Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кәсіпті дамытуға жасалған қолдау қандай?

Кәсіпті дамытуға жасалған қолдау қандай?

Бүгінде ауданда кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді. Әсіресе жастардың көбі өздерінің кәсіптерін ашуға ден қойған. Бұрынғыдай «жұмыс жоқ, кәсіп бастауға акша жоқ» деп сабылып жүрген адамды сирек кездестіруге болады. Себебі, кәсіпке ден қойған адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Соның нәтижесінде өткен жылы аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4 089-ге жетті. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 16 жоба іске асырылды. Жобалар бойынша 616 жұмыс орындарын ашу жоспарланса, 667 адам  бағдарлама шеңберінде жұмыспен қамтылды. Ел игілігін көріп отырған қайтарымсыз гранттар жөнінде бүгін сөз қозғамақпыз.

Мемлекеттік гранттардың өз заңдылығына сай берілетін бірнеше түрі бар. Бірі бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтарымсыз гранттар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында – 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 530 200 теңге және «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 млн теңгеге дейін ұсынылады. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грант қаражаттары бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған адамдар мемлекеттік гранттар алуға үміткер бола алады. Ал «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында ісін жаңа бастаған, инновациялық бизнес-идеясы бар кәсіпкерлер грантқа үміткер бола алады.
Биылғы жылдың 9 айында ауданда жұмыссыз ретінде тіркеліп, жеке кәсібін ашуға ниет білдірген 304 адам қайтарымсыз грантқа ие болған. Оның ішінде 161-і – жастар. Ал «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 4 жоба грантты жеңіп алды. Гранттық қаржыға қол жеткізу үшін алдымен «Атамекен»  кәсіпкерлер палатасында қысқа мерзімді кәсіпкерлерді даярлау курсынан өтеді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал ауданы бойынша бөлімше директоры Нұрсәуле Ембергенова  кәсіп ашуға ниетті жандардың белгіленген жоспар бойынша оқытылып жатқандығын айтты.
– «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жыл сайын көптеген кәсіп ашуға ниетті жұмыссыз жандар оқу курсынан өтіп, кәсіпкерлік саласындағы білімін толықтырады. Біздің палатада олар тек оқып қана қоймайды. Кәсіпкерлер палатасы шарт жасасқан күннен бастап он екі ай ішінде жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қызмет көрсетуге (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері) жәрдемдеседі. Біздегі оқу курсы тегін жүргізіледі,– деді ол.
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражаты – қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады. Гранттар – тұтынушылық мақсаттарға, кредит қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне және жалдау ақысы ретінде берілмейді. Сол себепті, мемлекеттік гранттардың мақсатты пайдаланылуына аудандық жұмыспен қамту орталығы мониторингті жүргізеді. Жыл сайын республика бойынша қанша адам бағдарламаның игілігін көріп, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алып отыр. Бірақ жұмыстың бәрі нәтижелі болды деп те айта алмаймыз. Еліміз бойынша гранттық қаржыландырылған кәсіпкерлік субъектілерінің 30 пайызға жуығы бір жылдан соң шығынға ұшырағанын айтып, кәсібін тоқтатуға мәжбүр. Мұндай жағдайда қандай шара көрілетіндігін маман түсіндіріп берді.
– Бағдарламаға қатысушы мемлекеттік грантты алған күннен бастап үш ай ішінде оның нысаналы пайдаланылуын Қазақстан Республикасының Салық заңнамасына сәйкес салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы растайды. Грант иегері мониторинг барысында грант қаражаттары мақсатсыз пайдаланылып, басқа бағытта жұмсалғаны анықталса, бағдарлама талаптарына сәйкес ол жөнінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне грант қаражаттарын қайтару бойынша тиісті шешім қабылдау үшін жолданады. Өз кезегінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі грант қаражаттарын бюджетке қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарады,– дейді Арал ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Ерболат Айдар.
    Жөн-ақ. Әр нәрсенің сұрауы бар. Мемлекет тарапынан "кәсібіңді ашып, шаруаңды дөңгелет" деп берген қаржыны мақсатты пайдаланбайтын болса қаржының бәрі желге ұшпақ. Ал егер кәсібің дағдарысқа ұшырап қалған болса, оның жөні бөлек. Мәселен, сүтті ешкі өсіремін деп үкіметтен қайтарымсыз грант жеңіп алдыңыз. Бірақ ешкілер жерсінбей қырыла бастайды. Осындай жағдайға тап болғанда оны құжат жүзінде дәлелдеп, ветеринариялық дәрігерден анықтама алып өткізуіңіз керек болады. Мұндай заңнамалық құжаттар тек 1 жыл көлемінде ғана талап етіледі.
         Гранттық қаржыға қол жеткізу "алма піс, аузыма түс" болып тұрған оңай шаруа емес. Оған қажетті құжаттар баршылық. Және өз жобаңды арнайы құрылған комиссияның алдында қорғап, тиімді жақтарын жеткізе білу керек. Бір жылдан астам уақыт гранттық қаржыландыруды күтіп, өз кәсібін бастаған жанның бірі – Дастан. Ол қазірде өзі ойға алған бизнесін мемлекеттен берілген қолдаудың арқасында кеңейтіп, қызмет түрін ұлғайтқан.
   – Менің кәсібім – автокөліктің ішкі құралдарын безендіру. Яғни орындықтарын қаптап, ішкі салонын жаңалау. Бастапқыда мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант туралы білген жоқпын. Бірақ осы кәсіп түрін бастауға шешім қабылдап, қаражат көзін қарастыра бастады. Екінші деңгейлі банктерден несие алуға өтініш те бердім. Бірақ жұмыссыз болған соң ешкім ақша бергісі келген жоқ. Кейіннен гранттық қаржыландыру туралы естіп, қажетті құжаттарды жинап, оқу курсынан өттім. Бір жылға жуық уақыттан соң жобамды қорғап шығып, маған қайтарымсыз грант берілді. Соның арқасында өз кәсібімді бастап кеттім. Қазір айтарлықтай табыс тауып отырмын, – деді Дастан Бисенов.
 Иә, мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдаулар жұмысыздық деңгейін азайтып, шағын және орта кәсіпкерлік санын арттыру, халықты өз өнімін өндіруге үндеу.  Бірақ бұл сұрауы жоқ дүние емес. Әр нәрсенің жөні бар. Мұның бәрі жоғары маман кеңесінде айтылды. Ең басты талап – мемлекет қаржысы желге ұшпай, шын мұқтаждар діттеген мақсатына жетсе деген пейіл ғана.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
17 қыркүйек 2021 ж. 745 0