Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ тарихы: Ел билігіне араласқан әйелдер

Қазақ тарихы: Ел билігіне араласқан әйелдер

massaget.kz лы далада дүниеге келіп, даналығымен, парасатымен ел жадында, тарих бетінде қалған әйелдер аз емес. Бұған дейін біз Тұмар мен Зарина патшайым, Жаған бегім мен Бопай ханым жайлы жазғанбыз. Ал бұл жолы Фатима, Айғаным, Сүзге ханымдар жайлы сөз қозғаймыз.
Айғаным ханым
Абылайдың ұрпағы әрі орта жүздің ханы Уәлидің жары, Шоқан Уәлихановтың әжесі. Айғаным хан тұқымынан емес, қарапайым отбасынан шыққан. Әкесі Сарғалдақ Құдайберді ұстаз, молда болса, атасы Мәлік-қожа көзі ашық, оқыған адам болған. Әкесі оқыған адам болғандықтан, Айғаным да жастайынан білімді, зерек болып өседі. Ақылына көркі сай бойжеткен қыз ханға бірден ұнаған көрінеді. Есілдің маңындағы Сырымбет тауына көшіп келіп, Айғанымды төртінші әйелі етіп алады. Уәлимен 17 жыл отасқан Айғаным оннан астам құрсақ көтерген. Оның ішінде Шоқанның әкесі Шыңғыс төре де бар. Он бала дүниеге әкелсе де, ерімен бірге ел басқару ісінінен тыс қалған емес. Керісінше, ел басқаруға көмектесіп, биліктің басы-қасында жүреді. Уәли хан 1819 жылы дүниеден өткеннен кейін 35 жастағы Айғаным ханымды Ресей патшасы орта жүзге хан етіп тағайындайды. Орыс патшасы бұл қулыққа қасақана барды. Өйткені төре тұқымынан шыққан, Абылайдай аузы алты қарыс көкжал сұлтандарды таққа әкелмес үшін осындай қадамға барған көрінеді. Қазақтың арғы-бергі тарихында билік айтқан əйел аз болмағанымен, хан атанып, таққа отырғаны жоқ еді. Сондықтан қараша халық Айғанымды хан деп қабылдамады. Соған қарамастан билікке келіп, көрегендік танытып, ағайын жұртты алыстырмай тату өмірге үгіттеп, көрші орыспен достық қарым-қатынаста болуға ұмтылды. Заман білімдінікі екенін ұққан Айғаным балаларына батысша білім бергісі келіп, төртінші ұлы Шыңғысты Омбы училищесіне оқуға жібереді. Оның ұлы Шоқанды да өз тәрбиесіне алып, баба дәстүрін сіңіріп, кейін Сібір кадет корпусына білім алуға аттандырады. Мұның бәрі Айғанымның орыс саясатын түсіну үшін жасаған әрекеттері еді. Айғаным орыс патшасымен алыс-беріс жасап, жақын жүргенімен, оның айтқанын орындап, айдағанына көнген емес. Қажет кезде талап қойып, соны орындата алған деседі. Әсіресе, казак-орыс мұжықтарының қазақ жеріне келуіне қарсы болған. Жасы елуге таянғанда билікті аға сұлтан болған сүйікті ұлы Шыңғысқа тапсырып, елдің тілеуқоры болып, Айғаным тікелей ұрпақ тəрбиесімен айналысады.
Фатима ханым
Бөкей Ордасының ханы, Әбілқайыр ханның немересі Жәңгірдің жары. Ұлты – татар. Орынбор қаласының бас муфтиі әрі саудагер Хусейіннің қызы. Фатиманы Жәңгір хан 1824 жылы Орынборға барған кезінде байқаған. Даланың жас қыраны хас сұлуды қалт жібермей қырдан танып қадалып қалады. Сол жылы күзде Жәңгір хан татар әулетіне құда түсіп, қалада өскен Фатиманы далаға, көшпенді өмірге алып кетеді. Басында көшпелі тұрмыстың көшіне ілесе алмай біраз қиналған татар қызы кейін қым-қуыт тірлікке бірте-бірте үйреніп, Жәңгірдің өзін өркениетке ұмтылуға үндеген. Жәңгір де орыс, араб-парсы тілдерін білетін, өте дарынды адам болған. Фатима табиғатынан инабатты, тәрбиелі, ілтипаты зор, қылықты әйел болған. І Николай патшаның таққа отыру салтанатына Жәңгір хан шақырылып, шараға Жәңгір Фатиманы да ертіп апарады. Сонда бүкіл сарай шенеуніктері Фатиманың сұлулығы мен қылығына, ақылдылығы мен ибалылығына тамсанған деседі. Жастайынан би мен музыкаға жақын жүрген Фатима орыс патшасымен бірге би билеп, жұртты таңқалдырған екен. Жәңгір ханның Жасқұс деген жерде хан сарайын салып, қала соққаны да Фатима ханым үшін екен. Даланың тұрмысына толық үйренісе алмаған ханша үшін қала салған деседі. Ал Фатиманың өзі де балаларына заманның білімін беру үшін жастайынан оқытып, орыстың ілімін берген. Махамбет ақынды балаларының тәлімгері етіп алған да Фатима деседі. Өйткені өжет те өткір, жалтақтығы жоқ, бірбет ақын ханымға бірден ұнаса керек. Махамбет пен Жәңгірдің алғаш достығына да Фатима себепші болған. Алайда ханға ренжіген Махамбет ат құйрығын кесісіп, сарайдан кетіп қалады. 1845 жылдың тамызында Жəңгір хан 44 жасында аяқ астынан ауырып қайтыс болды. Ерінің қазасын көтере алмаған адал жар, шынайы махаббат иесі Фатима ханым 36-ға қараған шағында, сол жылдың қазан айында өмірден озды.
Сүзге сұлу
Сібір ханы Көшімнің төртінші әйелі. Қазақ даласында дүниеге келіп, кейін Сібірге ұзатылған сұлу үш құрсақ көтерген. Үшеуі де ұл. Атасы арғыннан шыққан Мейрам сопы Қасым ханның кеңесшісі болған. Даналығымен, батырлығымен, тектілігімен ерекшеленген жан. Сібір хандығының астанасы Сүзге-Тура деген қала болған. Бұл қала осы Сүзге сұлудың құрметіне салынған деседі. Сүзгенің тұрағы деген мағынаны береді. Хан сарайындағы ақындар мен әншiлер Сүзгенiң ақылдылығын, сұлулығын, адамгершiлiгiн, батылдығын аса жоғары бағалаған. Сүзге ханым туралы аңыз-әңгімелер көп. Бір аңыз бойынша Сүзге ханым Көшім хандығы құлаған кезде, бір ай бойы Сүзге-Тураны жауға бермей бекініп жатқан деседі. Аз ғана әскермен қалған ханым бастан-аяқ қаруланған казактармен кескілескен ұрыс жасап, ерлік рух танытқан деседі. Соңында аз халықты құтқарып шыққанымен, өзі жаудың қолынан қаза табады. Сүзге ханымның бұл ерлігі алаш даласына аңыз боп тарап, кейін орыс жазушыларының да назарына түседі. 1896 жылы осы дастанның желiсiмен композитор И.Корнилов «Сүзге» операсын жазады.

04 наурыз 2020 ж. 1 540 0