Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұқпалы ауруларға қарсы егіліңіз!

Жұқпалы ауруларға қарсы егіліңіз!

Дүние жүзінде жұқпалы аурулардың түрлері мыңдап саналады, соның ішінде құрөзек, сіреспе, көкжөтел, туберкулез, қызылша, қызамық, шошқа мойын, туа біткен қызамық синдромы,вирусты гепатит «В»,пневмококк, Б-типті гемофильді жұқпаларға қарсы профилактикалық егу шараларын жүргізу арқылы ауру деңгейін азайтуға, өлім көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік туды, ал тиімді вакцинаның арқасында қара шешек пен полиомиелит аурулары жойылды.
Дүние жүзінде бүгінгі таңда 1,5 млрд адам түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егілуде, 173 мемлекетте профилактикалық егулер жүргізілуде, егулердің арқасында жыл сайын әлемде 3 миллионға жуық адамның өмірін сақтап қалуға, 750 мың баланы мүгедектіктен қорғап қалуға мүмкіндік туды. Дүние жүзінде жыл сайын бес жасқа дейін 12 млн бала түрлі аурулардан қайтыс болады, солардың 2,5 милионға жуығын қажетті вакциналарды уақытында егу арқылы аман алып қалуға болар еді.
Жер шарында жыл сайын 10 млн адам туберкулезбен ауырып, 1 млн адам туберкулездің асқынуынан қайтыс болады. Балалар туберкулездің ең ауыр - туберкулезді менингит түрімен ауырып, 100 пайыз жағдайда бұл өлімге әкеліп соқтырады. Сондықтан балаларды туберкулезден қорғау үшін сәби өмірге келгенде перзентханада туберкулезге қарсы егіледі.
Ауа арқылы таралатын жұқпалы дерттің бірі – құрөзек. Жыл сайын жер шарында 5 мың адам құрөзектен қайтыс болады. Құрөзек ағзаның барлық мүшелерін зақымдайды, клиникалық белгілері тез дамып, ең көп асқыну жағдайын береді. Құрөзекке қарсы балалар 2,3,4,18 айлығында егіледі, ал қайталап егу шаралары 6,16,26,36,46,56 жаста жасалады.
Сіреспе қоздырғышы жануарлар ағзасында, топырақта бар және түрлі жарақаттар арқылы адам ағзасына түседі,ал балалар өз белсенділігінің арқасында бұл инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары. Сіреспе қоздырғышы бұлшық еттердің тарылуын,сіресуін тудыратын уытты бөліп шығарады, тамақ бұлшық еттерінің тарылуы кеңірдекті құрсаулайды және тұншығудан адам өліп кетуі мүмкін. Сіреспенің уы жүректің айтарлықтай және қайтымсыз зақымдануларын тудырады.Сіреспемен ауырған 10 адамның үшеуі осы аурудан көз жұмады. Сіреспеге қарсы арнайы дәрілер жоқ. Егу күнтізбесі кұрөзек ауруына қарсы егу шараларымен бірге жүргізіледі, әсіресе бала туу жасындағы әйелдер сіреспеге қарсы жоспарлы егу шарасын уақытында алуы қажет. Бүгінгі таңда бұл қатерлі ауруға тұрақты егу шараларын жүргізудің нәтижесінде аурушаңдық көрсеткіші 2 есеге, өлім көрсеткіші 4 есеге төмендеді. Сіреспеге қарсы балалар 2,3,4,18 айлығында егіледі, ал қайталап егу шаралары 6,16,26,36,46,56 жаста жасалады.
Балалар арасында жиі таралған жұқпалы ауру – көкжөтел ауруы. Бұл жұқпалы ауру ауа арқылы таралады. Көкжөтел бактериясы балаларда қалың, жабысқақ шырыш дамуын тудыратын, кеңірдекті бітейтін және жөтелдің ауырсынып тарылуларын тудыратын бірнеше уытты бөліп шығарады.Көкжөтел ауруының асқынуларынан балада өкпе қабынуы және мидың зақымдануы болады. Көкжөтелге қарсы арнайы ем жоқ. Сенімді әрі тиімді әдіс –балаларды 2,3,4, 18 айлығында және 6 жасында құрөзек, сіреспемен бірге көкжөтелге қарсы ектіру.
Дүние жүзінде 10 млн адам полиомиелит ауруынан соң мүгедек болып арбаға таңылып отыр, 1995-2000 жылдар аралығында дүние жүзі бойынша Ұлттық Егу күндерін өткізу нәтижесінде аурушаңдық 80 пайызға төмендеді. Полиомиелит ауруының қоздырғышы әсіресе егілмеген балаға өте қауіпті. Аналар өз сәбилерінің аяқ-қолын күнделікті қарап, егер кішкене аяғын баса алмай немесе қолын қозғай алмай тұрса тез арада дәрігерге көрсету керек, уақытында арнайы емін алса, балада салданудың алдын алуға болады. Жаңа күнтізбеге сәйкес полиомиелит ауруына қарсы балалар 2,3,4 және 12 айлығында егіледі.
Ауа арқылы таралатын жұқпалы аурулардың қатарына қызылша, қызамық, шошқа мойын ( эпидемиялық паротит) аурулары жатады. Жер шарында жылына қызылшадан 900 мыңға жуық бала қайтыс болады, қызылшадан асқынулар-өкпенің, тыныс жолдарының, мидың қабынуы болады. Қызылшаға қарсы 1 және 6 жасында егіледі. Қызамыққа қарсы егілмеген әйелдер жүктіліктің алғашқы 3 айында ауырса 50 пайыз жағдайда түсік тастайды, 70 пайыз жағдайда олардың сәбиі саңырау, соқыр, мылқау, ақыл –есі кем болып туылады. Бүгінгі таңда күнтізбеге сәйкес балалар 1 және 6 жасында қызамыққа қарсы егіледі.Шошқа мойынмен ауырған балаларда мидың қабынуы болады, бала есту қабілетінен айырылады, ал ер балаларда белсіздікке апарып соқтырады. Шошқа мойынға қарсы балалар 1 және 6 жасында егіледі.
Егу шараларына Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының арнайы тексеруінен өтіп, қауіпсіздік талаптарына сай сертификат берілген вакциналар қолданылады, оның ішінде Франция, Англия, Жапония, Ресей, Бельгияның озық технологиямен жасалған вакциналары бар, бұл вакциналар дүние жүзінің 120 мемлекетінде қолданылады.
Жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық егу шараларын уақытында жасатыңыз,Өзіңізді және балаларыңызды жұқпалы аурулардан қорғаңыз!
А.БАЛШАМБАЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасы басшысының м.а.

Сурет: ​tolqyn.kz​​​




14 тамыз 2024 ж. 201 0