Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ДАНАЛЫҚ ДІҢГЕГІ

ДАНАЛЫҚ ДІҢГЕГІ

Есімі әлемге халқына мәлім болып, ғылыми және мәдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан ұрпаққа өтіп келе жатқан тұлғалар тарихта аз емес. Тарих жазбасында, халықтың рухани қазынасында айтулы, жүйріктердің жүйрігі ғана мәңгілік. Мың жылдан артық уақыт өтсе де ел есінде жатталып, еңбектері уақыттың қатыгез сынынан мүдірмей өткен сол адамзат ұлдарының, тарих перзенттерінің бірі, шығыс ойшылы – Әбунасыр Әл-Фараби.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді», – дей отыра, тарихи сананы жаңғырту үшін, ең алдымен, ұлт қаһармандарын үлгі тұтуға, олардың өнегелі өмірі мен артына қалдырған құнды еңбектерін елге, әсіресе жас ұрпаққа кеңінен насихаттауды тапсырған болатын. Осыған орай елімізде биыл Әбунасыр Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы мен ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы аталып өтуде. Қос ғұламаның мерейтойы қатар келуі де тарихи құбылыс секілді.
Тарихымыздағы ұлы тұлғалардың бірі, атағын әлем таныған ғұлама философ, Аристолельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған, батыс пен шығысты білімімен бас идірген Әбу Насыр әл-Фараби қазақ жерінде, Отырар қаласында 870 жылы дүниеге келген.
Жастайынан асқан зерек, ғылым-өнерге мейлінше құштар болып өскен әл-Фараби өзінің түркі тілімен қатар, араб, парсы, грек, латын, санскрит тілдерін жетік білген. Ғылыми шығармаларын, өлең-жырларын өз дәуірінің рухани, ғылыми тілі саналған араб тілінде жазды.
Әбу Насырдың Платон және Аристотель философиясындағы идеяларға арналған кітабы оның философия саласындағы аса көрнекті ғалым екенін, әрі философияны терең меңгергенін дәлелдейді. Фараби Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтады.
Оның еңбектері күні бүгінге дейін мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша.
Ұлы ойшыл, кемеңгер Әбу Насыр әл-Фараби «Адамдар бақытты болуы үшін біріне-бірі көмектесіп отыру мақсатымен бірлескен қала – ізгі қала болады . Халықты бақытқа жету үшін өзара көмектесіп отырған қоғам да ізгі қоғам болады. Қалалардың бәрі бақытқа жету жолында біріне-бірі көмектесіп тұратын халық ізгі халық болады. Сол сияқты халықтардың бәрі бақытқа ұмтылып, біріне-бірі көмектесіп отырса, бүкіл жер жүзі ізгі болар еді», – деген екен. Қазақтың асыл мұраларын, жалпыадамзаттық құндылықтарды ұрпақ бойына дарытып, рухани-адамгершілік тәрбиесін қоғамның барлық саласына енгізген сайын егеменді еліміздің ертеңі айқын,болашағы жарқын болары сөзсіз.
Ақмарал Едігеева,
Бөген ауылдық кітапхана кітапханашысы
27 ақпан 2020 ж. 1 307 0