Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дария кеуде, тау мүсін...

Дария кеуде, тау мүсін...

Дарабоз жазушы Шерхан Мұртаза, дария кеуде тау мүсін қарияларымызды үш топқа бөледі: Елдің мүддесін көздеп қызмет еткен, бірлікке шақырып, әңгіме айтатындарды абыз ақсақал десе, өсиет сөз айтатын көкірегі шежіре кісілерді қазыналы қария дейді, ал отбасы, ошақ қасындағы өсек-аян сөздерден асып кете алмайтын зейнет жасындағыларға шал-шауқан деп баға берген екен. Шерхан ата айтқандай қеудесі дариядай, жаны да, ары да, қолы да таза, тура сөзді, отырған орны орман, жастарға қорған ел-жұртым жетілсе екен, халқына жақын ұл өссе, қанатын жазып қыз өссе деп бірлікке шақырған қазыналы қариялар мен қатар абыз ақсақалдарымыз аз емес. Солардың бірегейі кішіпейілдік пен ізгілік, татулық пен ауызбіршілік абройын асқақтатқан табиғатпен сырласа білген, бірнеше марапаттардың иегері Бақыт Бөрібаев туралы айтпақпын.
Б.Дәрменқұлұлы 1948 жылы 25 тамызда Сексеуіл қыстағында дүниеге келген. Әкесі Дәрменқұл 1906 жылы сырдағы Құмбазар – Бекбауыл өңірлерінде өмір есігін ашқан. 1930 жылдары қазақ халқының басына түскен зұлмат кезеңінде темір жол жағалап жүріп, Сексеуіл қыстағына тұрақтаған екен. Алғашқы жылдары темір жолда әртүрлі жұмыстар істей жүріп, 1935 жылдан бастап паровоз депосында жөндеуші-слесарь, от жағушы болса, 1939 жылы паравоз жүргізушісінің көмекшісі, ал 1941 жылдан бастап паравоз машинисі болып, 1962 жылы құрметті демалысқа шығыпты. 1974 жылы дұниеден озған. Сөзі дуалы, айтары бар, турашыл, еңбекқор ақсақал болыпты. Анасы Рахима Пірімжарқызы 1914 жылы Аманөткел ауылында дүниеге келген. Әкесі Пірімжар ахун, жас кезінде Жібек жолы керуеніне ілесіп, Бұхараға барып, сонда 7 жыл оқып, білім алған екен. Оқу бітірісімен Аманөткелге келіп, «Мәди түбек» деп аталған жерге мектеп ашып, балаларды сауаттандырған көрінеді. 1935 жылдан бастап қазақ зиялылары мен қоса, молдаларды да қуғын-сүргін кезінде бой тасалап жүріп, Сексеуілде пойыз апатынан қайтыс болыпты. Әкесінен кейін Рахима анамыздың анасы, әжесі қайтыс болып жетімдіктің тауқыметін жастай көрген. Осындай қиындықтарға мойымай 7 перзентін дүниеге әкелген жаны жайдары, үлкен жүректі, мейірім шуағы төгіліп тұратын аяулы алтын құрсақты ана болған деседі.
Әкенің қамқорлығы таудан биік, ал ананың махаббаты теңізден терең дегендей заманның қиындығына қарсы тұрып, жеті перзентін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай тәлім-тәрбие, қазақы салт-дәстүрлерді, рухани құндылықтарымызды бойларына егіп, білімдерін алып беріп, бір-бір татулығы жарасқан отбасылы болуға жол сілтеген ата-аналарына дән риза.
Тұла бойы тұңғышы Раушан Дәрменқұлқызы 1942 жылы дүниеге келген. Сауда саласында қызмет еткен жанұялы болған. Қазір дүниеден өткен. Айсәуле Қызылорда педагогикалық институтында биология факультетіне ұстаздық етіп, жастарды білім нәрімен сусындатқан. Өмірден озса да артында өшпестей із қалдырған аяулы ана. Марал көп жылдар бойы Ташкент қаласында сауда саласында қызмет еткен, қазір жанұясымен Қызылорда қаласында тұрады. Ұлмекен қарындасымыз Ақтөбе медицина институтын акушер-генеколог мамандығы бойынша бітіріп, мыңдаған нәрестелерге өмір сыйлап, кіндік шеше атанған дәрігер. Қазір Алматы қаласында жанұясымен тұрып жатқан зейнеткер. Бақберген ініміз Сексеуіл депосында тепловоз жөндейтін электрик, жанұялы. Бақтыбай ініміз Алматы Нархоз институтын бітірген жоғары білікті экономист. Ұзақ жылдар ішкі істер органдарында қызмет етіп, қазір жанұясымен Қызылорда қаласында тұрып жатыр.
