Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘМС аясында ауылдағы балаларды медициналық оңалту

МӘМС аясында ауылдағы балаларды медициналық оңалту

Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығы ашылды. Мұнда орталық жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратында ақауы бар балалар емделеді.

11 жастағы егіздер Ерзат пен Нұрзатта сирек кездесетін генетикалық ауру – Дюшен бұлшықет дистрофиясы анықталған. Ауру бұлшықет әлсіздігімен сипатталады, бұл жыл сайын бұлшықет тонусын әлсіретеді және өте тез дамып, науқастың толық қозғалмауына әкеледі.

«Балаларым 2-3 сыныптарда оқып жүргенде шауып жүрген. Қазір олардың өз бетінше қозғалуы қиындап барады. Бұл диагнозды шетелдік мамандар анықтады. Емге Алматыға баратынбыз. Енді осы орталықтың ашылуымен тұрғылықты жерімізде ем алып жатырмыз. Барлық медициналық оңалту қызметтері бізде тегін. Қазірдің өзінде ұлдарымда оң нәтиже бар», – дейді егіздердің анасы Ақбота Оспанова.

Оңалту орталығы Шиелі және Жаңақорған аудандарынан балаларды қабылдайды. Мұнда церебралдық паралич, тірек-қимыл аппаратының, орталық жүйке жүйесінің бұзылуы сияқты әртүрлі дертке шалдыққан 28 бала емделеді.
Оңалту орталығы қажетті мамандармен қамтылып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.

«Мақсат – туа біткен ақаулары бар балаларды кешенді оңалту және хирургиялық араласудан кейін қалпына келтіру. Орталықта тәулік бойы және күндізгі стационарлар бар. Жылына 600-ге дейін бала қабылдауды жоспарлап отырмыз. МӘМС жүйесі аясында 18 жасқа дейінгі балалар медициналық оңалту қызметтерін тегін алады», - деді дәрігер-реабилитолог, бөлім меңгерушісі Мөлдір Есқабылова.

Ағымдағы жылдың басынан Жаңақорған аудандық көп бейінді орталық ауруханасына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан медициналық оңалтуға 174,2 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.

Сурет: maqat-tynysy.kz 

03 қыркүйек 2024 ж. 91 0