Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ашықтық жемқорлықты ауыздықтайды

Ашықтық жемқорлықты ауыздықтайды

Сыбайлас жемқорлық заман ағымымен бірге ілесіп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып үлгергелі қашан. Бұл бүгінгі күнге дейін жетіп, дамушы елдердің өркендеуіне зор кедергі тигізіп отырған қоғам кеселіне айналып отыр.
Расында, парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдар ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерінің басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
«Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние-байлық не керек, денсаулығың болмаса, төрелігің не керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөз әрбір қызметкердің, басшының санасында сақталса, қоғамның қарқыны жемқорлықтан аулақтап, елдің көңілі толып, халық пен билік арасындағы байланыс, бір-біріне деген сенім артары сөзсіз.
Мемлекет басшысы өз сөзінде «Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде» деген еді. Расында, осындай ашықтық бізге жемқорлықты жеңу үшін көмектеседі.
Н. ТОҒЫСОВ,
Арал ауданы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны

Сурет: adyrna.kz/
08 қазан 2024 ж. 118 0