Басты міндет – қауіпсіз елге айналу
Интернет иіріміне сүңгісең, төбе шашың тік тұрады. Ашқан бойда көзіңе шалынатыны атып кетті, зорлап кетті, өлтіріп кетті деген мәтіндегі жаға ұстатар жайттер. Тіпті айтуға аузың бармайды. Амал жоқ көзіңе түскен соң шолып өтесің. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда, бүгінгі қоғам бейнесі осы. Мейірімділік азайған, есесіне қатыгездік белең алған. Шіміркенбей баласын өлтірген, асқан жауыздықпен ата-анасын о дүниелік еткенді де естідік. Жауқазындай бүр жарған бүлдіршінге азғындық жасағанды да құлағымыз шалды.
Әйтеуір, мына өмір сұмдыққа толы. Көшеде қан қысымы көтеріліп, пұшайман күй кештің бе? Ешкім сенің қолтығыңнан демемейді. Керсінше мас адам шығар, бәлесінен аулақ дегендей алыстан қашады. Біреу мен біреу жаға жыртысты ма? Арашалаудың орнына телефонға түсіріп қызықтайды.
Жуырда,Талғардағы қорқаудай жабылып, жас ғұмырды үзген қылмысты оқиға сәл жоғарыда жазған сөзімізге дәлел. Болмаса шырылдаған ананың үніне жүрегінде титтей де бір жанашырлығы бар пенде қайрылып қайғылы оқиғаның алдын алуға тосқауыл қояр еді ғой. Бір шаңырақтың үкілі үміті үзілді. Қаскөйлердің әрекеті мұнымен тынбай сол үй отқа оранып, күлі көкке ұшты. Күллі Қазақстан күңіренді. Жер-жерден жағдайға қатысты үн қосқандардың қатары артты.
Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме. Негізгі тақырыпқа ойыссақ айнала алдау-арбау. «Екі жеп» биге шыққысы келгендердің қарасы қалың. Талайлар смартфоннан сан соғып қалған. Қазір адам сөйлесіп алайын дегенге қалтасындағы телефонын беруге қорқады. Өйткені, сол екі минут ішінде өз қажетінше онлайн несие рәсімдеп алуы да әбден мүмкін. Адалдар осылайша жеңіл олжа тапқыштардың құрбаны болып жатыр. Бұл ащы да болса шындық.
Әрі-бері өткен сайын назарымызға түседі. Көшелерде соққы салмағын, яғни күшін есептеп шығаратын қызыл түсті автоматты құрылғылар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен. Алды толы жас өспірімдер бұла күші бойына сыймаған олардың жанасқан жанды бір соққымен майып қылуына машықтанып жатпағанына кім кепіл. Қазақтың жастары күрзі жұдырығымен әлемге танылғаны жақсылықтың нышаны әрине. Алайда, көрінгенге соқтығысқан кейбір жүгенсіздер күшін дәлелдеймін деп бейқам адамды жантәсілім немесе мүгедек етсе ше?
Сол жастардың басым бөлігі әскер десе ат тонын ала қашады. Бұған аудандық әскери комиссарияттағы мамандардың мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны кезінде азаматтардың көбі армияға баруға құлықсыз деген сөздері дәлел.
Бірін айтып, бірін кетті демеңіз, таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көп нәрсенің басын ашты. Барша отандастарға бағыт берген стратегиялық құжатта әділдік төңірегінде көп нәрсені өткірледі. Соның ішінде, Қоғамда заң мен тәртіп идиялогиясын терең орнықтыру қажет деген міндет бар. Енді ойлы оқырманға түсінікті болу үшін тоғызыншы тарауға тақырыпқа арқау еткен мәселе аясында кеңінен тоқталсақ.
Мемлекет басшысы цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтырды, оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал, биыл одан да көп адам қатысады. Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқару керек. Мұның бәрі азаматтарымызды әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді – деді.
Қаржылық сауаттылықты арттыру уақыт күттірмейтін шаруа екені бесенеден белгілі. Себебі, елімізде кредитке белшеден батқан ағайынның қарасы қалың. Болмашы нәрсеге бола банк жағалап, ақырында қарыз шырмауынан құтыла алмай қалып жүргендерді естіп те, біліп те жүрміз. Оған алаяқтың арбауына іліккендерді қосыңыз. Президент пәрменінде құзырлы органдарға бағытталған тапсырмалар да айтылды. Нақтырақ тарқатсақ мемлекет басшысы:
– Қазір құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыру керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстар – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді – деп әділетті қоғам құрудың арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел бола алатынымызды ортаға салды.
Рас, кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс өршіп түр. Елдегі тыныштықты, қоғамдағы ахуалды ұдайы назарда ұстаудың нәтижесінде біздерде жемісті жұмыс бар. Дегенмен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Осы және өзге де құқық саласына қатысты сөзін жалғаған Президент Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру өзінің басты міндетінің бірі екеніне басымдық берді. Жолдауда құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ екендігі, қарақшылықты түп тамырымен жою қажеттігі де жан-жақты қаузалып, құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық таныту керектігі баяндалды.
Жасыратыны жоқ қазіргі кезде жол апаттары көптеп орын алуда. Желмен жарысқан оң рөлдегі көлік иелері діттеген жеріне ерте баруды көздейді. Салон толы жолаушының тағдырына алаңдамайды. Көптің ойын дөп басқан Жолдауда осы жағдай да барынша сараланды. Қорқынышты цифр жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза тауып, 16000 нан астам азамат түрлі дәрежеде зардап шеккен екен. Санаға салмақ түсіретін санның зардабы да орасан екені баршаға мәлім. Бұл тұрғыда үкімет пен әкімдер батыл қадам жасап, депутат біткен бұл мәселеге әрқашан бей-жай қарамауы тиіс.
Жолдаудағы өзекті тапсырмалардың тағы бірі армия қақында да өрбіді. Президент өз сөзінде:
– Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындау үшін әскер қатарында ең алдымен темірдей тәртіп болуы тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күшті құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан, сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты – деп пысықтады.
Сондай-ақ, көпке жол тартқан дәстүрлі Жолдауда теріс пиғылды адамдардың, оның ішінде шет елде жүріп еліміздің ішкі мәселелерін ушықтыратын жандардың бар екені де сөз болып, олардың әрекеттері бос әурешілік екендігі, еліміз әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра беретіндігі тілге тиек етілді.
Иә, көрмейтіндер көрмейді, естімейтіндер естімейді. Халықтың әл-аухатын жақсаруға септігін тигізетін игі бастамалар жобалар елімізде баршылық. Ашық қоғам қалыптастыруға ден қойып, "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қалыптастыруға ықпал еткен Президенттің салиқалы саясаты көрегендікпен ұштасты. Құқықтық мәдениет қайта жанданып, үлкен-кішінің саяси жүйедегі өзгерістерге сенімі нығайды. Еліміздің бар аймағында алға жылжу байқалып, экономика әртараптандырылды. Мемлекет пен қоғам арасындағы диологтың сапасы артып, әділдік пен адалдықтың салтанат құрылуына қолдау жасалды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау қолданысқа еніп, халық өз таңдаулыларын жасады. Ендігі жерде аудан және облыстық маңызы бар әкімдерді де халық сайлап, саяси жүйенің артықшылығы аңғарыла бастады. Осының бәріне ел куә.
Ендеше, алда Жолдау жүктеген міндеттер аясындағы жемісті жұмыс жүйелі түрде жалғаса беретініне сенім мол.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