Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Адам папиллома вирусы туралы білдіңіз бе?

Адам папиллома вирусы туралы білдіңіз бе?

Дүйім дүниеге кең таралған, шырышты қабаттар мен теріні зақымдайтын вирустар тобының жалпы атауы – адам папиллома вирусы. Мұның 190-ға жуық түрі белгілі болса, оның шамамен 13-і қатерлі ісіктің дамуын әкеледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтуынша, жатыр мойны обыры әлемдегі барлық қатерлі ісік ауруларының 13%-ын құрайды. Әлемде жыл сайын жатыр мойны обырынан 300 мыңға жуық әйел қаза тапса, Қазақстандағы статистикаға сүйенсек, жыл сайын 1600-ден астам жағдай тіркеліп, 500-ден астам әйел көз жұматыны расталып отыр. Қатерлі ісік ауруы арасында жатыр мойны обыры 5 орында болса, өлім-жітім бойынша 8 орында тұр. Осы аурудың алдын алу мақсатында әлем бойынша 11 жастағы қыз балаларға вакцинация салу қолға алынуда.
– Жатыр мойны обырының дамуы АПВ инфекциясына байланысты екені ғылыми түрде дәлелденді. АПВ жұқтыру мен жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз әдісі – вакциналау болып отыр. Бүгінде 125-ге жуық ел өзінің ұлттық иммундау бағдарламаларына осы вакцинаны енгізді. Елімізде де денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, «2023-2025 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар» шеңберінде адам папиллома вирусына қарсы вакциналауды енгізу көзделген, – деді Арал аудандық емханасының акушер-гинекологы Дина Қожаниязова.
Дәрігер бұл аурудың жасарып келе жатқандығын да айтты. Яғни, бұрындары жатыр мойнының обыры ауруы көбіне 50 жастан асқан әйелдерде кездесетін. Ал қазір 16-18 жастағы бойжеткендерден де байқалып жүрген көрінеді.
– Бұл аурудың көбіне пайда болу себептерін атап өтер болсам, темекі шеккеннен, иммундық жүйенің төмендігі, бұрын болған немесе ағымдағы хламидий және жыныс жолымен берілетін басқа да инфекциялар, сондай-ақ жүктілікке қарсы дәрі-дәрмекті ұзақ уақыт қабылдау және де ерте басталған жыныстық қатынас пен артық салмақтан да пайда болып жатады, – деді маман.
Менструалды кезеңнен тыс уақытта қан кету жатыр мойны обырының негізгі белгілерінің бірі. Сонымен қатар іштің төменгі жағының ауруы, салмақ жоғалту, шаршаңқылық және зәрде қан пайда болуы ауру белгілеріне жататынын да атап өтті.
Бұл вакцинацияға байланысты 16 жастағы бойжеткен Дариға өз қарсылығын айтып отыр.
– Вакцинация алғаш тәжірибеге енгізіліп жатқан соң оны қабылдауға қарсымын. Ол әлі де толық зерттелмеген деп ойлаймын. Әр нәрсенің екі жағы болатын секілді, вакциянация аурудан сақтағанымен қыз баланың енді жетіліп келе жатқан гармондық дамуына кері әсерін тигізуі де ғажап емес. Бетін аулақ қылсын, бірақ «жыныс ауруларының басқа түрлерінің дамуына және бедеулікке алып келе ме?» деген қауіпім бар.
Халық тек бір ойлы болмасы анық. Екі ұшты пікір бірге жүреді. Әлеуметтік желілерде вакцинацияны бірі қолдап жатса, енді бірі оны алуға қарсылық білдіруде.
Жатыр мойны обырының кесірінен жақынынан айырылып, қара жамылғандар да аз емес. Ол сөзіміздің дәлелі жоғарыдағы статистикалық мәліметтерден айқын көрініп тұр.
– Осыдан екі жыл бұрын туған апам жатыр мойны обырынан қайтыс болды. Қауіптілігі – белгілері онша байқала қоймайды. Мүмкін байқалған да шығар. Күйбең тіршілікпен күн кешетін әйелміз ғой. Көп жағдайда салғырттық танытып жататынымыз да жасырын емес. Апам да өзінің осы дертке шалдыққанын сырқаты меңдеген соң бір-ақ білген. Бір жағынан қант диабеті бұрыннан бар еді. Осылайша бір жарым жыл қабылдаған ем-шара оны ажалдан құтқара алмады. Сондықтан мұндай аурулардың алдын алу ерте жастан басталғаны дұрыс деп есептеймін, – деді өз пікірін білдірген Жазира Серікқызы.
Дәрігер Дина Қожаниязова 11 жастағы қыздарды вакцинациялау білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде тегін қолжетімді болатындығын айтты. Сондай-ақ, ата-ана өтінішімен вакцинаны тіркелген жері бойынша емханалардан алуға болады.
Түйін. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. Елімізде адам денсаулығы әрдайым бірінші орында. Сол үшін атауы дүйім дүниеге жайылып бара жатқан бұл аурудың алдын алмасқа болмас. Болашақ ұрпақ өрбітуші нәзік жандылардың денсаулығына немқұрайлы қарамағанымыз жөн. Дұрысын оқырман өзіңіз саралай жатарсыз.
А.НҰРЛАНОВА

Сурет: ашық дереккөз 
03 қыркүйек 2024 ж. 161 0