Әл-Фараби туралы аңыздар

Адам баласы тарихын зерттеп жүрген бір оқымыстының қолына Аристотельдің
«Даңқ туралы» деген кітабы түседі. Тарихшы кітапты аяғына дейін ақтарып шығады.
Кітаптың соңғы бетінен: «Мен бұл кітапты жүз мәрте оқып шықтым» деген жазуды көреді.
Сөйтсе, мұны жазған Әбу-Насыр әл-Фараби екен.
Әбу-Насыр ылғи да қолынан тастамай Аристотельдің «Физика» аталатын кітабын оқып жүреді. Бір жолдасы: Бұл кітапқа неге сонша қадалып қалдың? – деп сұрайды. Сонда Әбу-Насыр:
– Бұл кітапты қырық мәрте оқып шықтым. Сөйтсе де тағы оқып шығуым керек. Өйткені әлі толық ұғынып болған жоқпын, – деп түсіндіреді.
Әбу-Насыр еш уақытта қолына алған кітапты бір не екі мәрте оқып қоя салмаған. Мағынасын толық түсінгенше, ерінбей-жалықпай оқи берген. Сөйтіп, кітапта айтылған жайлардың мағынасына ой жіберіп, жаңа ұғымдардың есігін ашып отырған. Сол есік арқылы өзі ішке кіріп, ғылым әлемінің таңғажайып сырларына қанған,
гүлзарларын шарлаған.
Жолы түсіп, туған жері Отырарға қайта оралған
бір шақта әл-Фараби төңірегіне ел балаларын жинап,
оларды оқытуды ниет етеді. Кешікпей-ақ, ғұлама жерлесінің алдын көруге жиналған
шәкірттердің саны көбейе түседі. Сондай күндердің бірінде бір жас бала сабаққа келгенде,
оның атын сұраса, айтпайды. Жас шәкірт екі қолын көкірегіне басып, тағзым етіп тұрып былай дейді:
– О, қадірлі ұстазым, өз есімімді өзім атай алмауыма мен жазықты емеспін. Ата-анам біле тұра, маған сіз сияқты ұлы адамның атын қойыпты. Осы атым үшін талай рет опық жедім. Біреулер – қандай жақсы есім, Екінші ұстазға ұқсасаң игі десе, енді біреулер – қорашыл төбетті бөрбасар атаса да, тазы болмас деп мазақ етеді.
– Жақсы, балам, есімің Әбу-Насыр екен, одан әрі қалай еді? – деп сұрайды Фараби.
– Осыған Исмаил Хаммедұлы дегенді қоссаңыз болады.
– Дұрыс, – дейді Фараби, – Әбу-Насыр Исмаил бин Хаммед. Бір Әбу-Насыр оқытты, екінші Әбу-Насыр оқыды, онда тұрған не бар. Бір Жауһариден (Ғаббас бин Саид әл-Жауһари Отырардан Бағдатқа барған математик, астроном, Бәйт ел-Хикметте профессор болған) оқыдым, екінші Жауһариді оқыттым деп, мен де айтып жүрейін. Өмірің ұзақ болғай! Балам, Ғаббас Жауһаримен қандай жақындығың бар?
– Ол кісі бабаммен – туажат екен, әкеммен – жүрежат, менімен – тумайжат болады. Біздің арғы бабаларымыз – аталас, тіптен, құлажат – бір ауыл екенбіз. Жазғы жайлауымыз бір, тайпамыз – қаңлы.
Неге екенін білмеймін, көбінесе қыпшақ дейтінін естіп жүрмін, − депті шәкірт бала.
Әл-Фарабиден оқыған осы бала кейін көрнекті ғалым болады. Бағдатта ұстаздық етіп,
«Сыхақ фи-л-лұғат» деген кітап жазады. Осы еңбегі араб тілінің көптеген
кейінгі сөздіктеріне негіз болады. Әбу-Насыр Исмаил бин
Хаммед әл-Жаһари (937-1003 жылдар шамасы)
өз заманының белгілі қайраткері де болған.