Міне, өсер отау өрісті демекші Дәрменқұл атамыз бен Рахима анамыздан тараған ұрпақардың ішіндегі мақаламның басты кейіпкері Бақыт Дәрменқұлұлы 1955-1966 жылдары Сексеуіл қыстағындағы 423 теміржолға қарасты орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы Одақтық білім беру орталығы (Центр ВУЗ) арқылы Марий АССР-ның астанасы Иошкар-Ола (Ресей) қаласындағы политехникалық университетінің механикалық факультетіне түсіп, 1971 жылы инженер-механик мамандығын алып шықты. Диплом қолына тиген соң Қызылорда қаласындағы облыстық автомобиль өндірістік бірлестігіне инженер мамандығы бойынша орналасты. Енді Бақыт інімді сөйлетсек.
– 1974 жылы әскери борышымды өтеп, қайтадан сол автотресінің ғылыми ұйымдастыру бөліміне орналасып, ғылыми жұмыстармен айналыстым. Автотрес басшылығы және партия ұйымы азғантай уақытта жемісті жұмысыма, әрі Ресейде оқығандығым мен қоса орыс тілі жақсы меңгергендігімді бағалап, партия қатарына өтіп, аудан, қала бойынша 13 шауашылығы бар автотрестің комсомол комитетінің бірінші хатшысы боласың деп ұйғарып, сол уақыттағы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Коволовтың қабылдауында болып келісілген мәселе болатын. Алайда сол күннің ертеңіне ауылдағы әкем кенеттен қайтыс болды деген суық хабар келіп, ауылға қайтуға тура келді. Әкемді жерлеп болған соң, анам:
– Балам, әкең болса қайтыс болды, апаларың тұрмыста, өз тіршіліктері бар. Екі қарындасың оқуда, інілерің болса мектеп жасында, үйде өзіңнен басқа бас көтерер адам жоқ, ауылға біржола қайтқаның дұрыс болар және де әлі үйленген жоқсың. Осы жақтан сүйгенің табылар деген анамның сөзіне тоқтадым. Автотрес басшылығына өтінішімді бергенде келешегіңнен үлкен үміт күтетін жас маман екеніңді білеміз. Онда Арал автобазасына бас инженер етіп жіберейік деді. Автотресте жүргенімде бірнеше рет қызмет бабымен іс сапарда болғанмын. Ол кезде Арал автобаза директоры атақты Оразғали Ерекешов аға болатын. Іс сапар кезінде жұмыс барысында кейбір мәселелермен келісіңкіремей айтысып қалғаным да бар болатын. Осыны айтып ол кісімен келісіп жұмыс істес бола алмайтынымды айтып түсіндіріп, барлық құжаттамаларымды алып ауылға келдім.
