Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Грант – таптырмас мүмкіндік

Грант – таптырмас мүмкіндік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында экономиканы өркендетудің бірден-бір тетігі ретінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша назар аударғаны белгілі. Бұл тұрғыда тиімділікке көп басымдық берілмек. Соның арқасында мемлекеттік бағдарламалар арқылы өткізілетін кәсіпкерлерге арналған грант конкурсының 2024 жылғы 1-легінің қорытындысы шыққан болатын.
Мемлекеттік грант – бұл жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бастапқы капитал. Оны әрбір қатысушы тек бір рет қана ала алады.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын азаматтарға өз бизнес әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Биылғы жылы 15-26 маусым аралығындағы Business.enbek.kz порталында жарияланған «Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға» арналған грант конкурсының 1-легіне аудан бойыншша жалпы 149 адам өтініш берді. Жоспарға сәйкес 73 адам комиссияның он шешімін алып, оларға 1 476 800тг көлемінде грант берілді. Олардың ішінде, өндірістік сала бойынша – 35, халыққа қызмет көрсету бағытында – 25, балық шаруашылығы саласында – 4 және басқа салалар бойынша 9 грант иегері анықталды. Өтініші қанағаттандарылған жандардың 6-ы мүгедектік, 7-і мүгедек бала күтуші, 1 жан асыраушысынан айырылған, 55 грант иесі көп балалы ана және 4 адам АСП алушылар санатына жатады.
Еске сала кетейік, грант конкурсының 2-легіне өтінімдер 15-26 шілде аралығында Business.enbek.kz сайтында қабылданады.
Г. САҚТАПОВА
27 шілде 2024 ж. 173 0