліңді біл,
Құмырсқа, жолыңды біл!» – деп біраз жайдан хабар береді.
Жер-су атауларында сонда мекендеген халықтың тарихы сақталады деген түсінік бар. Ғалымдардың еңбектерінде Аяз би мен Құмырсқа билер бұдан он ғасырдай  бұрын өмір сүргені айтылады. Әлгінде айтқандай, ірі-ірі оқиғалар, тарихи үлкен тұлғалар жер атауларында хатталып, халық жадында жатталып қалады десек, еске түсіп отыр, Арал қаласының батыс жағында Құмырсқалы (Құмырсқа ұлы, Құмырсқа ауылы) деген жер бар екені белгілі. Бұрын Құмырсқалыда ел отырған. Бұл қоныс теңіз жағасында бір қолайлы тұсқа орналасқан. Осы атаудың өзі ізденемін, өлке тарихын білемін деген жастарға қызғылықты дәйек болатынына сенімдіміз.
Орайы келіп тұрған соң, тақырыбымызға сай Арал теңізінің жағасындағы қалалар туралы айтып кеткен артық болмас.
Біздің ата-бабаларымыз қадім заманынан көшпелі өмір сүрген, төрт түлік малын бағып, сахарада, ұлан далада емін-еркін жүрген дейміз қай-қайсымыз да.  Алайда Арал өңірін зерттеген ғалымдар басқаша пікірде. Қазақтың үлкен ғұлама ғалымы, энциклопедиялық білімпаз Әлкей Марғұлан «Ежелгі жыр – аңыздар» кітабында (1985 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан) былай деп жазады: «Ғұндар мен қаңлылар бірігіп сондай мәдениеттің бай орталығы етіп, Сырдарияның төменгі алабы мен Арал теңізінің жағасын... көркейтеді. Кидарит  ту баста Амударияның төменгі сағасында тұратын қала, аты Кердер деген ел атынан шыққан».
Арал теңізінің бойында көп жыл археологиялық зерттеу жүргізген С.П.Толстов Амударияның сағасында екі Кердері қаласының орны бар екенін айтады. Бұл екі қаланың атын (Кердері) С.П.Толстов:  «Кіші жүз ортасында сақталған Кердары тайпасының ескі аттары» деп анықтайды...
Тереңірек айтқанда, бұл Кердары ұлысы ғұн дәуірінде Амудария мен Арал теңізінің жағасында ұлан-байтақ бір бай өлке болған. Қырда жатқан Сарыарқа не Дешті-Қыпшақ халықтың көзіне қандай қуанышты болса, Арал теңізінің бойы, Кердары өлкесі де сондай шалқып жатқан байлық, толып жатқан қаласы бар, Хорезмге күш беретін, соның бір жарқын көрінісі болған. Кердары– бір ғажайып ел. С.П.Толстов пен В.В.Бартольдтың анықтауынша, Арал теңізінің ғұндары ту баста Жетісудан ауысып келген».
Ой мен зерттеуі кемел, дара білімпаздан бұл мысалды алып отырғанымыз – Арал теңізінің жағалауларында үлкен өркениеттің айшықты белгілері – үлкен қала, шаһарлардың болуы. Сол қалалардың бірінің дала данышпаны, ел басқарған хан-көсемі Аяз бидің атымен Аяз қаласы аталып, мәшһүр болуы әбден мүмкін жайт.
Қалай дегенде де, туған жердің топырағының осындай бір мазмұнға бай тарихи парақтарын, сырлы іздерін біз «Аяз би» ертегісінің кейіпкерлері арқылы болжалдап көрдік. Алаш ұлтының тарихында, шешендік өнерінің бастауында қомақты орны бар тұлға – Аяз бидей дананың біздің жерімізде өмір сүріп, мағыналы ғұмыр кешуінің өзі көкірегімізге алабөтен үлкен мақтаныш сезімін тудырады.
Ерғали Абдулла,
Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі
23 мамыр 2020 ж. 1 566 0