Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Маймыл шешегі қалай жұғады?

Маймыл шешегі қалай жұғады?

Бүгінгі біздің сұхбатымыз  Арал апудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  басшысы А.Сатекеевамен «Маймыл шешегі туралы не білеміз?» тақырыбында болмақ.
– Қазір дүние жүзі бойынша маймыл шешегі тіркеліп, әлем халықтарын алаңдатып отырған жайы бар. Әлем бойынша бүгінгі таңда  ауру бірнеше мемлекетте тіркеліп жатқандығын білеміз. Осы аурудан сақтану мақсатында ауданның әрбір тұрғыны бірінші кезекте маймыл шешегі қандай ауру, оның шығу тарихы, адамға несімен қауіпті, сол жөнінде білгісі келеді деп ойлаймын. Осыған байланысты осы ауру түрі жөнінде толығырақ ақпарат берсеңіз?
Маймыл шешегі-қоздырғышы вирус боп табылатын, зооноздық, яғни жануарларданадамға жұғатын жұқпалы ауру. Сондай-ақ, бұл инфекция адамнан адамға берілуі мүмкін. Алғаш рет маймыл шешегі 1958 жылы зертханалық маймылдар колониясында, ал адамдарда 1970 жылы анықталды. Негізінен маймыл шешегі Орталық және Батыс Африка елдерінде кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бүгінге дейін маймыл шешегі әлемнің 75 елінде анықталған, 16 мыңнан астам  адам жұқтырған және 5 адам қайтыс болған. Адамның маймыл шешегін жұқтыру жағдайы алғаш рет 1970 жылы Африкада, Конго Демократиялық Республикасында тіркелген. Ауру бірнеше рет өршіп, бұл вируспен жүздеген адам ауырды. Бірақ адам өлімі тіркелген жоқ. 2003 жылы маймыл шешегі АҚШ-та алғаш рет тіркелді. АҚШ-қа вирус Африкадан үйде ұстайтын кеміргіштермен бірге келген. Біреуі кішкентай баланы тістеп алған. Сол жылы АҚШ-та бұл дертпен тек бір айда 71 адам ауырған. Маймыл шешегі шыққанда адам өлімі тіркелмеді. Өлім-жітім бертін келе басталды. 2021 жылы шілдеде Бразилияда маймыл шешегінен алғаш рет адам өлімі тіркелді. Ғалымдар Африкадағы маймыл шешегі өршуін кәдімгі шешекке қарсы вакциналауды тоқтатумен байланысты екенін айтады. 1980 жылы 8 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамзат ресми түрде шешек ауруын жеңгенін мәлімдеді. Осыдан кейін оған қарсы вакцинациялау шаралары толығымен тоқтатылды. Ал маймыл шешегі мен кәдімгі шешек ауруы бір-біріне қатты ұқсайды. Мамандар симптомдары ұқсас болғанымен маймыл шешегі жеңілдеу екенін, алайда ол өлімге әкелуі мүмкін екенін де айтады.
– Маймыл шешегінің таралу көздері мен жолдары туралы қандай?
–Инфекцияның таралу көзі – ауру маймылдар мен ауру жұқтырған адамдар. Маймылшешегі, көбінесе, жабайы жануарлардан жұғады. Мәселен, тістеп қойса, я болмаса, жануардыңбиологиялық материалы ашық жарақатқа түссе, вирус ағзаға тез таралады. Сонымен қатар вирус дұрыс өңделмеген ет арқылы жұғуы мүмкін. Ал адамдар арасында ауа арқылы тарайды.
Берілу жолдарына нақтырақ тоқталатын болсақ,
1.Қарым-қатынас  арқылы: әсіресе науқастың бөртпелері мен биологиялық сұйықтықтары (тері мен ауыз қуысының сілемейлі қабатының зақымдануынан ірің және қан), жара қабыршағы, сілекей жұқпалы болып саналады.
2.Тұрмыстық жағдайда: ауру жұқтырған адамның төсек-орны, сүлгілері немесе жеке заттары (асүй құралдары мен ыдыс-аяғы) арқылы.
3.Жыныстық жолмен.
4.Жүктілік кезінде вирус іштегі нәрестеге плацента арқылы берілуі мүмкін
5.Босану кезінде немесе босанғаннан кейін «теріге тері» тию арқылы балаға берілуі мүмкін.
