Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкжөтел ауруы несімен қауіпті және алдын алу шаралары

Көкжөтел ауруы несімен қауіпті және алдын алу шаралары

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Сатекеева Ақзия Қасымқызымен «Көкжөтел ауруының эпидемиологиялық жағдайы және алдын алдын алу шаралары» тақырыбында болмақ.

Сұрақ: Көкжөтел ауруынан қалыптасып отырған эпидемиологиялық ахуалға қысқаша тоқталып өтсеңіз?
Жауап: Қазіргі таңда республика бойынша көкжөтел ауруынан эпидемиологиялық ахуал қолайсыз боп бағалануда. Республикада өткен жылдың алғашқы 4 айымен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші біршама өскен. Атап айтар болсақ, республикамызда 2023 жылдың алғашқы 4 айында көкжөтел ауруының нақтыланған түрімен 11 жағдайы тіркеліп, барлығы да 14 жасқа дейінгі балаларды құраса , 2024 жылдың осы мерзімінде 897 жағдай тіркеліп, 876-ысы 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алған, аурушаңдық көрсеткіші 80,64 есеге, балалар арасында 79,98 есеге өскен. Қызылорда облысы бойынша тұрғындар арасында 2023 жылдың 4 айында нақтыланған диагнозбен көкжөтел ауруы тіркелмесе, 2024 жылдың осы мерзімінде көкжөтел ауруының нақтыланған түрімен 15 жағдай тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 15 есеге өскен. Ауырғандардың барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар. Арал ауданы тұрғындары арасында 2023 жылы аурудың көкжөтелдің алғашқы диагнозымен 1 жағдай тіркелсе, 2024 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында көкжөтел ауруының алғашқы диагнозымен 3 жағдай тіркелді, науқастанушылардың барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар. Науқастар диагнозын нақтылау мақсатында алынған сынамалардан лабораториялық зерттеу қорытындысында ауру қоздырғышы табылған жоқ.
Сұрақ: Жоғарыда берілген мәліметтерге сүйенер болсақ, республика бойынша көкжөтел ауруының тіркелу деңгейінің өсуі көңіл алаңдатарлық жағдай. Бұл аурумен балалармен қоса ересектер де ауыруда. Осыған байланысты аудан тұрғындарына көкжөтел ауруы туралы түсіндіріп өтсеңіз?
Жауап: Көкжөтел – ауа арқылы жұғатын, жоғары тыныс жолдарының шырышты қабығын зақымдайтын өте жұқпалы жедел инфекция. Аурудың өте жұқпалылығы сонда, науқаспен тығыз байланыста болған адамдардың 80 пайызы осы ауруды жұқтыруы мүмкін. Инфекция көзі-көкжөтелмен ауыратын адам. Ауру қоздырғышы - бактерия науқас адам сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде ауа арқылы тарап сау адамға жұғады. Аурудың жасырын, жеңіл түрі кезінде науқастар жан-жағындағы адамдарға ауруды жұқтырғыш келеді.
Көкжөтел ауруының клиникалық белгілері бірнеше күннен екі аптаға дейін созылуы мүмкін. Алғашқы кезде науқаста дене қызуы 38 0С -қа дейін көтеріліп, мұрыннан су ағу,түшкіру, бас ауру, құрғақ жөтел болады. Одан әрі ауру белгілері дамып, құрғақ жөтел күшейіп, ұстамалы жөтелге айналады. Бұл жөтел әсіресе науқастарды түнде және таңертеңгілік уақытта қатты мазалайды. Жөтелген кезде ауаның жетіспеушілігі сезіледі. Жөтел ұстамалары кезінде бірнеше жылдам тыныс шығару қимылдарынан басталып ысқырықты тыныс тартуға ұласады. Ұстаманың соңы шырышты қақырық бөлумен немесе құсумен аяқталады. Бұндай ұстамалар күніге жеңіл жағдайда 5-8 реттен,ауыр жағдайда 40-50 ретке дейін қайталануы мүмкін. 2-3 аптадан кейін ұстамалы жөтел азайып, соңынан мүлдем жойылады. Бұндай белгілер, көп жағдайда осы ауруға қарсы екпе алмаған балалар мен жасөспірімдер ауырған кезде байқалады.
Сұрақ : Көкжөтел несімен қауіпті, сол туралы айтып өтсеңіз ?
Жауап: Көкжөтел ауруымен ауырған кезде дер кезінде дәрігерге көрініп, уақытылы, сапалы ем алмаса науқаста мидың зақымдануы, пневмония, иммундық жүйенің әлсіреуі, құлақтың қабынуы тәрізді асқыну жағдайларына ұласуы мүмкін. Сондықтан әрбір ата-ана баласы ауырған кезде алдын алып, ауру белгісі байқалғаннан тез арада дәрігерге көрініп,уақытылы ем алғандары жөн.
Сұрақ: Сұхбат төңірегінде көкжөтел ауруының алдын алу шаралары туралы баяндасаңыз?
Жауап: Көкжөтелге қарсы негізгі алдын алу шарасы вакцинациялау болып табылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес әрбір дені сау бала өзінің жасына сәйкес, яғни бала өмірінің 2,3,4 айларында көкжөтелге қарсы алғашқы егумен қамтылу керек, одан кейін 18 айында және мектепке алғаш барғанда 6 жасында көкжөтелге қарсы қайталап егу жүргізілуі тиіс. Екпе салдырған балалар арасында көкжөтелмен сырқаттану көрсеткіші өте төмен екенін айтып өткім келеді.

Сұхбатыңызға рахмет
Сұхбаттасқан "Толқын" газетінің тілшісі О. ЖОЛДАСОВ

Сурет: kazmedic.org
22 мамыр 2024 ж. 352 0