1974 жылы қазан айында Құланды жылқы зауытына орналасуда көп қиындықтардан өттім. Сол кездегі ауылшаруашылы облыстық басқарма бастығының механизация жөніндегі орынбасары В.Кимнен жолдама алып келдім. Ол кісімен автотресте ғылыми жұмыстармен айналысып жүргенімде бірге атқарған жұмыстарымыздың бағдарламасы облыс бойынша, қырманнан элеваторға дейін автотранспортпен тасымалдауға сағаттық гафик енгізуді ұйымдастырған болатынбыз. Құланды жылқы зауытына жай ғана механиктік жұмысқа орналастым. Ресейде оқып, қалада қызмет атқарған және өзі орысшалау маған алғашқы кезде совхоздың тұрмыс-тіршілігіне, қазақшылығына қалыптас оңай болған жоқ. Сол қиындықтардан абыроймен өтіп, шаруашылыққа бейімделіп, екі жылдан соң, яғни 1976 жылы бас инженер болып тағайындалдым. Аудандағы бес совхоздың шаруашылығына қрағанда Құландының көптеген ерекшеліктері болатын. Жылқы зауытының орталығы теміржолдың бойында Сексеуілде орналасқандықтан еңбек ақылыры төмендеу фермааралық жолдардың жолсыздығы, бір-бірінен қашықтығы, механизатор кадрларының (шофер, тракторис) тұрақсыздығы сияқты қиын себептері болатын. Мал азығын дайындауда тұрақты өз жерімізде шабындық болмауына байланысты механизаторлар 6-7 ай бойы көшіп-қонып Шалқар, Ырғыз, Қазалы аудандарынан дамылсыз жұмыс атқаратын. Барлық маусымдық жұмыстар тек қана механизаторлар орындайтындықтан оларға жүктелген міндеттерде күрделілігімен ерекшеленетін. Осы жұмыстарды тиімді ұйымдастыруда еңбекақы төлеудің арнайы тың тәсілдер ынталандыру шаралары қолданып, (басқа совхозда жоқ) мал азығын дайындауда механизаторларға тегін тамақтандыру мәселесін шешу, отбасыларына арнайы жағдай жасау сияқты мәселелер қарастырылды. Осы жұмыстарды ұтымды 3 ай шеңберінде ұйымдастырғандағы еңбегімді бағалап, ауылдық мәслихат депутаты, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болып сайландым. Сол кездегі бес совхоздың бас мамандарының ішіндегі 28 жастағы жасы мен болатынмын, – деп ағынан жарылған болатын.
1991 жылы Кеңес үкіметі тараған кезеңде барлық шаруашылықтар жекешелендіру басталып, мамандардың жасап жүрген қызметтерінің де мәні қалмағанды. Барлық мекемелерде айлықтың орнына азық-түлік, киім-кешекпен айырбастайтын кезең болғаны барлығымыздың басымыздан өткен ауыр кезең болғаны белгілі. Осындай кезеңді Бақыт Дәрменқұлұлының да басында болды. 27 жыл абыроймен атқарған қызметінің құт кетіп, 2001 жылдан бастап айлығы тұрақты Сексеуіл пайдалану депосына жетекші маман-экономис болып орналасты. Келесі жылдан бастап экономикалық жоспарлау бөлімінің басшысы болып, зейнеткерлікке шыққанша қызмет етуі «Терең өзен алабұлттай ағады, текті жігіт кішілікпен жағады» демекші, тектілікті ту еткен азаматтың абыройлы ісі десе болады.
Кез келген азамат жар таңдауда қателеспегені жөн. Үйлену дегеніміз – жар таңдау. Бабаларымыз: «Алғаның жақсы болса бұл дүниенің жарығы» деп бекер айтпаған. Бақыт інімде жар таңдауда да маңдайлы болды. 1979 жылы Марал Өтегенқызымен бас қосып, отау құрды. Маралдың әкесі Өтеген Қонысов совхозда жылқышы, ал анасы Айша Жұматайқызы екеуі де қартайған елге сыйлы қазыналы қариялар болған деседі. Жан дегенде жалғыз қызы Марал Алматы ауылшаруашылық институтының бухалтерлік бөлімін бітірген жоғары білімді есепші ретінде Құланды совхозында есепшісі болып абыройлы қызмет еткен аяулы ана. «Өсер отау – өрісті» демекші қанатын жайған мәуелі қос бәйтеректен тараған ұлдары ұялтпаған, қыздары қызартпаған бір-бір шаңырақтың отағасы, отанасы болған, жоғары білімді, өнегелі жайсаң жандар екенін білген соң айтамыз.
Тұла бойы тұңғышы Жанар Алматы шет тілдер институтын бітірген ағылшын тілінің маманы. Қазіргі кезде АТУ-да ұстаздық етеді. Докторлық диссертация қорғау мақсатында Америкада практикадан өтуде. Жанұялы.
Нұрлыбек Қызылорда Қорқыт ата университетінің экономика факультетін бітірген. Сексеуілдегі Қамқор локоматив жөндеу депосының экономикалық-жоспарлау бөлімінің бастығы, келіншегі Қанағат Кенжеқараева Алматы ауылшаруашылық университетінің бухгалтерлік факультетін тәмамдаған. Сексеуіл локоматив депосында жоғары білікті есепші. Екеуі төрт бала тәрбиелеуде.
