Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкжөтел ауруының эпидемиологиялық жағдайы және алдын алу шаралары

Көкжөтел ауруының эпидемиологиялық жағдайы және алдын алу шаралары

Қазіргі таңда республика бойынша көкжөтел ауруынан эпидемиологиялық ахуал  әлі де болса «қолайсыз» деп бағалануда. Республика көлемінде  2023 жылдың 9 айында  көкжөтел  ауруының  нақтыланған түрімен 246 жағдайы тіркеліп, оның 240 жағдайы 14 жасқа дейінгі балаларды құраса , 2024 жылдың  10 айында  2660 жағдай тіркеліп, оның 2608-і , яғни 98 %  14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алды. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда республика көлемінде ауру 10,8 есеге өсіп отыр.  Қызылорда облысы бойынша тұрғындар арасында  2023 жылдың 10 айында алғашқы диагнозбен көкжөтел ауруының  1 жағдайы  тіркелсе, 2024 жылдың осы мерзімінде нақтыланған диагнозымен 217 жағдай тіркеліп, оның барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар арасында  орын алды.   Арал ауданы тұрғындары арасында 2023 жылы көкжөтелдің алғашқы диагнозымен 1 жағдай  тіркелсе, 2024 жылдың  қаңтар-қазан айы аралығында көкжөтел ауруының алғашқы диагнозымен  11  жағдай тіркеліп, оның 10 лабораториялық жолмен нақтыланды.  Науқастанушылардың  ішінде  1 жасқа дейінгі бала саны-10 болса, 1-і 1 жастағы  бала, балалардың барлығы да   көкжөтел ауруына     қарсы екпе алмағандар, оның ішінде ауру себепті  дәрігер көрсетілімі- мен егілмегендер 7 болса, 4-і  екпеге жастары толмаған.  Көкжөтел- ауа арқылы жедел таралатын , жоғары тыныс жолдарының шырышты қабығын зақымдайтын, көбінесе, 8 жасқа дейінгі балалар арасында болатын жұқпалы  ауру. Ауру қоздырғышы-бактерия науқас адам  сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде ауа арқылы тарап сау адамға  жұғады. Өте сирек жағдайда сырқат адамның тұтынған заттары (ойыншығы, ыдысы) арқылы жұғуы да мүмкін. Көкжөтелмен бір рет ауырған адам қайталап ауырмайды, өйткені аурудан кейін адам ағзасында тұрақты иммунитет қалыптасады. Аурудың жасырын кезеңі 2-15 (көбінесе 5-7) күнге дейін созылады. Көкжөтел, әдетте , 6-7 аптаға созылады.
Көкжөтел ауруы науқаста бастапқы кезде салқын тию белгілерімен басталады, яғни дене қызуы  38 0С -қа дейін көтеріліп, мұрыннан су ағу,түшкіру, бас ауру, құрғақ жөтел секілді белгілері болады.  Одан әрі  ауру белгілері дамып,  құрғақ жөтел күшейіп ұстамалы жөтелге айналады. Бұл жөтел әсіресе науқастарды түнде және таңертеңгілік уақытта қатты мазалайды. Жөтелген кезде  ауаның жетіспеушілігі сезіледі. Жөтел ұстамалары кезінде бірнеше жылдам тыныс шығару қимылдарынан басталып ысқырықты тыныс тартуға ұласады. Ұстаманың соңы  шырышты қақырық бөлумен немесе құсумен аяқталады.  Ұстамалар күніге жеңіл жағдайда 5-8 реттен, ауыр жағдайда 40-50 ретке дейін қайталануы мүмкін.  Бұндай белгілер, көп жағдайда осы ауруға қарсы екпе алмаған балалар мен жасөспірімдер ауырған кезде байқалады .
Көкжөтел ауруымен ауырған кезде дер кезінде дәрігерге көрініп, уақытылы, сапалы ем алмаса  науқаста мидың зақымдануы, пневмония, иммундық жүйенің әлсіреуі тәрізді  асқыну жағдайларына ұласады.
Аурудың алдын алу шаралары: 
Көкжөтел ауруының  негізгі алдын алу шарасы осы ауруға қарсы екпе болып табылады.  Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес  әрбір дені сау бала өзінің жасына сәйкес, яғни бала өмірінің 2,3,4 айларында  көкжөтелге қарсы алғашқы егумен қамтылу керек, одан кейін 18 айында және мектепке алғаш барғанда 6 жасында көкжөтелге қарсы қайталап егу жүргізілуі тиіс. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екенін  айта кеткен жөн.

А.Балшамбаева
Арал аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
 басқармасының басшысының м.а
22 қараша 2024 ж. 89 0