Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Босаған сараланған білім гранттары қалай бөлінді

Босаған сараланған білім гранттары қалай бөлінді

Ғылым және жоғары білім министрлігі босаған сараланған білім гранттары қалай бөлінгенін түсіндірді.

Биыл министрлік қосымша білім гранттарын бөлгені белгілі. Сондықтан кей сараланған грант иелері толыққанды грантқа ауысты.

«Ал босаған сараланған гранттар тізімде келесі тұрған үміткерлерге тағайындалды», - деп атап өтті ведомстводан.

Естеріңізде сала кетсек, биыл алғаш рет ілкі жоба ретінде еліміздегі жоғары оқу орындарында сараланған грант моделі енгізілген болатын. Грант саны - 300. Бұл грантты жеңіп алған студенттер оқу ақысының тең жартысын өзі төлесе, қалғанын мемлекет өтеп береді. Бірақ, мұндай грант барлық мамандыққа бірдей берілмейді. Әзірше, «Педагогикалық ғылымдар» мен «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» мамандықтарына гранттар теңдей бөлінген. Сараланған грант иегерлері шәкіртақы алады.

Айта кетейік, грант тағайындау конкурсына 104 мыңнан астам талапкер құжат тапсырды. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық.

Жалпы, конкурс нәтижесінде 79 мыңға жуық білім гранты үлестірілді. Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Бір грант орнына ең үлкен конкурс «Стоматология» мамандығында болды. Бұл мамандық бойынша 35 талапкер бір орынға таласты. Мұнан кейінгі орындарда «Халықаралық қатынастар және дипломатия» (11 адам), «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» (10 адам), «Аударма ісі» және «Психология» (9 адам) болды.

Грантқа үміткерлер арасында балдар теңдігі жағдайында 22 мыңнан астам талапкер басым құқыққа ие болды, олардың ішінде «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. Сондай-ақ, грант үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ескерілді.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
17 қазан 2024 ж. 98 0