Тәуелсіздік күніне орай Өзбекстан президенті 522 адамға рақымшылық жасады
![](/uploads/posts/2024-08/1725121575_66.jpg)
«UzA» ақпарат агенттігінде жарияланған президент жарлығына сай, 522 адамға рақымшылық жасалды. Олардың ішінде 159 сотталған негізгі жазасын өтеуден толық босатылса, 303 адамның шартты жазасы күшін жояды. Сонымен қоса, 60 адамның жазасы жеңілдейді.
Рақымшылық жасалғандардың қатарында шет мемлекеттердің 19 азаматы, 56 әйел, 60 жастан асқан 25 ер адам, 233 жас (оның ішінде біреуі кәмелетке толмаған), сондай-ақ тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысқан 27 адам бар.
Жарлықты орындау шеңберінде жауапты ведомстволарға рақымшылық алған адамдарды отбасына қайтару, олардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу және жұмысқа орналастыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Сурет: ашық дереккөз