Ауру қалай басталады, адам осы аурумен науқастанғанын қалай біле алады?
–Науқаста ауру тұмауда болатын клиникалық белгілермен басталады, яғни аурудың алғашқы белгілері 5-21 күнде көріне бастайды. Вирус жұқтырып алған адамды дене қызуы, бас ауруы, бұлшық ет пен арқаның ауырсынуы, дененің қалтырауы мен лимфалық түйіндердің үлкеюі сияқты негізгі белгілер мазалайды. 1-3 күннен кейін денеге бөртпе шығады. Бұл – аурудың қызба кезеңі. Бөртпе алдымен бетке, одан соң бүкіл денеге таралады. Бөртпенің іші суға толып, артынан іріңдейді. Сосын қабыршақтанып түседі. Оның орны тыртық болып немесе пигмент дақ боп қалуы мүмкін. Науқас 2-4 апта ішінде жазылады. Маймыл шешегімен дер кезінде емделмесе  тері инфекциялары, пневмония,ақыл-есін жоғалту, көз инфекциялары, көру қабілетінің жоғалуы тәрізді асқыну жағдайларына  және өлім-жітім әкеп соғуы мүмкін. Кез келген адамда маймыл шешегіне ұқсас белгілер байқалған кезде асқыну жағдайларының алдын алу үшін дереу медициналық көмекке жүгіну керек.
Бүкіл әлем бойынша маймыл шешегінің тіркелуі  өсіп, бірқатар елдерде, әсіресе Африка елінде тез таралуда екен деген мағлұматты ақпараттардан білеміз. Біздің елімізде тіркелген жоқ. Дегенмен осы аурудан қалай қорғануға болады? Сол жөнінде баяндап өтсеңіз?
–Қазіргі кезде маймыл шешегінен әлем бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасуда. Жоғарыда айтып кеткендей, ауру бірнеше  мемлекетті қамтып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  басшысының  15 тамыздағы мәлімдемесінде Конгоның шығыс бөлігінде маймыл шешегінің жаңа түрінің тез таралуда екендігі, енді оның көрші елдерде немесе Африканың басқа да мекендерінде тарап кету мүмкіндігі алаңдатып тұрған мәселе екендігі  атап көрсетілген. Соған байланысты жаз мезгілінде маймыл шешек ауруының жылдам таралуына байланысты әлемдік төтенше жағдай жарияланған. Инфекция ошағы саналатын Африка елдерінде 2023 жылы маймыл шешегінің тіркелу жағдайы едәуір өскен. Ал биылғы көрсеткіш былтырғыдан да асып түсіп, қазіргі кезде 14 мыңнан астам жағдай тіркелген.
 Қазақстанда маймыл шешегі тіркелген жоқ. Дегенмен  еліміздегі денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті  қалай вирустың алдын алуға болатынын айтып, қазақстандықтарға қорғаныс амалдары бойынша үндеу жариялады.
Індеттің алдын алу үшін:
1.Ауырған адамдарға және инфекция жұқтырған жануарларға (вирустық тасымалдаушы болуы мүмкін: маймыл, егеуқұйрық, тиін және басқа да жабайы жануарлар) жақындамау қажет.
2.Қорғаныш құралдарын пайдалану да маңызды. Жануарлармен жұмыс істегенде, әсіресе зертханалық жағдайда немесе оларға күтім жасау кезінде қорғаныш киімдерін, қолғаптар мен маскаларды қолдану керек. Қолды сабынмен мұқият жуу мен дезинфекциялық құралдарды қолдану сияқты гигиеналық талапты қатаң сақтау да инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі.
3.Бөртпе, дене қызуының жоғарлауы, бас ауруы және шаршау сияқты белгілер болса дер кезінде дәрігерге көріну  керек.
4.Маймыл шешегі көп таралған елдерге барудан бас тартыңыз!
5.Маймыл шешегімен ауыруы расталған немесе күдігі бар адамдармен қарым-қатынасыңызды шектеңіз.
6. Егер науқас адаммен бірге тұрсаңыз, ауру жұқтырған адаммен физикалық контакт жасамау мүмкін болмаса, науқас өзін-өзі оқшаулау қағидаларын сақтауы керек және мүмкіндігінше терінің зақымданған жерлерін (мысалы, бөртпесі болса – жабық киім кию) жабық ұстағаны жөн.
Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан:  К.Зденова
23 қазан 2024 ж. 109 0