Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Екінші ұстаз

Екінші ұстаз

Қазіргі Түркістан облысы, Отырар маңайындағы Арыс өзенінің Сырға барып құяр сағасындағы Фараб қаласы орта ғасырда ғылым мен мәдениеттің ордасы болған. Тіпті мұнда әлемдегі ең үлкен кітапхана Александриядан кейінгі ірі кітапхана болған деседі. Осындай өркениет ордасында Шығыстың ғұламасы, математик, астролог, музыка теоретигі Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу-Насыр әл-Фараби дүниеге келген. Оның толық аты-жөні – Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби.Ол әулетті отбасында өмірге келген, әкесі әскери қолбасшы
болған. Оның алып кітапханада қолжазба және кітаптармен
танысуға мүмкіндігі мол болды. Ғалым жастық шағын
осы шаһарда өткізіп, білім нәрімен сусындады.
Ол түркі тайпасынан шыққан. Бұған дәлел –
оның толық аты-жөнінде «Тархан» деген атаудың
болуы. «Мен араб ғалымдарының кітаптарын оқыдым.
Осы күнгі араб Фарх Саад есімді ғалымның
бір дерегі бар. Онда Әбу-Насыр Мұхаммед ибн
Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Турки
дейді. Яғни ол оның түркі текті екенін жазған.
Ғалым ибн-Халиканда ат-Турки дегенді қосады.
 Ол әл-Фарабидің түркі екенін жазады», –
дейді филология ғылымдарының докторы,
шығыстанушы Әбсаттар қажы
Дербісәлі сұхбаттарының
бірінде.
Қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар «Барба-Фараб» деп атап кеткен. Ғалымның Әбу-Насыр әл-Фараби атануына осы себеп, яғни Фарабтан шыққан Әбу-Насыр дегенді білдіреді. Ол бала күнінен ғылымға үйір болды. Ол ілім ізімен Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болды.
Профессор Жақыпбек Алтайұлының айтуынша, әл-Фараби Хамада қаласында араб тілін үйренген. Одан кейін 20 жылдай Бағдат қаласында тұрып, антикалық философия­мен, әлемдік мәдениетпен танысады. Жалпы, әл-Фараби бір жерде тұрақтамаған. Ол үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Кейбір деректер оның 70-ке жуық тілді меңгергенін айтады. Сондай-ақ ғұлама ойшыл медицина ғылымын меңгеруге де бар күшін салады. Ол біраз жыл Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысып, тұрақтап қалады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударып, 950 жылы өмірден өткенше сол өлкеде қалады.
      
Трактаттар мен
ғылыми еңбектер
Әл-Фарабидің әртүрлі тақырыпты арқау еткен ғылыми еңбектері бар. Ол 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып қалдырған. Ғалым философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны зерттеді.
Ғұлама ойшыл ғылымды 2 топқа бөлген. Бірінші – теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген. Екінші – практикалық ғылымдар. Бұл топқа этика, фиқһ, кәләм (исламдағы өзекті тақырыптарын қамтыған ғылым саласы) ғылымдарын жатқызған.
Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі – «Қайырымды қала тұр­ғын­дарының көзқарастары жайлы трактат» («Ізгі қала тұр­ғын­дарының көзқарасы»). Әл-Фараби бұл атақты шығар­масын Дамаскіде жазып бітірген. Шаһар халқы ғалымды қатты құрметтеген. Әл-Фараби қайтыс болғанда, халық оны үлкен құрметпен ақтық сапарға шығарып салды. 950 жылы 80 жастағы ғұлама ойшыл Дамаскідегі патшалар мазарында жерленген.
Ғалым қала басшыларын «қайырымды және надан» деп екіге бөледі. Ол кезде қала – мемлекет болған. Оның тұрғындары қай кезде бақытты болады? Ғалымның пікірінше, бұл шаһардың әкімдеріне байланысты. Егер әкім білімді, әділ, ойы таза болса, барлық қала тұрғыны бақытты болады. Ал қаланың әкімі надан болса, өтірік айтса, шаһардың адамдары бақытсыз болады. Әл-Фараби шын бақытқа жету үшін адам үнемі іздену керек дейді. Сондай-ақ адамның мінез-құлқы да жақсы болу керек.
Сонымен қатар әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен трактат» деген шығармасы әлемнің көптеген тіліне аударылған. Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» және тағы басқа да еңбектерін түсіндірген.
Ғалым Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сынды көптеген философиялық еңбек жазды. Бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар туралы баяндайды.
Мысалы, әл-Фараби «білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей, үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді» деп ескертеді.

Ибн Сина іздеген ілім
Өз заманының ұлы ойшылы, ғұлама, ғалым Ибн Сина ғылым ізденгенде мәселенің ең қиын тұстарына баратын еді. Бұл оның өзіндік ерекшелігі болатын. Қайсыбір қиын мәселеге кездесіп, түсінбей қалса, мешітке барып намаз оқып, Алладан сұрайтын. Сөйткенде қиын мәселе оңай шешіліп, көңілдегі көп түйткіл тарқап салатын. Кітап оқып отырғанда ұйқысыраса, әл-қуатын қайтару үшін орнынан тұрып, бір кесе салқын су ішетін де оқуын әрі қарай жалғастыратын. Кейде тіпті ұйықтап жатқанда да оқыған мәселелері туралы түс көретін. Осындай ыждағатты ізденістің арқасында Ибн Сина логика, физика, математика ғылымдарын жете меңгерді.
Содан кейін Ибн Сина құдайлық ілімді үйренуге ден қояды. Сол үшін метафизика кітабын оқи бастайды. Бірақ алғашында миына ештеңе де кірмеді, бұл ілімнің қандай мақсатпен құрылғанын түсінбеді. Сөйтсе де түсінуге талпынып, кітапты қырық мәрте оқып шыққан. Ақырында оны жатқа айтатын да болады. Бірақ ілімнің ішкі мағыналарын түсінбей-ақ қойды.
Бірде кітап сататын базардың мешітіне екінті намазын оқуға бара жатқан кезінде оның алдынан бір саудагер шығып, бір кітапты ұсынады. Ибн Сина кітапты бір аударып қарап шығып, өзіне керегі жоқ дүние деп ойлап иесіне қайтарып береді. Бірақ саудагер: «Сатып ал, мен саған арзанға – үш-ақ дирхемге берейін», – дейді. Саудагер қоймаған соң оны сатып алады. Үйіне келіп қарап көрсе, бұл Әбу-Насыр әл-Фарабидің метафизика ілімі жайында жазған кітабы екен. Көктен іздегені жерден табылып, қырық рет оқып түсінбей қойған ғылымды осы кітап арқылы түсіне бастады. Ақырында кітапты бастан-аяқ оқып шықты. Көңіліндегі көкейтесті мәселенің шешімінің тез табыла кеткеніне қатты қуанған ол Аллаға шүкірлік ретінде кедей-кепшіктерге садақа таратқан.
Міне, әл-Фараби даналығын, оның ең қиын мәселелерді жеңіл әрі түсінікті етіп жеткізе білетін тереңдігіне осы оқиға дәлел болса керек.
08 наурыз 2020 ж. 1 162 0