Әлібек КазГУ-дың география факультетінің ауа-райын зерттеу-метерология мамандығын меңгерген. Екінші жоғары оқуын сырттай бітіріп, ҚазАТК-де теміржолшы ал, қазіргі кезде Ақтөбе қаласындағы локоматив депосында жолаушылар тасымалының машинисі болып еңбек етуде. Келіншегі Алтынгүл Тасболатқызы Алматыдағы КУПС-тың диспетчерлік мамандығы бойынша бітірген жоғары білімді маман. Бала күтімімен үйде.
Шынар Алматы шет тілдер иститутының ағылшын, түрік тіліндегі жоғары үкімет органдарының іс қағаздарын жүргізу мамандығын меңгерген. Қазір салық саласы органдары қызметінде. Сүт кенжесі Нұрсұлтан ҚазАТК-ны бітірген жоғары білімді теміржолшы. Сексеуілде Американың «Ваф тех» компаниясында техникалық кеңесшісі. Жақында Сәнімай Нұрбекқызына үйленіп, отау құрды. Бір сөзбен айтсам «мінездері төр жайлаудай, көңілдері көлдей шалқыған Бақыт інім мен Марал келіндеріме бақ қараған, Қыдыр дарыған, мерейі асқан, елі сыйлаған отбасы десем жарасады. Ғұлама, философ Мәшһүр Жүсіп дана Абайдың үйіне келгенде одан «Жұмақ қайда?» деп сұрапты. сонда Мәшһүр «Кімнің әйелі жақсы болса – жұмақ соның үйінде» деп жауап берген екен. Ұлы ғұлама айтқандай Марал келініміз де отбасын жұмаққа айналдырған, салиқалы өмір салтының қайнар көзі бола білген, туған-туыстары мен жекжаттарын жақындастырған, босағасы қонақтан босамаған адал жар, алтын құрсақты аяулы ана десем жарасады .
«Құс өліп балапаны қалса қияғы қалады, ат өліп құлыны қалса тұяғы қалады, әке өліп бала қалса мұраты қалады» деп даналарымыз айтқандай жақында Бақыт інім мен Марал келіннің бастамасымен әулет болып дүйім жұртты жинап әке-шешелеріне, бабаларына арнап ас беріп, Құран бағышталып, бата беріліп, естіліктер айтылып, ата-аналарының мұратын жалғастырып келе жатқан ұрпақтары екендігін дәлелдеген игілікті істерінің куәгері болғанбыз.
Адам мен табиғатты о баста егіз жаратқан. Бірінің-бірінсіз өмір сүруі мүмкін емес. Өйткені табиғатты аяласа адам өзіне бақыт табады. Ал өзін аялаған ұрпағына бақытты өмір сыйлайды, жемісін береді, егісін береді, көлеңкесі мен шуағын сыйлайды деген аталы сөздер де бар. Бақыт ініміздің сыртқы есігінен аттағаннан-ақ жеміс ағаштарымен қоса жайқалып тұрған гүлдердің небір түрлерімен көмкерілген ауласын көресің. Үйге кірмей тұрып тамашалаған біздер гүлдер жайында сұрағанымызда, Бақыт ініміз «Гүл – табиғаттың бізге берген сыйы. Түрлі-түстердің топтасқан жиынтығы. Түс – қуат көзі секілді гүлдер де біздің өмірімізге әсер етеді, тіпті ол емдеу қасиетіне деие» деген сөзінен көп нәрсе аңғарғандай болдық.
Жігіттің жақсы болуына үш нәрсе қажет ететін болса, олар жайлы үй, адал жар, жолда қалдырмайтын жақсы көлік десек, осылардың барлығы Бақыт інімнің отбасынан табылады дер едім. Ауласында аяғыңа шаң жұқпайтындай етіп бурчаткімен төселген замануи үлгіде салынған қос қабатты еңселі үй, адалдықтың бұлағын лайламаған Маралдай адал жар, жолда қалдырмайтын шет ел көлігі мен қоса шат күлкісіне бөлеген немере-шөберелерін қоссақ, Алла тағала Бақыт інім мен Марал келінімнің отбасын тіл, көзден сақтасын дей отырып, отбастарына амандық, өздеріне зор денсаулық, әдемі қартаюдың өнегелі үлгісін кейінгі ұрпақтарға еге беріңдер деген ағалық тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол Жолмағамбетов,
КСРО және ҚР-ның халық ағарту ісінің
озық қызметкері

01 қазан 2024 ж. 167 0