Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «VIP сүндеттеу» немесе «Азамат болудың» ақысы хақында

«VIP сүндеттеу» немесе «Азамат болудың» ақысы хақында

Жұрт осы кезде ес тоқтата бастаған ұлдарын жаппай сүндетке отырғызып жатыр. Жылда қара күзге дейін солай жалғасады. Тарихына бойласақ ұзап кетерміз, бірақ бұл – ислам дінінің тазалыққа негізделген талабы дер едік.

«Википедияға» сүйенсек, бүгінгі күні дүние жүзіндегі ер адамдардың алтыда бір бөлігі сүндетке отырады екен. Соңғы статистика бойынша, әсіресе, солтүстік Америкада профилактикалық әрі гигиеналық мақсатта жас балалардың 90 пайызы сүндеттеледі. Әлемнің 1,5 миллиард мұсылман тұрғынын былай қойғанда, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Англия секілді бірқатар мемлекетте баланы сүндеттеу қалыпты үрдіске айналған. Демек, сүндет мұсылмандық міндет қана емес. Оның ер адамның денсаулығы, ертеңгі күні ұрпағының өсіп-өнуі үшін маңызы зор екені медицинада да дәлелденген.

«Сүндеттелмегендерге қарағанда сүндеттелген ерлер қатерлі ісікке (рак) анағұрлым аз шалдығады. Жыныстық жұқпалы ауру туғызу қаупі сүндеттелмегендерде сегіз есе жоғары. Ал халқының 10-30 пайызы ғана сүндеттелген Кения, Замбия сияқты елдерде жергілікті тұрғындардың төрттен бірі жыныстық ауруға шалдыққан. Африканың шамамен әр бала сүндеттелетін Бенин және Камерун секілді елдерінде жұқпалы ауруларға шалдыққандар тұтас алғанда алты пайыздан аспаған. Австриялық зерттеуші ғалымдар тіптен үлкен жаңалық ашты. Олар СПИД-ке шалдыққан ер кісілердің басым көпшілігінің сүндеттелмегенін дәлелдеді», – деп жазылған muslimwomen.kz сайтында.

Ер баланың азамат атанғанының алғашқы белгісі де – осы. Сүндеттеу – ислам дінінде әрі қазақ дәстүрінде ер баланың жыныс мүшесін жауып тұрған тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып. Медицина ғылымында «циркумцизия» (латын тілінде circumcisio – дөңгелете кесу) деген атауға ие. Технологияның дамуына сай оның да ыңғайлы әдістері пайда болды.

– Медицинада сүндеттеу хирургиялық, лазерлік жолмен жүзеге асырылады. Ата-аналардың 80-90 пайызы екінші әдісті таңдайды. Өйткені ол бірден қан тамырларының бетін күйдіріп, жауып кетеді. Баланың терісі қанамайды, дәрігер үшін де ыңғайлы. Бұрын хирургиялық сүндеттеу кезінде әрбір тамырды жеке тігу қажет болатын. Ол бір жағынан уақыт алады. Процесті көрген бала да, ертіп әкелген ересек адам да қорқып қалады. Сүндеттеу процесінің жеңіл немесе ауыр өтуі балаға тікелей байланысты. Дәрігерге емес. Бала міндетті түрде дайындықпен келуі тиіс. Кейбір ата-аналар бізге алдап-сулап әкеледі. Сондықтан бала бөлмеге кіргенде ақ халат киген дәрігерді көріп қорқып кетеді. Ата-ана қайда апара жатқанын, мұның мұсылмандық парыз екенін, шыдамды болуы керегін айтып, түсіндіруі қажет, – дейді уролог-андролог Дастан Шынжырбайұлы.

Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлжазира Төке ұлдарын дәрігерге дайындықпен апарғанын айтты.

– Балаларға күні бұрын «сүндетке отырғызамыз, шамалы ауырады, шыдау керек» деп барлығын түсіндірдік. Ешқандай жылап, мазасыз күйге түскен жоқ. Облыстық балалар ауруханасының хирургі сүндеттеген болатын. Ол да процесс қалай жүретінін, қандай күтім жасау керегін айтты. Шамамен екі апта ішінде жазылып кетті, – деді ата-ана.

Дәрігер Дастан Шынжырбайұлы ер балаларды тақ санға сәйкес келген жасында және жазда сүндеттеу туралы түсініктің жай ғана миф екенін атап өтті.

– Ең қолайлы жас – 4 пен 7 жас аралығы. Арнайы көрсетілім кезінде ғана болмаса, баланы ес білмей тұрып сүндеттеудің жөні жоқ. Мысалы, урологияда фемоз деген диагноз бар. Бұл – мүшенің басының жабысып қалуы. Бала кіші дәретке шыға алмай ашып, айлық кезінде сүндеттеген кездер болды. Кейбір кезде 1-2 жастағы баланың жыныс мүшесі дайын болып, 6-7 жастағы балаларда керісінше болуы мүмкін. Жасырын жыныс мүшесі деген диагнозбен 7-8 жасында да сүндеттей алмаймыз. 10-15 жасқа толғанша күтеміз. Тіпті одан кейін де өспесе, ота жасауымыз мүмкін. Тақ санға сәйкестендіріп 3, 7 жасында, жазда ғана сүндеттеу керек деген – жаңсақ пікір. Балалар күзде сабаққа баратын болғасын мектепке сүндеттеп, дайындап апару керек дегеннен шыққан болуы мүмкін, – дейді ол.

