Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайтыс болған адамның зейнетақы жинағы кімге беріледі

Қайтыс болған адамның зейнетақы жинағы кімге беріледі

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Kazinform сауалына жолдаған жауабында қайтыс болған салымшының зейнетақы шотындағы ақша қалай мұраға берілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Жеке зейнетақы шоттарындағы ақша салымшының меншігі және салымшы қайтыс болғаннан кейін де БЖЗҚ-да мерзімсіз сақталады. Тиісінше, олар мұраға қалдырылады. ҚР Әлеуметтік кодексінің 40-бабының 1-тармағы бойынша міндетті зейнетақы жарналарының салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтарын өсиет етуге құқылы. Өсиет болмаған кезде мұрагерлік заң бойынша күшіне енеді», - деп жазылған жауапта.

КІМГЕ ЖҮГІНУ КЕРЕК?

Әуелі қайтыс болған салымшының заңды мұрагерлері алты айдың ішінде жергілікті нотариусқа бару керек.

«ҚР Азаматтық кодексіне сәйкес мұрагер төлемдерді алу үшін мұра ашылған жер (салымшының қайтыс болған мекенжайы – ред.) бойынша нотариусқа мұраны қабылдау туралы өтініш беруі тиіс. Мұны мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде жасау керек екенін ескерген жөн. Нотариустар «Е-нотариат» жүйесі арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотындағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді онлайн режимде сұрата алады.

Заңды мұрагерлер нотариуста ресімделген мұра құжаттарын алып БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне жүгінеді. Жеке өтінішпен жүгіну мүмкіндігі болмаса, нотариус арқылы сенім білдірілген тұлғадан немесе поштамен жіберуге болады», - делінген министрлік мәліметінде.

БІР РЕТТІК ТӨЛЕМ

Сондай-ақ, жауапта салымшының отбасы мүшелеріне марқұмның жеке зейнетақы шотынан жерлеу рәсімдерінің шығыны ретінде 94 айлық есептік көрсеткіш (347 048 теңге – ред.) мөлшерінде біржолғы төлем жүргізілетіні айтылған. Бұл төлем жүргізілгеннен кейін шотта қалған ақша ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын болса, ол қалдық та марқұмның отбасы мүшелеріне жерлеуге арналған төлем ретінде беріледі.

ҚАРЫЗ ДА – МҰРА


Ұлттық заңнамада мұрагерлік рәсімдеу қайтыс болған адамның активіне иелік етумен бірге мойнындағы қарыз міндеттемелерін де арқалауға міндеттейді. Яғни, артында қалған несиесін өтеуден бас тартып, зейнетақы шотындағы ақшасын алу мүмкін емес. Марқұмның банк пен қаржы ұйымы алдындағы борышын өтеуден бас тартсаңыз, атындағы мүліктерді иелену құқығынан да бас тартуыңыз керек

Сурет: ашық дереккөз 
29 шілде 2024 ж. 197 0