Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әл-Фараби жайлы деректер

Әл-Фараби жайлы деректер

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі», – деген әлемнің екінші ұстазы Әл-Фараби бабамыз түркі жұртына ортақ асыл текті тұлғаға айналды. Ғұлама, ғалым бабамыз жайында біле жүріңіз.Әбу Насыр Әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді. Ғұлама ойшылдың толық аты-жөні – Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ Әл-Фараби.
Ол бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Ғалым алғашында Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен болды.
Ол Хамада қаласында араб тілін үйренді. Одан кейін 20 жылдай Бағдат қаласында тұрып, антикалық философиямен әлемдік мәдениетпен танысты. Жалпы Әл-Фараби бір жерде тұрақтамаған. Ол үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Ғұлама ойшыл бар өмірін ғылым мен білімге арнады. Кейбір мәліметтерге сәйкес, ол 70-ке жуық тілді меңгерген.
Әл-Фараби білімге деген құштарлығының арқасында Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанды. Ол 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып қалдырды. Ғалым философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны зерттеді.
Бүгінгі күні қоғамда ғалымның ұлтына байланысты сан алуан пікір бар. Осы орайда шығыстанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі бұл мәселені былай түсіндіреді. «Бұл кісіні «қазақ» деп жазады. Оны «өзбек, тәжік» деп айтады. Ол – қате. Бұл кісі өмір сүрген уақытта біздің халқымыз жеке ұлт ретінде тарих сахнасына көтерілген жоқ. Сондықтан Әл-Фараби – түркі текті.
Ол Дамаскіде «Қайырымды қала тұрғындары» атты атақты шығармасын жазып бітірді. Шаһар халқы ғалымды қатты құрметтеген. Әл-Фараби қайтыс болғанда халық оны үлкен құрметпен ақтық сапарға шығарып салды. 950 жылы 80 жастағы ғұлама ойшыл Дамаскідегі патшалар мазарында жерленді.
30 қаңтар 2020 ж. 1 751 0