Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Емханалар «МСАК көшбасшысы» атағы үшін сайысады

Емханалар «МСАК көшбасшысы» атағы үшін сайысады

1 қыркүйекте «МСАК көшбасшысы» республикалық байқауы басталады. Ұйымдастырушы - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

1 қыркүйектен 30 қарашаға дейін еліміздің емханалары медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету (бұдан әрі – МСАК) жөніндегі үздік медициналық ұйым атағы үшін сайысады.
Осы сайыстың қарсаңында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы (бұдан әрі – Қор) ZOOM конференциясы барысында МСАК ұйымдарына байқаудың шарттарын түсіндірді. Облыста Қормен шарт жасасқан 25 медициналық ұйым бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететінін айта кеткен жөн.
Қор филиалының директоры Жақсылық Абдусаметовтың айтуынша, байқау бірқатар индикаторлар бойынша өткізіледі: МӘМС жүйесімен қамтылмаған азаматтардың және диспансерлік есепте тұрған науқастардың шұғыл түрде ауруханаға жатқызылу санының азаюы, сондай-ақ емханалардың жұмысына шағымдардың санын төмендету, МӘМС жүйесінің артықшылықтары мен қағидаттары туралы ақпараттық материалдарды БАҚ пен әлеуметтік желілерде жариялау.
Сайыстың нәтижесін Қордың, Денсаулық сақтау басқармасының, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен тұратын комиссия қарайды.
«МСАК көшбасшысы» байқауының қорытындысы 2024 жылдың 15 желтоқсанында жарияланады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталады.


31 тамыз 2024 ж. 100 0