Қайткен күнде де жазды сүндеттеу маусымы десек, жарасатын сияқты. Әкесінің, ағасының жейдесін тобығына дейін түсіріп киіп жүрген ұлдарды осы кезде көшеден, ауладан көптеп кездестіруге болады.

Педиатрия саласының ардагері Үсен Төленбеков бір жазда кем дегенде жиырма шақты баланы сүндеттегенін еске алды.

– Ұзақ жыл Шиелі ауданының «Сұлутөбе» ауылында тұрдық. «Сұлутөбені» және көрші, қойшы ауылдарды аралап, балаларын қатарға қосатын едік. Новакаиннан басқа қазіргідей ауырғанын басатын мықты дәрілер ол кезде жоқтың қасы. Осы күні заман ағымына қарай баланы алдаусыратып отыратын түрлі әдіс қолданады екен. Біз тек «аспанға қарап жат, қазір құс ұшады» деп алдаусыратып, әп-сәтте алып тастайтын едік, – дейді ол.

Расымен, қазір балалардың дәрігердің кабинетінен жыламай шығуы үшін бар жағдай жасалған. Сүндеттеудің әдеттегі және VIP деген түрлері пайда болды. VIP түрінде бала көлікте ойнап отырады, болғасын оған арнайы ішкиім беріледі. Біріншісінің өзінде бала лазерлі әдіспен ештеңені сезбей қалады. Бұл екеуінің бағасы енді екі түрлі.

Дастан Шынжырбайұлы өзі қызмет ететін ел ордасында басқа өңірлерге қарағанда баға айырмашылығы сәл жоғарылау екенін ашып айтты.

– Астанада – 30-40 мың теңге аралығында. Басқа өңірлерге шыққанда міндетті түрде сол аймақтың тұрмыстық жағдайын ескереміз. Ауылды жерлерде арзандау баға қоямыз. Мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін жасалса, асыраушысы жоқ, көпбалалы отбасылар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Жақын арада Қызылорда қаласына барып қайттым. Екі күн ішінде 80 баланы қабылдадым. Әрқайсысы үшін – 20 мың теңге. Жалпы, осы уақытқа дейін 7 мыңдай баланы сүндеттедім. Ата-аналардан шағым түскен емес. Сол себептен шығар, барған жерімде адамдар көптеп кезекке тұрады, – дейді дәрігер.

Қызылордалық ата-ана Гүлжазира Төке өткен жылы екі ұлын сүндеттеуге 24 мың теңге жұмсаған. Ал баға жылдан-жылға өспесе, төмендемейтіні анық. Егде жастағы кісілерден сұрасаң, бұрын мұндай ставка болмағанын алға тартады.

– Ата-анасы алғысын айтып, не береді, соны алдық. Бір қой артып жіберетіндер де, бір тауық тарту ететіндер де болды. Ол енді әркімнің ықыласына қарай. Арнайылап ақы сұраған емеспін. Батасын алып, соған риза болып кеткен де кезіміз бар, – дейді медицина ардагері Үсен Төленбеков.

Журналист Нұрлан Көбегенұлы осы орайда баланы сүндеттеу үшін берілген қаржы дәрігердің қалтасына емес, ол еңбек ететін мекеменің есепшотына түсуі тиіс деп есептейді.

– Хирургтердің осы мезгілде қолы жүреді. Ұлыңызды сүндетке отырғызсаңыз, еңбегі үшін деп, дәрігердің қолына беріп кетесіз. Кейбір хирург бергеніңді алады. Ал кейбірі ставка қойып, бағасын кесіп айтады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Бұрынырақта тамыз айында бір ай бойы балаларды тегін сүндетке отырғызатын. Ол кезде де «қолың жеңіл болсын» деп, дәрігерді ешкім құрқол қалдырмайды. Қазір баға анық. Егер ақылы етсе, мекеме есепшотына аудару керек. Сонда бәрі тыныш болар еді. Оның үстіне сүндеттеу құны да жоғары, оны неге сүйеніп қойғанын ешкім түсіндірмейді. Егер ақылы қызмет жасаса, оның нақты тұрақты бағасы болуы керек. Сүндеттеген дәрігер алты айға кепіл болуы қажет. Ол үшін қол қойып, мөр басылсын. Сонда оның бойында жауапкершілік болады. Құқықтық қоғам деген осы. Бірақ бізде ол жоқ. Оны өзіміз қалыптастырамыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселені реттеуі тиіс, – дейді әріптесіміз.

Сондай-ақ ол қателік жіберіп, балалардың жыныс мүшесіне зиян тигізген жағдайлар болғанын, баланы сүндеттеуде мықты мамандарға ғана рұқсат беру керегін жеткізді.

Ал дәрігер Дастан Шынжырбайұлы урологтардың сүндеттеуді медицинаның басқа бағытындағы әріптестерінің, мысалы, хирург, травматологтардың жүзеге асыруына қарсы екенін алға тартты.

– Мұны молда түгілі, дәрігер деген атқа лайық жандардың жасауын құптамаймыз. Балалар урологы мен балалар хирургына ғана рұқсат етілуі қажет, – дейді ол.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Сурет: ашық дерекккөз 

06 тамыз 2024 ж. 147 0