Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Рахметжан Бисембаев: Кәсіп ашуға ниеттілер көп

Рахметжан Бисембаев: Кәсіп ашуға ниеттілер көп

Соңғы уақытта Арал ауданында кәсіпкерлік көкжиегі кеңейе түсті. Әсіресе кәсіпке ден қойған жастардың қатары артқан. Олар өздерінің тың идеяларын аудан көлемінде жүзеге асырып, халық қажетін өтеумен қатар табысқа да кенеліп отыр. Бүгінде кәсіпкерлік субъектісінің саны 4 089-ға жетіп отыр. Алда жоспарланған жобалар да баршылық. Бұл туралы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Рахметжан Темірұлы бізге берген сұхбатында айтып берді.

– Индустрияландыру бағдарламасы аясында қандай жобалар жүзеге асырылды?
– Арал ауданында индустрияландыру бағдарламасының аясында құны 102,6 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 1409 азаматты жұмыспен қамтитын 7 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, «Арал сода» ЖШС-ның "Кальцийленген сода зауыты құрылысы", «Жак-Нур» ЖШС-ның "Титан өндіру бойынша кен байыту комбинаты", «Аралтұз» АҚ-ның «Үшінші испан цехын салу», «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-ның «Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехын салу» жобасы, «Qazaq Camel» ЖШС-ның «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехы», «Арал» Сервистік дайындау орталығы» ЖШС-ның «Тауарлы балықты өсіру және тереңнен өңдеу кешенін кеңейту», «Dana Quartz» ЖШС-ның «Кварц құмын тау-кен байыту комбинатының құрылысы» жобасы. Оның ішіндегі «Арал» Сервистік дайындау орталығы» ЖШС-ның «Тауарлы балықты өсіру және тереңнен өңдеу кешенін кеңейту» жобасының 1-ші кезеңі бойынша Арал қаласында орналасқан цех және 4-ші кезең бойынша Бөген ауылдық округіндегі мұздату цехы және жатақхана, «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-ның «Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехын салу» жобалары іске қосылды.
– Қалған жобалар қай кезде колға алынады деп күтілуде?
– «Арал сода» ЖШС-ның "Кальцийленген сода зауыты құрылысы", «Жак-Нур» ЖШС-ның «Титан өндіру бойынша кен байыту комбинаты» жобасы бойынша жер қойнауын барлау жұмыстары басталатын болса, кешен құрылысы 2022 жылы жүргізіледі деп күтілуде. Ал «Аралтұз» АҚ-ның құны 2,9 млрд теңгені құрайтын «Үшінші испан цехын салу» жобасы және жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Qazaq Camel» ЖШС-ның «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау зауыты» екі жоба биылғы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз.
– Шағын және орта бизнестің бүгінгі әлеуеті қалай?
– Өздеріңізге жақсы таныс, соңғы кезде ауданда кәсіпке ден қойғандардың қатары артып отыр. Әсіресе шағын және орта бизнес өкілдерінің саны жоғарылады. Ауданда өткен жылы 4 089 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Оның ішінде 3 712-сі жұмыс жасап тұр. Жалпы, жыл қорытындысымен қаржы институттары арқылы 765,9 млн теңгенің 128 жобасы қаржыландырылды.
– Өзіңіз айтып отырғандай, жобаларды қаржыландырушы инвестор көзі бар ма?
– Әрине, қазір бизнес өкілдерінің тың идеяларын жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсететін ұйымдар жеткілікті. Солардың ішінде біздің ауданда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 64 жобаға, «Өңірлік инвестициялық» орталық арқылы 23 жобаға, «Арал ырысы» несие серіктестігі арқылы 32 жоба, «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 7 жоба, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2 жоба жүзеге асырылды.
– Қалай ойлайсыз, мемлекет тарапынан жасалған қолдаулар жұмыссыздық денгейін азайтып жатыр ма?
– Иә, қазіргі мемлекеттің бағдарламасының өзі бірінші кезекте жұмыссыз жандардың идеяларын жүзеге асыруға бағытталған. Қазірдің өзінде ауданда бірқатар жастар өздерінің кәсіптерін бастау үшін мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттарға ие болды. Анығырақ тоқталсақ, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 246 адам оқытылып, сертификаттары табысталды. Олардың ішінен 98 адамы өз кәсіптерін ашу үшін 391,1 млн теңге несие алды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 200 айлық есептік көрсеткіш 555 600 теңге көлемінде 374 адамға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар берілді.
– Биыл қандай кәсіпкерлік нысандар пайдалануға берілді?
– Аудан аумағынан өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі бойынан жол бойы сервистік қызмет көрсететін нысан «Шымкент», «Ай-Жұлдыз», «Rabiya, 444» нысандарының қатары толықты. Жеке кәсіпкер Т. Жалғасбековтің бастамасымен «С» және «Д» санатындағы жол бойы сервистік қызмет көрсету кешені өткен жылы пайдалануға берілді. Сондай-ақ Арал қаласынан «Adiya», «Дария», «Ер-Нұр», «Жақайым» дүкендері, «Эврика», «Мирас», «Ақ ниет» сауда нысандары, «Мой-сам» қызмет көсету орталығы, «Sinoil» және «Qazaq oil» жанар-жағар май құю нысандары, «Хан шатыр» қоғамдық тамақтану орталығы, «IQ center» білім беру орталығы іске қосылып, Сексеуіл кентінен «Махамбет» сауда нысаны ашылды.
– Елді әуреге салған коронавирус індетінің таралуы кәсіпкерлік көлемін азайтқан жоқ па?
– Кәсіпкерлерді еліміздегі індеттің таралуы қаржылық дағдарысқа ұшыратқаны жасырын емес. Азық-түлік дүкендерінен басқа көптеген кәсіпкерлік субъектілері өз жұмысын тоқтатты. Дегенмен де қазіргі күні олардың қайта тұрып кетуіне мемлекет қолдау көрсетті. Салықтан босатылды. Көптеген жеңілдіктер қарастырылып отыр.
– Биылға қандай жоспар бар?
– Биыл өткен жылдан жоспарланған жобаларға қаржы көздерін қарастыратын боламыз. Және жеке кәсіпкер Т.Абибуллаевтың «С» санатты «Саяхат» жол бойы сервистік қызмет көрсету орталығы іске қосылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, көптеген шағын және орта бизнес нысандары ашылып, сауда орталықтары халыққа қызмет көрсететін болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Н. МАРАТҚЫЗЫ
03 ақпан 2021 ж. 514 0